Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұл ескі қалпағын басына киеді. Ескі қалпақты кимей тұрып, ұзақ әңгіме бастамайды. Содан соң темір құрсаулы биік терезеге қарайды. Терезеден түк көрінбейді. Бірақ жарық дүниенің елесі бар терезе Рысқұлдың жазулы тұрған кітабы сияқты. Алғашқы рет түрмеге түсуінің жайы қалай еді?
Рысқұл құрсаулы терезеден медет тілегендей ішінен әлденені күбірлеп барып, күмбірлеп сөз бастайды. Петерборлық Александр Бронников түрмеде жатып-ақ қазақ даласының тау-тасын кезіп кетеді...
II
Ахат ата баланың тамырын бір сәт ұстап, үнсіз қалған. Құныстана жүресінен отырып, басын ірге жаққа бұрып, көзін шарт жұмып алған. Қартайғанда қас та ағарады екен, жалбыраған бурыл қас жұмулы көзін көлегейлеп тұр.
Шағын жер үйдің іші тым-тырыс, ала көлеңке. Тек жалғыз терезенің құрақ көзін бір көк шыбын түрткілеп, шығарға тесік таппай, ызыңдап мазаны алып барады. Жайшылықта еленбес еді, мына сын сәтте көк шыбынның жанталаса ызыңдауы үйдегілерге жайсыз тиді.
Жер кепенің төбесін көтеріп тұрған жалғыз қары – жуан белағаш. Оның да ырсиған жарығы бар. Белағашқа екі бүйірінен бұталмаған шыбықтар салынған. Үйдің ішкі төбесі сыланбаған. Жертөленің ортасына жаққан оттың жалыны мен түтінінен үйдің төбесі әбден жылтырап ысталған. Төбедегі түтін тартар жалғыз қуырдың аузынан сүңгілер салбырайды. Белағашты ұстап тұрған жалғыз тіреуге әр жерінен шеге қағылып, қайыс-жүген, қамшы, орама қыл арқан, бір десте адыраспан ілінген. Рысқұлдың жалаң қабат көне шекпені мен ескі киіз қалпағы да сонда.
Босағада қотыр қабырғаға арқасын сүйеп, жүресінен отырған алпамса кісі мазасыз көк шыбын жаққа атырыла бір қарап қалды. Егер шыбын орнында адам болса мына бір алмас қылыштай жарқ ете қалған қаһарлы көзден зәресі зәр түбіне кетер еді. Бірақ шыбын деген мақұлыққа адамның көзқарасы әсер етпейді: көк шыбын зарлағанын қоймай, жаман әйнекті сабалай берді.
Алпамса тұлға босағадан атып тұрып, басындағы киіз қалпағы мен терезедегі шыбынды салып қалайын деп бір оқталды да, тәуіп атаның көңілін бөлмейін деп қайта сап болды.
Қос тұлымшағын шуда жіппен түйген, кекілі желпілдеген кішкене қыз айран құйған аяққа қолын соза беріп, дүңке инеліктің баулығын сылдыратып алып еді, бағанадан бері бетін қырын беріп, тізесін құшақтап үнсіз отырған әдеміше келіншек әлгіміздің жалаңаш топ-толық балтырынан шымшып алды. Қыз бала не дауыстап жыларын да білмей, не әкесіне арыз ғып айтарын да білмей аузы кемсеңдеген, айранға созған қолы ербиген күйінде тақыр жерде отырды да қалды.
Осы үйдегі жалғыз аласа ағаш төсектің үстінде жатқан ауру бала қарындасы Түйметайдың түрін көріп күліп жібере жаздады. Бірақ күлуге шамасы келмей, қан-сөлсіз, көгерістеу ерні сәл ғана жыбыр етті. Аласа төсектен салбыраған арық қолын қоңқақ мұрын тәуіп шал әлі ұстап отыр. Топ-толық, қарулы бала енді қауқарсыз сүлде-сүйек боп қалған. Қараторы өңі қазір боп-боз. Көзінің айналасына көгеріс көлеңкесі түскен. Бұрын тәмпектеу мұрны енді ерекше сопайып, ебедейсіз көрінеді. Жанарында ұшқын бар екен. Көк көлеңкелі ажал қанша төңіректесе де сол ұшкынды өшіре алмапты. Кәрі тәуіп жұмулы көз бен салбыраған қасының арасынан соны көріп отыр. Кәрі тәуіптің аңғарымпаз көзі баланың шеке тамырының бүлкілінен-ақ бар жағдайды пайымдаған. Ал енді қолын ұстап тамыр басып отырғаны, мына өз аузын аңдыған ата-ананың көңілі үшін, әрі десе емнің түрін айтуға уақыт ұтып, ойланып алмақшы.
Төсек тартып жатқан ауру бала – анау отырған алпамса кеуделі Рысқұлдың жар дегенде жалғыз ұлы Тұрар еді. Жатқанына жарты айдан асты, аузына су тамызып, әке-шеше қасынан бір елі кетпей отырғанына да жарты айдан асты. Әуелі оның науқасын ешкім елеген жоқ. Жүзі сынық, ойынға зауқы жоқ салғырт тартып бір-екі күн жүргенде, үлкендер оны жай тұмау-сұмау шығар деген де қойған.
Өгей шешесі Ізбайша:
– Күн өтіп кеткен шығар, өмірі бала болып, тіл алып, тақиясын киіп жүргенді білмейді, – деді.