Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тайлақ өзіне жақындаған сайын Тұрар сескене бастады. Әлгі мұны аттың үстінен жұлып алатын тәрізді сыңайы. Торы атқа екі көзі ежірейіп тесіле қарайды. «Атымды тартып алмақшы ма?» – деп те қауіптенді бала. Осы ойдан ол келген шаруасын тұтығыңқырап әрең айтты.

– Атты танып тұрмын – Қырғызбайдың торысы. Ал өзің қай баласың? Қырғызбайдың баласымын деймісің? Е-е. Жөн-жөн. Солай-ақ болсын. А бірақ өз әкеңді ұмытпа, ақымақ! Мен білемін сенің әкең кім екенін. Қорықпай-ақ қой, ешкімге айтпаймын. Ұмытпа әкеңді, аруақ ұрады!

Тұрар мына түсі суық адамға сонда имандай шынын, бар сырын айтқысы келді. «Әкеңді білемін» деген адам кездессе, соның садағасы кеткісі келіп тұратын бір осалдық пайда болған балаға. «Ойбай, ағатай, әкемді мен неге ұмытайын! Түнде – түсімнен, күндіз – көз алдымнан кетпейтін әкемді мен қалай ұмытайын!» – деп шыр-шыр етпекші еді. Тайлақ мұрша бермей, шаруаға шырғалаңсыз тіке көшті:

– Қырғызбай атаңа айт: оның малын қыстай бағып шықтым. Өткен қыстың қиын болғанын өзі де білетін шығар. Шөп жетпей, мына Мықанның бойынан омбылап қар кешіп жүріп, қамыс орып әрең асырадым. Тамның боғатындағы сабанға дейін суырып берген күндерім болды. Ал сөйтіп қиямет қыстан әрең-мәрең алып шыққан малы енді әжетке жарар кезінде Қырғызбай өзі қайтып ала қоймақшы, ә? Тапқам екен ақымақты! Көрдің бе ана қызылшақа балаларды? Қара сиырдың құйрығын аңдып отыр. Бүгін-ертең бұзаулайды. Соның сүті болмаса, бұлар аштан қырылады. Түсіндің бе, бала? Әкең есті тентек еді, сен де ақылсыз емес шығарсың. Сені азамат деп үлкен жұмысқа жұмсаған екен, құр алақан қайтқаның ырымға жаман шығар, ана ешкілерін айдап қайта ғой. Сонымен Қырғызбай бажа жердің жарығын көктей қойсын! – Осыны айтып Тайлақ мырс етті. Түксиген адамның тұңғыш рет жүзі жылығандай болды. Соның өзінде әлгі күлкі тым ызғарлы сезілді.

– Ойбай, байғұс-ау, сол кебенектердің сүтімен жүрек жалғап отырған жоқпыз ба? Айдап кетің не, ей сенің? Ана тас қапқыр тақыр жалмауыздарыңа мен немді пісіріп беремін сонда? Тас қайнатып берем бе қара қазанға? – деп жамаулы көйлегінің етегі ышқырына қыстырылған, омырауы едірейген қызылбет қатын кенет қаһарлана қалды. Айқайлап сөйлейді екен. Сөйтсе құлағының мүкісі бар көрінеді, өйткені күйеуі де оның құлағына тақал дауыстап:

– Үндеме, сорлы! Қарабай жездең қабырғасын жапсын! Биттің қабығынан биялай тігетін сараң неме, саудагерді қайтесің? Мына баланың меселін қайтармайық. Құр қол қайтса – мұны қайбір маңдайынан сипайды дейсің сол сараң шал, – деп енді Тұрарға бұрылды: – Сиыр берілмейді, ешкілерді айдап кет. Күн ашық-жарықта аттанбасаң – қаршадай бала екенсің, біреу-міреу жолда саған көз алартып жүрер. Ел арасы бұзылды ғой бұл күнде. Обалды ойламайды. Әй, Күләй!

Бағанадан бері босағаға сүйеніп, торы аттың үстіндегі бейтаныс баладан көз алмай тұрған қызыл ала көйлекті қыз селк ете қалды. Бүкіл маңда бұл сияқты бала жоқ. Қою бұйра шаш қойған, екі көзі көріктің отындай ұшқындап тұрған бала, байғұс қызға ертектегі суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін батырлар сияқты көрініп, қиялымен оны өзінше аттан түсіріп алып тұрған.

– Күләй! – деді әкесі оқыстан. – Ана өрістен ешкілерді айдап кел!

Әкесінің айтқанын – Алланың айтқанындай көретін қыз әуелі есіктің көзінен ит қуған мысықтай атып шықса да, бала да болса есі бар емес пе, бөтен аттының алдында берекесіз болғысы келмей, қылықты сұлу аттай, бір қырындап, ойнақши басып бара жатты. Сонда Тұрарға ол сұлу көрінді. Шеттік тікен жырған жалаң аяғы, шуда жіп таққан тұлымшағы сол сұлулықтың бір-бір бөлшегіндей көрінеді. Әлі бой жетпеген нәресте қыз өзінің жарлылығын сол табиғи, жарасымды, ойнақы қимылымен жасырғысы келген сияқты. Жарлы болсаң да – арлы бол. Қызбала байғұстың намысшыл екені көрініп-ақ тұр. «Сірә, Наташамен жасты шығар, – деді Тұрар әлі де ат үстінде тұрып. – Оған үй иесі «аттан түс» деп айтпады. – Наташа гимназияға күнде түрлі-түрлі көйлек киіп барады. Сабақтан келген киімді тағы өзгертеді. Оның табаны туфлисіз жер басып көрген емес».

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий