Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Иса пайғамбар әлі оралған жоқ. Ораламын деп кетіп еді... Әрусәлім қаласының жанындағы Голгоф тауының басында оны жаулары кірешке шегелеп өлтіріп, өлігін тас табытқа салып, тас қақпақпен бастырып тастап еді... Сол түні таңға жақын Иса пайғамбар тас қақпаны ысырып шығып, аспанға ұшып кетті. Адам тұрмақ піл көтере алмас қақпаны қалай ысырды, міне, екі мың жылға жақындады, әлі ешкім білмейді. Бұл да ұлы жұмбақ. Аңыз дейін десең, бұл «аңызға» адамзаттың үштен бірі сенеді. Ал Иса пайғамбардың бұл Жалған дүниеде жасағаны рас. Мухаммед пайғамбар оны ұстаз тұтқаны рас. Бірі -христиан дінінің әкесі, бірі - мұсылман дінінің әкесі. Екі діннің қаны қосылмайтындай.
Ал өсиеті бір. Ең ізгі өсиеттер. Жақыныңды өлтірме. Жамандықтан аулақ бол, жақсылыққа жақын бол. Ұрлық қылма, қиянат қылма. Таза жүр, таза тұр. Қаріп-қасерді, жетім-жесірді ая...
Адамға - адам бол дегеннен басқа, бөтен пиғылы жоқ. Адамға жақсылықтан басқа тілері жоқ. Пиғылы пасық, ниеті қарау, ісі бұзық жандарды түзу жолға салмақ болған. Құдай жолына салмақ болған. Сөйткен Иса пайғамбарды әзәзіл азғырған адамдар көпе-көрнеу өлімге қиып жіберді. Бірақ ол бұзылған дүниені түзеймін, күнәға белшесінен батқан жер бетіне қайта оралып, ұлы Сот құрамын, жердің жүзін ластан арылтып, тазартамын деп еді, әлі жок... Діндарлар әлі күтеді, дінсіздер толып жатыр.
«Шын» дүние дегеніне Қарағанда, онда тек шындық үстем болатын шығар. Мына Жалған дүниеде жала жабылып, зәбір көргендер Шын дүниеде әділдікке жететін шығар. О, сонда Тұрар Рысқұлов талай-талай залымдармен есеп айырысар еді... Сталин Шын дүниеге сенер ме екен? Діни семинарияда оқыған кісі ғой... Бірақ береке таптырмаған. О, сонда, Шын дүниеде Сталинмен кездесер күн туса... Бірақ Сталин әзір өлмейді ғой. Ол ұзақ жасайтын шығар. Мейлі. Көп болса жүз жыл жасар. Қазір қаншада өзі? Өткен ғасырдан -жиырма бір жыл, бұл ғасырдан отыз жеті жыл - 21 +37 = 58.
Рысқұлов есепке жүйрік еді. Енді ежіктеп жатып, Сталиннің жасын әрең шығарды.
Әлі елу сегізде. Көп болса, жүз жасар. Өлгендер асықпайды. Қайда асығады? Сталин өлгендер сапына, әйтеуір бір келеді. Сонда...
Сонда не боларын көз алдына елестете алмай, Рысқұлов сол жамбасына тағы бір аунап түсті. Қарағай иісі елес берді. Демек иіс қабілеті әлі топастанбаған.
Сталин мұны атқызатын түрі бар. Түрі бұзық. Әлдеқалай әлмеғайыптан бір құдірет араша түспесе, Рысқұловты өлтіреді. Оған көзі жетті. Өлгеннен соң Сталинді күтіп жатады. Қанша болса да күтеді... Ay, Шын дүниеге Сталин келгенше, Рысқұлов Ленинмен неге кездеспейді? Иә, десеңші. Ол жарықтық, Шын дүниенің «ескі» тұрғыны емес пе? Ал кездесті делік. Сонда Рысқұловтың Ленинге қоятын кінәсі бар ма?
Рысқұлов енді оң жамбасына аунап түсті. Оны да місе тұтпай, басын көтеріп, төсектен аяғын салбыратып отырды. Ленин туралы жатып ойлау жарамас. Ленинді бір кезде пайғамбар деген Рысқұловтың өзі еді ғой. Ескі Ташкент базарында жұрт одан: Ленин кім деп сұраған. Көсем дейін деп еді, Сталин де көсем, Троцкий де көсем, Бухарин де көсем. Содан Ташкенттің қарапайым халқына түсінікті болсын деп:
– Ленин - пайғамбар! - деп айқай салған осы Рысқұлов. Сөйтіп еді, түсінікті болды да шықты. Кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлар алақайлап қол соқты. Тобырдың арасынан біреу кеңірдегін соза айқайлап:
– Ленин мұсылман ба, кәпір ме? - деп оқ тескендей сұрақ қойды. Ал мықты болсаң, жауап беріп көр! Мұндайда ойланып, ыңыранып, ыңқылдап, мыңқылдап тұрып алсаң -оңбайсың. Даладағы тобыр - залдағы тыңдаушылар емес. Тобырдың заңы қатал. Рысқұлов сонда қатты састы. Бірақ сыр бермеді. Ленин - мұсылман десе өтірік айтады, кәпір десе бәлеге қалады.
– Ленин - кедейлердің, кембағалдардың досы. Ол адамдарды дініне қарай бөлмейді. Оған орыс та, өзбек те, қазақ та бәрібір. Адамдардың бәрін Құдай жаратқан. Сондықтан Ленин үшін ұлттардың бәрі бірдей.