Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Иван Владимирович! – деп Тұрар орнынан қолын көтере түрегелді.
– Иә, Қырғызбаев. Не айтпақсың?
– Иван Владимирович, айтыңызшы. Сахалинге дейін неше шақырым?
Мұғалім тосылып қалды. Сәлден соң:
– Шамамен, бес-алты мың шығар. Айтпақшы, өлшеп көруге болады. Әлгі линейка қайда?
Өз үстелінің тұсында ілулі тұрған отыз сантиметрлік линейканы алып тұрып, картаның астындағы жазуға қарады.
– Кәне, өлшеп көрейік. Мерке мұнда делік. Так. Алпыс бес сантиметріміз болады жеті мың бес жүз шақырым. Оһо, көрдің бе біздің империямыз қандай байтақ.
– Иван Владимирович, – деді Тұрар тағы да қолын көтеріп. – Жаяу адам Сахалинге қанша күнде жетер еді?
Мұғалім Тұрарға тағы да үнсіз қарап, біраз ойланып тұрды. Содан соң:
– Несі бар, есептеп көрейік, – деді. – Шамамен, кісі күніне елу шақырым ала алар. Елу де елу – жүз. Бұл екі күн. Так, так... Шамамен, жүз елу – жүз алпыс күн керек, бауырым. Ал арада ит мұрны өтпес тайға жатқанын, өткел бермес өзендер, теңіз барын есептесек, бұдан да көбірек күндер керек шығар. Немене, Қырғызбаев, саяхат жасайын деп пе едің?
– Жоқ, әшейін, – деді бала біртүрлі мұңайып. Әлдеқандай үміті ақталмағандай, әлдекім алдап кеткендей, нәресте жүзін мұң шалып өткендей болды.
– Менің әкем жақында соқыр приставқа айтып, бір ұрыны ұстатқызды. Әкемнің қойларын Қоқанға айдап бара жатқанда ұрлаған екен. Әкем айтады, ұрыны Сахалинге айдатқызамын дейді, – деп сөзге Атамырза араласты. – Мынау да, – деп Тұрарды иегімен нұсқап көрсетті, – мынау да Сахалинге барғысы келсе, сол ұрыға қосып жіберсе болады.
– Айбаров! – Иван Владимирович үстелді алақанымен сарт еткізді. Көзілдірігі ыршып түсіп бара жатқанда, қолымен әрең қағып алды. Ашудан аузына сөз түспей булығып, буынып қалғандай болды.
Атамырза мойнын ішіне тартып, мықшиып партаның астына кіріп кетердей бұғып бара жатты.
Жаңа ғана жанарын мұңды мұнар бүркеп қалған Тұрардың көзі көріктің алқымынан суырып алған қызыл темірдей лапылдап, жанып тұр екен.
Қарашаның суық күзі, сылбыр жауын, тұнжыр аспан. Терезе алдындағы теректің алтынсары жапырағы төгіліп жатқан. Тек ең төбесі ғана әлі жасыл. Жауын соңы желге ұласып, тал-дарақтын жапырағы қарақұс бүрген сары балапанның жүніндей бұрқырап ұшты. Таудың бөтеге бөктерлері жауыннан ісінгендей теңкиіңкіреп кетіпті. Шоқылар қанша тәкаппар болса да мұнар буалдырда көрінбей қалған.
Осы бір көңілсіз көрініске қарап ойланып қалған Иван Владимирович әлден уақыттан соң:
– Иә, Қызыл Жебе, Сахалин тым-тым алыс. Әрі десең міне, біздің жылы жаққа да қыс түсейін деді. Ал Сахалинде қазір қақаған аяз. Ондағылар ит жеккен шана мініп жүреді. – Ол қайтадан картаның алдына барды. – Ал мына Чукотка мен Якутиядағылар шанаға бұғы да жегеді. Мына күре тамырдай күдірейіп-күдірейіп жатқан Лена, Енисей, Обь өзендері. Бәрі де Солтүстік Мұзды мұхитқа барып құяды...
Егде мұғалімнің терезеге қарап мелшиіп қалғанына шәкірттер таң. Ал мұғалім болса, Сібірді қазір көңілімен шарлап кетіп еді.
О басында Петербург ұлықтары оны Сібірге айдамақшы еді, сірә Сібір жолы түмен тұтқындардан босамай жатты ма, әлде қазақ даласының дәм-тұзы тартты ма – әйтеуір Андреев әйелі екеуі осы Мерке деген шағын селодан бірақ шықты. «Егер Сібірге кеткенімде – қазір қай жерінде жүрер едім?» – деп ойлады мұғалім.
Иван Владимирович Алатаудың қарадомалақ балаларын Қиыр Солтүстік пен Қиыр Шығыстың шексіз ақ көрпе жамылған, бұғы мойнындағы жез қоңыраулар мен каторжник аяғындағы кісендер біріне-бірі сыңғыр-сыңғыр, шылдыр-шылдыр үн қатысқан; тұңғиық тыныштығын алтын қазушылардың қайласы қаңқ-қаңқ еткізген; жүз жылдық қарағайлары ақ дауылдан сықырлап, күйзеле тербетілген өңі суық өзгеше бір өлкеге саяхатқа алып ұшады. Бұл әңгімені ұйып тыңдап отырған Тұрар кенет селк ете қалады. Кісен сылдыры естілгендей болады. Сөйтсе қоңырау соғылған екен. Мұғалім қара тақтаға ілулі тұрған картаны жинай бастады.
* * *