Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Әй, атасы, құдайдан үмітің бар ма? Шиеттей бала-шағасын қайтесің? Малыңды қыстай бағып шықты ғой. Енді аққа аузы тие бергенде, қайтып аламың қалай? Тым болмаса, бір жаз сүтін ішсін де. Күзде аламыз, қой әрі! – деп Қырғызбайды ықтыра бастады. Жайшылықта адуын кемпірдің ығына жүре салатын саудагер шал бұл жолы қасарысып қалды:
– Ой, балпылдаған байғұс, сен не білесің? Қазір базарда малдың нарқы көтеріліп тұр. Әсіресе сауын сиыр шығандап кетті. Қазір сатып жіберіп, орнына бірер торпақ алып қойсаң, тұяқ орнына тұяқ тұра береді. Ал үстіндегі пайдасын кертіп жеп отырмаймын ба? Соған да миың жетпей ме сен байғұстың?
– О, сорлы, – деді Салиха дүрдіктеу ернін шығарып тұрып. – Кіміңді асырай алмай әбігерсің. Екеуміздің енді шығатын төрімізден, кіретін көріміз жақын. Екеумізге, мына қаршадай Тұрар үшеумізге есіктің алдындағы мал да жетпей ме? Тиыннан тиын балалатып қазақ байыған емес. Онан да Тайлақ пен Тайтақайдың шиеттей балаларын ойла, обалынан қорық.
– Түстік өмірің болса, кештік мал жина. Мен қайбір төрт құбыласы түгел дәулетті едім. Тапқанымыз жұтқанымыздан артылмайды. Жас болса мынау, бас ауырып, балтыр сыздамай ма екен. Ертең мен шоңқиып отырып қалғанда, сені кім асырайды?..
Не керек, ақыры шал жеңіп, Тұрар жолға шыққан. Тоқ торы аттың жай бүлкілімен-ақ түске жақын Маңырақ ауылына барып жеткен. Атасы:
– Көп бөгелме, күн батқанша орал. Малды Тайлақ айдасып келсін. Түнге қалсаң – қорқасың, жол жаман, – деп қатты ескертіп еді. Соны есіне тұтқан Тұрар жүдеу ауылдың шетіндегі Тайлақтамын бірден тауып алып, торы аттың басын жар басында жарбиған жаман құжыраның есігіне тіреген.
Ат дүбірін естіп үйден ұзын бойлы, қабағы салыңқы, тақыр бас сұсты адам сүйретіле шықты. Артынша жамаулы жыртық көйлегінің етегін ышқырына қыстырған, омырауы алқам-салқам, басын дағардай қалың жүн орамалмен шаңдып алған, қызыл бет ақсары ажарлы әйел ілесе-мілесе екпіндеп шықты. Босағадан тағы да екі-үш баланың басы қылтиып-қылтиып көрінді. Тысқа шығуға әлденеден бата алмайды. Тұрар байқап қалды: балақайлар жалаң бұт екен. Тек қызылала көнетоз сәндіп көйлегі бар, өзі тұстас қыз бала табалдырықтан бері шығыңқырап, бір қырындап, жалаң бұт інілерін босағадан әрі итеріп тастап, оларды көлегейлей береді. Қыз баланың рең басы шешесіне тартқан қызылшырайлы, сүйкімді ғана екен. Тұлымшағын өріп, ұшын шуда жіппен түйіп, селтитіп қойыпты. Адам көркі – шүберек, үстіндегі көнетоз сәндіп көйлектің өзін медет тұтып, жалаңаяқ та болса, тұла бойындағы бір жапырақ қызыл ала матаның арқасында, бейтаныс алдына бүгежектемей еркін шыққан.
Үй иелерін көргеннен-ақ Тұрар өзінің жолы ауыр болатынын аңғарды. Жоқшылық зары тұла бойларынан азынап тұрған мына адамдарға келген шаруасын айтудың өзіне бата алмай күмілжіп, самайынан тер тамшылады.
Аласа тамның боғатындағы қамысқа дейін қарайып, шіріп кеткен көне. Үйдің сыртқы сылағы түсіп, жел мен жауын мүжіген қам қыштары жұт жылы өлген малдың қаңқа қабырғасындай арса-арса. Ұзын бойлы Тайлақ екі бүктеліп, еңкейіп шығатын жалғыз есіктің өзі кедейліктің заржақ куәсіндей шиқылдап ашылып, бажылдап жабылып, топсасына әрең ілініп тұр.
Осы бір сіңірі шығып, ыңыршағы айналған жоқ-жұтаң жұртты жат көзден жасырғысы келгендей, тамның төбесіне дейін көк шығып, есік алдындағы қоқысты шытыр жауып, түп-түп шилер үйдің алды-артын қымтап, қара құрымға жасыл барқыт жамау салғандай кереғар бір дүние. Жар жағалауда бір топ бала істік ағашпен қартаң-құлақ қазып, жуа теріп жеп жүр. Мына Тайлақтың балаларының да езулеріне ніл жаққандай жап-жасыл. Сірә, бұлар да жуа теріп жеп келген болар.
Құдай да, патша да, ұлық та, болыс та талақ тастаған осы бейбақ ауылды кем тұтпай, қоңсы тұтқан қарлығаштар ғана сияқты. Киелі құс Тайлақтың тапал есігінен зып беріп кіріп, лып етіп шығып, кембағал шаңырақтың астынан ұя салып, мына құлағалы тұрған тамды тіреп қалғысы келгендей, бір тамшыдан балшық тасып тынбайды.
– Бала, қайдан жүрсің? – деп бұрқ етті үй иесі қабағы қарс жабылған күйі.