Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кейде Қорған, кейде Үсіп, кейде сенің құрдастарың Арман мен Оразбақ келер еді. Олар келгенде, шамның сөніп қалғанына ренжімей, қайтадан шырпы тұтатар едік. Оттық қайтадан жанғаны қандай жақсы.
Ал бұл жалы сол от соңғы рет сөнгендей еді.
Айдауылдар бастығы пәкене Петяға:
– Aт! – деп ақырды.
От алмайтын мылтық шоқпар орнына, немесе найза орнына ғана жүреді. Бізді бастаған сары дәу орыс Федор патронсыз мылтықты кезене алға ұмтылған. Біз де далбасалап, жанталасып, тұсаулы аттай қосаяқтап секіріп, алға ұмтылдық. Мылтықтардың бәрі патронсыз болып шықты. Арамдар оқ-дәрісін алып тастаған екен.
Пәкене Петяның мылтығы гүрс етті. Федор шалқалап барып, арқасынан біреу итеріп жібергендей, алға қарап тізесі бүгілмей, кескен теректей етбетінен гүрс етіп құлады.
– Енді тоқтат! – деді айдауылдар бастығы.
Біздің қашпақ болған әрекетіміз осылайша қайғылы аяқталды. Он тұтқынның бірі құрбан болды. Қалған тоғызымызды қосақтап, қолымызға да кісен салды.
Қашуға әрекет жасағаным үшін, қаруға жармасқаным үшін, маған тағы он жыл жамады, атасына нәлет!
Жиырма жылдан кейін мен тірі болсам, алпыс алтыға келеді екем. Сен ғой отыздан асып қаласың. Ахат атаң енді жиырма жыл жүре қоймас. Екеуміз әлі де көрісетін күн туар алдан. Жиырма жылдың қанша күн болатынын есептеп көрейін деп едім, есебіне жетпедім, атасына нәлет!
Үркіттің түрмесінде жатып, бір рет түсімде Қызыл Жебені көрдім, Тұрар. Биік жардың басында жер тарпып, құйрық-жалы жалындап желбіреп, кісінеп тұр екен, жануар. Жетейін десем, қиядан аяғым тайып төмен сырғанап кете берем, кете берем. Әттең, Қызыл Жебенің арқасына аяғым бір іліксе, шексіз тайғаның, асу бермес таулардың, өткел бермес сулардың үстінен пайғамбар пырағына мінгендей, ұшып өтер едім-ау, деп жанталасамын. Бір кезде Қызыл Жебенің орнында, жар басында сен тұрасың, Тұрар. «Көке, көке!» – деп айқайлайсың. «Тұрар!» –деп шыңғырған өз дауысымнан өзім оянып кеттім...
Менің бұл хатын саған жетпесін білем, Тұрар. Сондықтан сенен: Ахат қайда? Ізбайшамен Түйметай қайда? Молдабек қайда? Өзің қайда жүрсің? Хал-жайларың қалай? – деп сұрамаймын. Бізге каторжниктер түрмесінен туған елге хат жазуға рұқсат жоқ. Менің бұл қиял-хатын, ақ қар мен азнауық боранға ғана айтқан арызым саған аян болып жетер. Мұнда қазір туу десе жерге түкірік түспейтін қиямет қыс. Тірі пенде дозақтың бәріне де көнеді. Мен, әрине, бұрынғы Рысқұл емеспін. Сақал-шаш ағарды, бірақ сағым сынбайды, атасына нәлет. Мұндайда жүдесең-ақ жүнжіп кетесің де, ажалыңнан бұрын өлесің. Мен сенімен о дүниеде емес, оспадарсыз осы дүниеде көріскім келеді. О дүние қашпайды. Оған әйтеуір бір барамыз да. Бірақ ана дүниеде адамдар бірін бірі танымай қалуы да мүмкін ғой. Ал, бірақ менің рухым сені мәңгі-бақи шырылдап іздеріне сенімім кәміл.
Мен сені көзімнің тірісінде іздеп тапқым келеді. Амандық болса, бұл каторгадан әлі талай қашармын. Талай рет ұстап та алады, оны да білемін. Түбі әйтеуір бір кетемін, атасына нәлет. Менің жанымда бір башқұрт, басбөрі1 бар. Сол өз елінің ертедегі бір батыры Салауат дегеннің хикаясын айтады. Салауат патшаға қарсы шыққаны үшін ұсталып, оны теңіздің ортасындағы бір аралға апарып бұғаулап тастаған екен. Сол Салауаттың өлеңі деп мына бір сөзді Ділмұхаммед деген досым ұдайы айтып жүреді:
Қайтар едім, жалын жоқ,
Сулар буған жолымды.
Жұлдыздардан көпір салар ем,
Бұғаулады жазмыш қалымды.
Жұлдыздардан көпір салып өтуге мен де дайын. Саған деген сағынышты қос қанат етіп, Қызыл Жебенің рухын ерттеп мініп, күндердің күнінде мен ғарыпқа көтеріліп, жұлдыздан жұлдызға қарғып түсіп, елге де жетермін, Тұрар.
Саған деген сағынышын кеудесіне сиғыза алмай, аспанға жұлдыз етіп шашыратып жіберуші әкең Рысқұл».
I