Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мама биенің оқырануы жиілеген. Қараңғыда құлынының ұзағанын ұнатпас. Ау, айтпақшы қасқа бұзау қайда?

Баланың жүрегі зырқ ете қалды. Қасқа бұзау ешкі бас енесін еміп қойды ғой! Осылай ойлауы-ақ мұң екен:

– Әй, жүгермек! Қайда жүрсің, қаңғырып. Тандайың аққа жарымағыр қу жетім, бір үйлі жанды тағы ақтан қақтың ғой, – Салиха апасы барқыраған жуан дауыспен зарлап қоя берді.

Бала тістенді. Әлгіде өз әкесін көрген Аспара шыңына қарады. Қарауытып кетіпті. Салт аттыдан еш белгі жоқ. Бірақ шыңның үстінен, қара мақпал аспаннан ерекше жарқырап бір жұлдыз көрінді.

– Көке! – деп айқайлап жіберді бала. – Көке! Мен енді мектепке барамын. Сен өкпелеме! Сен өкпелеме! Мен енді Қырғызбаев болып жазылдым. Бірақ мен – Тұрар Рысқұловпын.

– Сорлы-ау, біреу-міреу естіп қояды, жап аузыңды! – деді мұны іздеп жүрген Қырғызбайдың бәйбішесі дауысы тарғылданып.

– Мейлі, естісе – ести берсін!

Кешкі ауа оның шырқыраған дауысын алысқа-алысқа алып бара жатты. Тіпті алыстың алысында айдауда жүрген әкесі Рысқұлдың құлағына да шалынған шығар бұл дауыс.

– Көзіңнен сорың аққыр сорлы, байғыз құсап сұңқылдап бәле шақырмай қарыстыр жағыңды! – деп тарғыл үнді тарпан әйел қатуланып жетіп келді. Мелшиіп, Аспараға міз бақпай қарап тұрған баланың көзіне үрейлене үңілді.

– Көзіңнен тотияйын тамшылап тұр ма, құдай-ау!

Баланың көзінен жалғыз тамшы жасыл жас шығып, кірпігіне ілініп қатып қалған сияқты еді.

Салиха сонда не шыңнан жасыл жас екенін, не әлденеге шағылысып түсі бөтен тартқанын түсіне алмай, «тоба, тоба!» – дей берді.

Баланың көкірегінен шыққан кек пен сағыныштың запыраны екенін Салиха да түсінгендей, мелшиіп тұрған Тұрардың маңдайын көтеріп, құшақтай алып, бауырына қысты.

– Жетімегім менің! Жетілерсің әлі-ақ. Көкесін шақырады. Сағынады ғой, қайтейін енді! Мен қақ басты кеше гөр, Тұрар. Бұзау ембек тұрмақ, қасқыр жеп қойса да, саған енді ұрыспаймын. Қу мінезім ғой әшейін... Бірақ көкеңнің атын айтып айқайлай берме, қарағым. Заман жаман...

Тұрар Салиханың бауырына басын тығып, көзін сүртті. Тағы да тау жаққа қарады. Аспара түксиіп тұр екен.

II

– Әділбаев!

– Мен, – деп елгезек сары бала орнынан ұшып тұрды. Алтын жиекті көзілдірік киген егде орыс мұғалім әлгі балаға бурыл басын қисайта біраз қарап тұрды. Не ойлады? Белгісіз. «Сен қандай адам болар екенсің? Оқып мандытасың ба? Жоқ әлде сауатсыздықтың сан ғасырлық салты тартып, қараңғы қалпында қаласың ба?» – деп тұрғандай сыңайы. Мұғалім өзіне сынай қарап қалғанын байқаған жұқалтаң сары құлағының ұшына дейін лапылдап, тұла бойын өрт шарпып бара жатқандай, маңдайы жіпсіп жүре берді. Мұрнын бір тартып, саусағымен партаны шұқылайды.

– Отыр, – деді мұғалім орысшалап. Бала түсіне қоймап еді, орыс мұғалімнің жанындағы қара мұртты қазақ қайталап:

– Отыр, – деді.

– Айбаров!

– Мен! – Бадырақ көз, торсықтай қара бала орнынан еріне қозғалып, сүйретіле тұрды.

Орыс мұғалім оған да көп тесілді. Бірақ тайқы маңдай аса сасқан жоқ. Көлшік жағасында отырған бақадай тосырайып, кірпік қақпай қалды.

– Жамансартов!..

– Жылысбаев!

– Исабеков!..

– Қожабергенов!..

– Нұршанов!..

– Сармолдаев!..

– Тоқбаев!...

...Мектептің терезесі тау жаққа қараған. Терезе алдындағы сүңгі теректер мүлгіп қалған. Мұғалімнің шақыруын олар да күтіп тұрғандай, алтын сары жапырақтары болар-болмас діріл қағады. Әуеде күмістей жалтылдап мизам ұшып жүр. Кейбіреуі шұбатылып барып теректің бұтағына ілініп қалады. Соноу алыстағы Талғардың бауырында да сары-ала күзде осындай ақ жібек ұшатын. Тұрар әкесінен:

– Көке! Анау ұшып бара жатқан не? – деп сұрар еді.

– Ол аруақтардың рухы, – дер еді әкесі.

– А-а, – дейтін бала «аруаққа» да, «рухқа» да аса түсінбей.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий