Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ауылнайдың салық жинайтын шабарманы құсап, аттың үстінде шіреніп тұра бергенім дұрыс болмас деп Тұрар торыдан түсті. Аяғы ұйып қалған екен, аздап бой жазып, қу ешкілердің жүнін қырқуға қолғабыс етпек болды. Тұрарға бірте-бірте бойы үйренген Тайлақтың жалаңбұт балалары ұятты қойып, індерінен шыға бастады.
– Aпa, менің бөрте лағымды да әкете ме? – деді мұрын боғы жылтыңдаған біреуі шешесінің арқасына асыла беріп.
– Ары! – деп жүн қырқып өзеуреп жатқан шешесі баланы шынтағымен лақтырып жіберді. – О, құдай сорлы қылған сор маңдай. Сенің бөрте лағың бар ма еді?!
– Иә, менікі. Бермеймін бөрте лағымды, – деп мұрынбоқ бала бөртені ұстап алып, мойнынан құшақтап қатты да қалды.
Ешкілердің қылшығын қырқып болып, «ал, енді болды» дегенде әлгі балақай лақтан айырылады деген қайда?! Бақырып жылап, бөртеге жабысып алды. Шешесі барып, шапалақпен тартып жіберіп, қолынан жұлқып еді, бала босатпады. Тұрар шыдай алмай:
– Мейлі, апай, қала берсінші, атам лағын түгендеп жатпас. Тимеңізші! – деп жалынды.
Бірақ қырсық қылғанда ешкілерді енді айдап шыға бергенде, әлгі бөрте лақтың енесі зарлап ала жөнелді де, торы аттың бастырмалатқанына көнбей, үйге қарай қайта қашты. Біреуі қашқан соң басқаларының да пейілі бұзылды.
– Мейлі, апай, сол бөртенің енесін де алып қалыңызшы тегі. Өзім бір есебін айтармын атама, – деді әбден ығыр болған Тұрар.
– Ойбай, мың болғыр, айналайын, көсегең көгерсін, – деп Тайтақай бір ешкіні көгенге байлады да, қалғанын едәуір жерге дейін өзі айдасып, Тұрарды жолға шығарып салды.
Сол жолы Тұрар азынаған азап мекенін, тұлдырсыз кедей елді тағы бір көріп оралды. Баяғы Талғардың Бесағашындағы Тау-Шілмембеттің кедейлігінен де өткен, ажал мен аштықтың азуында қалт-құлт еткен мұншама тақыр жоқшылықтың куәсі болып, жас жаны шошынып қайтты.
ІІІ
Жексенбі күндері интернаттың іші ел көшкендей көңілсіз-ақ. Ұзақ қарғаның балапандарындай қара домалақ балалар шуылдамас. Мектепте қоңырау сылдырламас. Қораның іші жым-жылас.
Ауылдары жақын балалар кеше кешке үйлеріне тарап кеткен. Өзі үйі, өлең төсегі барлар бақытты. Бір жұма бойы кермей сағынып қалған апаларына еркелейді, іні-қарындастарымен таласып-тармасып айранға талқан шылап жейді. Кешке қарай шешесі сақтап қойған сүр еттің сорпа-суына тойып, терлейді.
– Қазынаның тамағына қараған бала бір шек болып қалады деген рас екен, құдая, мына бала түк ішпеді, – деп шешелері балапанын шегірткеге шақырған тауықтай қақылықтай бастайды.
Мұндай заман Тұрарға арман. Қазына саудагерден сатып алған интернаттың әупиген қорасында жападан-жалғыз кітапты ары оқып, бері оқып, енді іш пыса бастағанда Мерке шіркеуінің қоңыраулары күңірене жөнеледі.
Көшеде адам қарасыны көбейеді. Жексенбі күні үстіне бір киерін іліп, орыстар шіркеуге беттейді. Күннің жылысына қарамай бастарына қазандай бөрік, үстеріне күпі киіп, қазақ, қырғыз біткені Меркенің қыр базарына бара жатады.
Базарға бүгін Тұрардың Қырғызбай атасы келеді. Делдалдыға жүріп, «шіріңке» тапқан күні атасы көңілі түсіп, Тұрарға бес-он тиын берер еді.
Меркенің қыр базары қызған кез. Күз айларында бұл базар әсіресе аспандап кетер еді. Құйрығы тегенедей кілең қызыл қойға қызыққандар сонау Әндіжаннан, Наманғаннан, Қоқаннан келіп жатады. Ала шапан, қара шапан, бейқасам шапан, ала тақия, қазандай қара сеңсең бөрік, дөңгелек құндыз берік, құлақтары салпаңдаған түлкі бөрік. Ақ сақал, бурыл сақал, қара сақал, қаба сақал, күйек сақал, шоқша сақал... «Сауда-сақал сипағанша», – деп сипалатын сақалдар.
Оралдан, Орынбордан, Сарытаудан келген орыстар; Үфеден, Қазаннан келген башқұрт, татарлар; Тоқпақтан, Пішпектен жеткен қырғыздар; Жәркенттен, Шелектен, Шонжыдан келген дүнгендер мен ұйғырлар. Сан түр бар, сан тіл бар. Бірақ бәріне ортақ – сауда тілі.