Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
«РЫСҚҰЛ»
роман
Дәуірдің Қызыл Жебесі
Тұрар Рысқұловқа ескерткіш.
Автор
I
Түрме әкімшілігі айламызды асырдық деп ойлады.
Арыстан мен жолбарысты бір торға қамап қойсаң бірін-бірі талап, ақыры екеуі де талмаусырап, өзінен-өзі жүнжіп құриды. Әсіресе бір камераға қазақпен қатар орысты отырғызу Приходько мырзаның ойынша, арыстан мен жолбарыстың ырылдасуынан да зорырақ жанжалға апарып соқса керек еді...
Губернатор фон Тәубе бірде қаланың игі жақсыларын шақырып қонақасы бергені бар. Сонда губернатордың бір айтқаны Приходьконың есінде мықтап сақталып қалған.
– Мырзалар, дүниедегі ең қысқа әңгімені білесіздер ме? – деп еді фон Таубе, – небары тоғыз-ақ сөзден тұрады.
Ешкім де білмейтін болып шықты. Сонда кітапқұмар губернатор өзінің көп оқып, көп білетінін тағы бір танытып, мәртебесі аса түсетінін сезіп былай деді:
– Екі адам, бір жолбарыс.
Бір адам, бір жолбарыс.
Жолбарыс.
Мырзалар желкесін қасыды. Көбісі түсінбей дал. Губернатор қарқылдап күлді.
– Мырзалар-ау, екі адам бірімен-бірі айқасып, ақыры біреуі өлмей ме? Ал жалғыз қалған адамды жолбарыс жеп қояды ғой.
Зиялы қауым губернатордың білімділігіне таң қалған болып, таңдай қағысып, сыңғыр-сыңғыр хрусталь бокалдар соғысып, жоғары мәртебелі фон Таубенің денсаулығына деп, түрегеп тұрып шампан ішкен.
Приходьконың есебі бойынша, Рысқұл мен Бронников бірін бірі жеп қоюы керек. Сонда жолбарыстың рөлінде өзі қалмақшы.
Бірақ бірнеше күн өтті: екі тұтқынның арасынан жанжал шыға қойған жоқ. Бірде шыдай алмай камераға Приходько мырзаның өзі келді.
– Жағдайың қалай, Бронников?
Бронников бұл сұрақтың сырын түсіне қойды.
– Жағдайдың несін сұрайсыз, Приходько мырза. Мың қандала мен бір қазақтың талауына тастадыңыз мені. Шыдам жетер емес.
Байқайды, Приходько риза. Түрме бастық дегенмен кеңпейіл көрінгісі келіп:
– Қандай тілегіңіз бар? – деп сұрады.
– Тілегім, шырағдан бергізсеңіз екен.
– Бере алмаймыз. Зиянды кітаптар оқуыңыз мүмкін.
– Егер «Библия» зиянды кітап болса, қойдық, – деп Бронников те қарсыласпады. Тек дорбадан жұлым-жұлым кітапты шығарып алып, сыртын сипалап қойды. Приходько шыннан "Библия" ма екен деп кітапқа қолын соза берді.
Түрме бастық кітапты ашып кеп қалып еді, ашылған жері төртінші тараудың басы екен: «Адам-ата мен Хауа-ана жұптасқан соң, Хауа-ана Қабыл атты ұл тапты... Содан кейін Абылды туды"... – деген сөздерге көзі түсті.
– Бұл жөйт дінінің кітабы ғой. Сіз орыс болғандықтан православие шіркеуінің қасиетті кітабы «Евангелиені» оқуыңыз керек емес пе? – деп қалды Приходько Бронниковке ренжігендей.
– Приходько мырза, «Евангелие» дегеніміз «Библияның» жаңарған нұсқасы ғой. Негізі бір.
– Сонда қалай, Бронников, түсінбеймін. Сіз ғой православ шіркеуі батасын берген ақ патшаға қарсысыз. Сөйте тұра діни кітап оқисыз, түсініксіз, жұмбақ.
– А, мен мүмкін, бұл кітапты дұрыстап тағы оқып шықсам, қатемді түсінермін, – деп қалды Бронников.
– Мүмкін, мүмкін, – деді Приходько сенер-сенбесін білмей. – Жарайды, шырағдан бергізейін. Сіз кітаптың мәнін әлгі кішкене балаға да түсіндіріңіз.
Приходько Тұрарды шоқындыруға ниет қылғалы қашан. Сол ойын іске асырудың бір орайы осы сияқты да көрінді.
* * *
Приходько мырза шын діндар кісі еді. Оның табынатын екі құдіреті бар: бірі заң, бірі дін. Өз үйінің төрінде екі сурет ілулі тұрады: бірі – Иисус Христос, бірі Николай II. Жексенбі сайын Кафедральды соборға оны күймемен Тұрар алып барар еді. Мырзасы соборға кіріп, құдайға құлшылық ықылас білдіріп қайта шыққанша, атшы бала далада күтіп тұруы керек қой. Жөні солай ғой. Ал мырзасы айтады:
– Турарка, айда жүр, сен де. Аттарға ешкім тимейді. Ағашқа байлай сал. Жүр, көресің, қызық.