Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Иә, ол тақиясын тақия телпек ойнап жыртып қойған, – қарындасы Түйметай. Ал әкесі Рысқұл баланы басынан сипап қана қойған. Сонда әке жазған сезіктеніп те қалып еді: баланың басы шашына дейін ысып тұр екен. Көнтек алақаны соны сезген. Көпті көрген алақан өз сезігін білдіріп-ақ баққан. Әкенің алақаны-ай десеңші! Сол алақан аялап өсірген балада арман бар ма?
Рысқұл жаманға жорығысы келмеді. Күн тисе – тиген шығар, – деді де қойды. Ал Тұрардың өңі солған гүлдей суала берді. Кешке жақын тысқа дәретке шыққан бала үйге қайтып кіргенде, табалдырықтан аттай бере құлап қалды. Кешкі ас-судың қамында жүрген Ізбайшаның:
– Ойбай! – деген дауысы шығып кетті. Жүгіріп барып, баланың басын сүйеді. Дауыстап сыртта жүрген күйеуін шақырды. Жайшылықта ағасының әрбір ағат қимылын аңдып, бала мінезбен бір мұқатып қалатын Түйметай да қазір оқыс шошынып, тұлымы сексиіп, жыларман боп тұр еді. Жаман дауыстан жүрегі дір еткен әке үйге барысша бір-ақ атылып кірді де, баласының әлпетінен іштей сескеніп қалды. Бірақ сыр бермей, сабыр сақтап, Тұрарды жерден көтеріп апарып, аласа ағаш төсекке жатқызды.
Міне, сол жатқаннан әлі тұрған жоқ. Рысқұл қатарынан үш-төрт түнді ұйқысыз өткізді. Ерні кезеріп, күйіп-жанып бара жатқан баланың аузына су тамызып отырды. Болыс ауылынан Әкрәм молда келіп, үшкірген болды. Бірақ сыңайы ауруды енді адам санатына қоспайтындай. Қоштасарда Рысқұлға:
– Е, батыр, ештеңе етпес. Сүзек екен. Әруақ-құдай қолдаса, ештеңе етпес, ештеңе етпес, – деп жүзі тайқып, үйден асығыс шығып кеткен.
Дүниенің бұраңдаған қисық-қисық жолында маңдайына бармақтай бақ құралмаған Рысқұл үшін бұл жалғанның бар қызығы осы балалары еді: Тұрары мен Түйметайы. Жер ортасына таянғанда көрген жарық сәулелері. Екеуі көзінің екі жанарындай. Бұлардан бұрынғы бейшараларға бұл фәниден ұзақ дәм-тұз бұйырмаған.
Сөйтіп жүргенде көрген Тұрары ғой, Тұрар деген атының өзіне әке байғұс бар үмітін артып еді. Енді соның өзін есейіп, ес біліп қалғанда ажал-құзғын айналдырып, тұзағын талша мойынға аяусыз тастап тұр. Намаз оқымас, ораза тұтпас Рысқұл енді сасып, амалсыз Аллаға сыйынды. Ақ пайғамбардың, сәбилердің пірі Ұмай-ананың есімдерін ішінен әлденеше рет атады. Бәйдібек бабасына, Домалақ атанған Нұрилә анасына сыйынды. Енді осыдан бала оңалып, құдай қуат берсе, Түлкібас-Жуалыдағы туған жерге бір қайырылып, Қаратау қойнында, Бала-Бөген бойында тұрған Бәйдібек бабасы мен Домалақ анасының күмбезіне барып бас иіп, тәжім етуге ант берді. Алдақашан жер томпайтып қалған Жылқыайдар әкесін, Бердіқұл ағасын есіне алды. Солардың басына барып құран оқытқызбасам ба деді. Қу тірліктің тәлкегінде жүріп, оларды еске алып, құран түсіртпегеніне кешірім сұрады, – Тұрар ұрпағың еді ғой, мейіріміңді сал, – деп Жылқыайдар әкесінің, Сәлік бабасының әруағына жалбарынды.