Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«ТҰРАР»

Роман

БІРІНШІ БӨЛІМ

«Қайтар едім, жолым жоқ,

Сулар буған жолымды.

Жұлдыздардан көпір салар ем

Бұғаулады жазмыш қолымды».

(Салауат жырынан)

«Оян, Тұрар!

Есіңде ме, Алматының көк қақпалы абақтысында, мен сені құлқын сәріден осылай оятушы едім ғой. Таңғы сәтте ұйқыңнан сілкілеп тұрғызар едім. Соным обал болған екен: аймалап-ақ, басыңнан ақырын ғана сипалап оятуға болатын екен. Бірақ айналаңның бәрі зәрлі тікенектей түрпиіп тұрғанда, отырсаң құйымшағың қылышқа тіреліп, түрегелсең төбеңнен алдаспан төніп тұрғанда, аяныш сезім адасқақ келеді екен. Енді армандаймын: осыдан тағдыр бізді бір көрісуге жазса, ай маңдайыңды мен періштенің қанатымен сипар едім.

Бірақ күндер, айлар, жылдар өткен сайын сол арман асқындай түскенмен, мен сенен алыстап барамын, алыстап барамын...

Сенің қазір қайда екеніңді мен білмеймін, менің қайда екенімді сен білмейсің. Мен саған осы хатты қиялмен жазып отырмын. Қазір сен жүрген жерге қар жауса, соны менің аппақ сәлемім деп білгейсің. Өйткені қардың анасы мен жүрген жақта. Егер сен жүрген жерге терістіктен жел соқса, менің үнім деп білгейсің. Өйткені желдің анасы мен жүрген жақта.

Сен мені, Тұрар, өз қиялыңда Сахалин дейтін түкпірден іздеп жүрген шығарсың. О басында үкім солай болғаны рас. Бірақ, Жетісудың топас соты Ресей патшасының Сахалиннен айырылып қалғанын білмей сандалса керек. Кәдімгі орыс-жапон соғысынан кейін, бітім шарты бойынша Сахалин жапон жағында қалыпты. Үркіт деген қалада қатаржыніктерді бөлгенде менің диаламды оқып, орыстың Бантыш деген ұлығы Жетісудың сотын сыбап алды. «Ақымақ!» – деді. «Сахалиннен айырылып қалғанымды білмейтін неткен надан? Сахалиншілін сорлының», – деп кекетті.

Содан соң ұлық мені арқамнан қағып, жұбатқан болды: «Нешауа, Сахалинге айдамады деп өкпелеме, – деді, – Сахалиннен кем түспейтін жерге барасың. Бодойбо дегенді естуің бар ма?» – деді. «Жоқ», – дедім. «Нешауа, бара көресің. Лена деген өзеннің бойында», – деді. «Оу, мырза, мені Бодойбода боздатып неғыласың? Ақыр Сахалин жолы жабық екен. Кері қайтара салмайсың ба, тәңірі жарылқағыр, жалғыз ұлымды, жалғыз қызымды сағындым», – дедім.

Ұлық қарқылдап күліп. «Сен әлден сағынып қалғансың, ә? – деді. – О басында он жылға кесілгенсің. Семейдің маңайында қашуға әрекет жасағаның үшін, айдауылды өлтірмек болғаның үшін он жыл үстіне тағы он жыл жамап алдың. «Сағыну» деген сөзді де, сезімді де ұмыт, сорлы. Жиырма жыл бойы сағынсаң – сарғайып, Бодойбоның сары алтынындай қатып қаласың. Бодойбода нағашың күтіп тұрған жоқ сені. Алтын күтіп тұр. Алтын қазасың, түсіндің бе? – деді. – Кім біледі, Бодойбоның алтыны айдалған адамдардың сағынышынан жаралған шығар», – деп ұлық бір сәт қиялдап, тебіреніп кеткен сияқты көрінді сонда. Бірақ сәлден соң қатуланып: «Қашушы болма! Қашсаң, қайтып ұстап алып, Бодойбоның алтыны таусылғанша қайтармаймыз, – деді. – Бодойбоның алтыны таусылса, Алданның алтынына саламыз. Байқа!» – деді.

«Қашпа! Қашпа» – деп қайта-қайта пысықтап жатқанының мәні бар, Тұрар. Менің диаламдағы қарғыс таңбасын көріп айтып тұр.

... 1906 жылы шілдеде өзіңмен қоштасып айырылған соң біздің итап Алматыдан шығып, терістік-шығысқа бет алды. Жолда қаңлы, шапырашты, ысты, дулат, жалайырлар ауылын басып өттік. Обалы не, аяқ-қолы кісендеулі тұтқындарды көріп, жағаларын ұстап, ұлардай шулады. Бізді есіркесе, оларды құдай есіркесін. Әлдекімдер мені танып: «Рысқұл! Рысқұл! Саймасайды сұлатқан Рысқұл ғой! Алда батыр-ай, алда пақыр-ай! Итжеккенге әкетіп барады. Аман бол, бауырым!» – десіп жатты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий