Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ал Рысқұлов ойлайды: ақырғы мақсаты ату болса, жанды қинамай-ақ атып тастай салмай ма? Кім көріп жатыр? Кім араша түсіп жатыр? Ойбай, Рысқұловты тұтқындап, азаптап жатыр екен деп шырылдап, іздеу салған, сұрау салған бір жан бар ма? Бар болса бар шығар, бірақ оны Рысқұлов білмейді. Қаншама жанға жақсылық жасады, біреуі алдынан шығып, араша түспегені ме...
Мен мынаған қол ұшын бердім, мынаны қатерден құтқарып қалдым, мынаған жәрдемдестім деп Рысқұлов өзі айтпайды, осыдан осы жолы өле кетсе, соңынан ешкім де айтпайды. Ал сонда қазақтың: осы жақсылығың алдыңнан қайтсын, Алладан қайтсын деп жататыны қайда? Бәрі бекер болғаны ма? Бір емес, екі емес, миллионды көпе-көрнеу аштықтың аранынан сонау төңкеріс жылдары құтқарды. Отыз бір, отыз екі, отыз үштің қызыл қырғынында Сталиндей айдаһардың аран аузына түсіп кетуге пейіл болып шырылдап, қазақты құтқара гөр деп хат та жазды, ауызба-ауыз да айтты.
Кімдерге қызмет қылмады? Соноу Қиыр терістіктегі Саха бауырлар автономия сұрады. Сталинді көндіріп, автономия алып берді. Қырғыздардың республика болуына барын салып бақты. Кәне, сонда көрген жақсылығы.
Мәскеудегі Кен институтынан бір қазақ шәкіртін оқудан, комсомолдан қуып жатыр екен. Ашаң жүзді, сидаң бойлы, биязы жігіт екен. Барар жері, басар тауы баяғы, Рысқұлов. Осылай да осылай, оқудан шығарды.
– Не үшін?
– Әкең ірі саудагер болған дейді.
– Оны кім айтыпты?
– Сөйтіп Алматыдан арыз түсіпті.
– Тексерді ме?
– Жоқ.
Рысқұлов, Совнаркомның бір бастығы Рысқұлов, телефонның құлағын көтереді. Рысқұловтың бір телефон соққаны бір тағдыр, яки мың тағдыр.
– Алло, - дейді институт директоры.
– Мен Рысқұловпын. Ана жігітке тиіспеңіз. Мен оның әкесін білемін. Әкесі ірі саудагер емес, сол ірі саудагердің қол астында қызметші болып жүрген қатардағы қарапайым адам еді. Баланы оқуға қайтып алыңыз.
– Құп болады, жолдас Рысқұлов.
Әне, Рысқұловтың бір ауыз сөзі адам тағдырын қалай-қалай шешеді. Ә, бәлкім, сол студент оқудан шығып кете берсе не болар еді... Ә, бәлкім, ол енді институт тәмәмдап, кейінірек ел билейтін ірі қайраткер болар. Кім біледі? Сонда сол қайраткер Рысқұловты есіне алар ма екен, әуелі. Кейін - кейін мемуар жазарда Рысқұлов деген азамат өтіп еді. Соның маған осындай бір шарапаты тиіп еді деп бір ауыз жылы сөзін қияр ма екен. А мұның бәрі кісілікке, үлкен парасатқа байланысты.
Ал әзір әзірейілден арашалар ешкім жоқ...
Мұрнына қарағайдың иісі келеді. Қарадан шыққан төре боп, ел басқарып тұрғанда, Мәскеу түбіндегі Яуза деген өзен бойындағы саяжайында монша болушы еді. Кілең қарағайдан соққан сол моншаға кіргенде осындай құдіретті хош - күрең иіс аңқып тұрар еді. Аңқанды ашып, сарайыңды алтын суымен суарғандай болар еді.
Өзін бір мезгіл сол моншада отырғандай сезінді. Біртүрлі рахат хал кешті. Сәл сәттен соң, санасы қалыбына келіп, камерада отырғанына әбден көзі жетті, көңілі су сепкендей басылды. Шайыр иісі өзі жатқан қарағай төсектен шығады екен.
Сонда ол ауық-ауық, санасы адасқақ болып, есі ауысып кете беретінін аңғарды. Жынданып кетудің алды болмаса неғылсын деп қауіптенді. Жігерін жасытпай, қайрауға қайрат қылды. Жігер сынса - рух сынады. Мәңгүрттің бір белгісі сол.
Қарағай иісі қуат бергендей болды.
– Ей, қасиетті қарағай! Қарсы бұтақ бітетін қайсарлығыңнан бер, - деп тіледі. - Өміріңнің ұзақтығынан бер деп айта алмаймын. Мәңгі жасыл жастығыңнан бер деп те айта алмаймын. Ол Құдайдың ісі. Тек қайсарлығыңнан берсең болғаны. Мына иттер мені жасытып, майыстыра алмас болсын. Сынсам да майыспай шорт сынайын. Рысқұлов қарағай төсекке етпетінен түсіп, төсекті алақанымен сипалап, осылай күбірледі.