Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сөйтіп, Тұрар «Киргизбаев» болып тізімге ілігіп кете барды. Көмейде айтылмаған сөз – мылтықта атылмаған оқтай жүректі сыздатты.
Күзге дейін әлі арада жаз бар. Қазір мамырлаған мамырдың айы. Бала Қырғызбайдың қозы-лағын, қасқа бұзауын бағады. Кісендеулі торы биенің қарауылы да сол. Дамыл-дамыл Салиха шелегін білегіне қыстырып, бие саууға келеді. Сонда Тұрар апасына жәрдемдесіп, мінезді биенің құлағының түбін қасылап, ноқтасынан ұстап тұрады. Салиха шелегін көтеріп, үйіне қайтады, бұл өзен бойында жападан-жалғыз қалып қояды.
Сол кезде оның көзіне көзі түскен адам ә дегенде қаймығып қалуы да мүмкін. Жасы оннан жаңа асса да, жанарына қарап, жасамыс кісі екен деп ойлауы сөзсіз. Көзқарасында балаға тән алып қашпа, ала құйын мінез атымен жоқ. Тұңғиық қой көздер тұнып тұрған ой иірімі сияқты.
Уайым-қайғы үлкендердің үлесі. Уайым-қайғы нәрестенің балғын жүрегін шалмасын. Шалды болды, ол нәресте нәрінен айырылып, ересектің есесін арқалап, ерте бастан азап шегеді. Жалғандағы жалғыз жанашыры – туған әкесінен тірідей айырылу азабы Тұрар баланы тым ерте есейтіп жібергенге ұқсайды.
Ағайын деген аты бар, әйтпесе кісі есігінде күнелтеді. Жақын болғанмен, жатырқаулы үйдің босағасында жүрсе де, қас-қабағы бүгежек, ынжық мінез танытпас. Қайта тәкаппар. Сөзге сараң. Кейде от шашып, кейде мұң бүркенген зерделі көз бұл баланың балалық шағы болмағанының куәсіндей.
Қасқа бұзауды құйрығынан ұстап бақпасаң, ешкі бас енесі өрістен ерте қайтып емізіп қоятынын бала жақсы біледі. Біле тұра бұл жолы қалай айырылып қалғанына өзі де қайран.
Мықан бойы шүйгін шөп. Атқұлақ пен гүлқайырдың арасына адам кірсе көрінбес. Сиырқұйрық сары гүлден шәлі жамылып үлбіреп тұр. Шеңгел екеш шеңгелге дейін күлгін-қызыл шешек атқан. Табиғат, шіркін, тамылжып, тікенегіне дейін ажарланып алыпты.
Бидайық балақтап, бас тартып, пісіп тұр. Енді шалғы тимесе бойжеткен қыздың отырып қалғанындай-ақ. Жабайы жоңышқа мен шырмауыққа шытыр араласып, киіздей тұтылып қалған. Шәйқурайдың басына қонып алған сары торғай аспанға қарап сарнап отыр. Тәңіріге жер бетінен ақпар беріп, шаттығын айтып тауыса алмай аптығып жатқан сияқты. Жер бетіндегі жақсылықты асырып, жамандықты жасырып, Тәңіріні алдап отырған тәрізді.
Күн батарда өзен үстін қарлығаш қаптап, бірін-бірі қуалап ойнап жүр. Жаңа туған торы биенің сұрша құлыны құйрығын шаншып еліре шапқылап жүріп, сүрініп кетіп түрегелгенде, енесі оқыранып, тентегіне тостағандай көздерін төңкере бір қарап қояды.
Жаманшылық атаулының бәрі жыраққа кеткендей: қарын ашпас, көңіл кетілмес, ақ жарылқап күн туғандай. Енді бала мына жағадан жуа теріп жесе де күнкөрісі бар. Бірақ қарын аштығына ол әбден көнбіс, құрсақтың шалалығы уайым емес.
Сықылықтап, ішетін тарта күлген қарлығаш, аз күн дәуренге әуейі мас шегірткелердің шырылы, кешке жақын жорыққа ереуілдете шыққан зауза қоңыздың ызыңы, қозы-лақ қайырған балалардың айқай-ұйқайы, барақ төбеттердің әупілі, құлыншақтың күміс қоңыраудай кісінесі – бәрі-бәрі жарылқаушы жаратылыстың жақсы әуені. Мұндай дүниеде адамдардың көкірегі қайғыдан, көзі мұңнан таза болса жарасар еді. Бірақ жұрт жақсылықтың қадірін ұмытып кетпесін дегендей жамандық өкшелеп қалмайды. Періште жүрген жерді шайтан ториды.
Қабағы ашық қайырымды күн Мерке базарындағы Төрткүл орданың тасасына ғана қонақтай салғандай көрінді. Әйтпесе күн батқанда Мерке Алатаудың басы неге сонша алаулайды? Баланы таң қалдырған о да емес, сүңгі шоқы басына шүйіле түскен бір будақ бұлт болды. Әуелі ол бір-ақ шөкім еді. Содан түтілген мақтадай қопсып шудаланып шыға келді де, Аспара шыңының ұшына желбіреп ілінді де қалды.
Будақ-будақ үлпілдек ақ мақтаны көзге көрінбес әлдекім созғылап суретке айналдырғандай. Әуелі будақтан салбырап-салбырап төрт аяқ пайда болды. Содан кейін созылып аттың басы шықты. Үстінде отырған адам кегжиіңкіреп тәкаппар қалыпта қалды. Аттың жалқұйрығы желбіреп, аяқтарын көсіп тастап, додадан үзіле шыққан тұлпар тұлғасына ұқсады.