Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тұрар Қырғызбай атасын іздеп мал базар жағына барған. Қалың нөпір арасынан атасын табу онша қиын емес. Атасы әдетінен айнымаса мұндай қоңыр күзде үстіне шибарқыт бешпет, сыртынан түйе жүн шекпен, басына Рысқұл құсап боз қалпақ, аяғына кебіс-мәсі киіп, белін қос құлаш күлпара белбеумен буып, етбеттеңкіреп, өңкеңдеп жүреді. Соқыр батырға мінезі тартпаса да, түр-тұлғасы келгендей: бойшаң, қақпақ жауырын, жардай шал. Сол ірілігінің арқасында қалың елдің арасынан көзге оңай түссе керек еді.
Айналасы тай шаптырым мал базардың шетіндегі ұзыннан-ұзақ мама ағашқа базаршылардың аттары байланады.
Әуелі Тұрар солардың арасынан Қырғызбай атасының тобылғы торы, жырық құлақ атын іздейді. Ол тобылғы торыға талай мініп, Мықаннан суарып қайтушы еді. Қойдан жуас, шабысқа жоқ, бірақ жүрісі жайлы жануар. Мал иесіне тартады деген рас шығар, мимырт жүрісі Қырғызбайдың алқын-жұлқынсыз, шықпа жаным шықпа тіршілігіне ұқсайды.
Тобылғы торымен қатар бітімі бөлекше, тұрқы есік пен төрдей, бойы жардай ақ жал айғыр байлаулы тұр екен. Алтын сары атлас түгі күздің жуас күніне шағылысып жылт-жылт етеді. Пошымы Қызыл Жебеге ұқсайды, бірақ бояуы бөтен: ойнама отты Қызыл емес, жалқын сары.
Ешкім байқап тұрған жоқ па екен дегендей Тұрар жан-жағына қарады. Адамдар алас-құлас, абыр-сабыр саудамен әлек. Ботбай мен Қораластың, Аққойлы мен Қарақойлының қызыл қойы көздерінің құртын алып, бәрі қоралы малды айналшықтап, басқа дүниені ұмытып кеткендей екен. Саудаға түскен малды қызықтаушылар көп: ақшасы бары да, жоғы да қой байғұстың арқасын басып, шарадай құйрығын көтеріп көріп, тірідей жеп қойғысы келіп, ауыздарының сілекейлерін жұтынып жүр.
Сары айғырдың үстіне бір шығуға Тұрардың аңсары ауды. Бейсеубет іске құлықсыз-ақ бала еді, бұл жолы желік жеңді. Сарыға ақырын жақындап барып, күміспен күптеген ап-ауыр үзеңгісін абайлап ұстап көрді. Сары айғыр сәл пысқырынып, көзі оқшиып, балаға бір бұрылып қарады. Үзеңгіге аяғы жетпес, биік екен. Сонда бала дереу Қырғызбайдың сыр мінез тобылғы торысына қарғып мінді, торы былқ еткен жоқ. Сонан соң барып, торыдан сарыға ауысып отырды. Әуелі жүрегі дүрсілдеп, сезіктене берді. Сары айғыр сайтандай атылып, үркіп жүрер ме екен деп еді, жануар сабырлы екен, баладан жамандық сезбегендей, тыныш тұра берді.
Қақтаған күміспен қапталған қазақы ер тоқымның үстінде көрпеше жоқ, құйрыққа қатқыл тиеді екен. Шүпірлете қағып тастаған түйме бас жез шегелер Талғар таудан түнде жамыраған аспан жұлдыздары сияқты. Күміс ердің қасын Тұрар бүлдіріп алмайын дегендей алақанымен абайлап қана сипап көрді.
Heгe екені белгісіз, осы күміс ер оның көзіне жылы ұшырады. Бірақ бала өзінің батыр бабасының тәні тиіп, тері сіңген ереуіл тақта отырғанын сол сәт сезген жоқ. Тек бір түйгені: мұндай ат пен мұндай ер-тоқымның үстінде адам жайбарақат отыра алмас. Бұл керемет жорықтың, алапат ерліктің орны сияқты. Бұл ердің үсті ұлы істер туралы жар салатын, сан мың, қолды аузына қарататын дуалы сөздердің қасиетті мінбері іспетті. Бала үзеңгіге аяғын тіреп түрегеп тұрып, мына хан базарға:
– Ей, бейшара ұсақ тірліктің адамдары! – деп айқай салғысы келіп еді, аттың үстінен аяғы үзеңгі тіреп тұруға жетпеді.
Енді бір шамада бұл сары айғыр мен күміс ер-тоқым тегін адамдікі емес екені есіне түсіп, бойын қорқыныш биледі. «Ұрысың» деп ұстап ала ма деп жан-жағына тағы жалтақ-жалтақ қарады. Жоқ, базар ұлы теңіздің оппалы-оқпан иіріміне түсіп кеткен қара құрымдай, қыбыр-жыбыр құжынап, бәрін бір алып магнит тартып алғандай, содан ажырай алмай қалғандай екен. Аттың иесі де сол магнитке жабысып қалған шығар. Тұрарға ешкім назар салмады.