Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«ТАМҰҚ»

Роман

СОҢҒЫ СӘУЛЕ

Пойыз ежелгі қыпшақтар даласының жазығынан шығып, таулы өлкенің етегіне келіп ілікті. Жер бедері өзгере бастады. Вагонның, купесіндегі тымырсық ауа да жұпар аңқығандай ақ пейілденіп сала берді.

Қасиетті Кавказ өз болмысынан белгі берді. Баяғы батырлардың басынан түсіп қалған дулығадай шоқылар тізбегі көрінді.

– Бештау, - деді Рысқұлов.

– Кәне,- деп, келіншегі Рысқұловпен басын түйістіре терезеге үңілді.

Әзиза Кавказбен сырттай таныс. Лермонтовты көп оқыған, Бештау дегенде құлағы елең ете қалғаны да сондықтан.

Зымырап келе жатқан пойыз емес, заулап қашып бара жатқан телеграф бағаналары мен көгілдір шырша ағаштары сияқты. Ашық терезеден шырша жұпары аралас кермек жусан иісі де бұрқ ете қалды.

– Әне, анау көрінгені Машук, - деді Рысқұлов шығыстан мұнарта қарайған мұңды тауды нұсқап.

– Дуэль сонда болған, ә? - деп Әзиза жас балаша таңданды.

Кітаптан оқығанды көзбен көрген, әрине, әсерлі. Жас келіншек бейтаныс сезімге бөленіп, бұрын құлақпен естіп, кітаптан оқығанды көзбен көргеніне бір қуанса, сол қым-қуыт қызықты да қайғылы оқиғаларды өзі бастан кешкендей бір мұңайды.

Әзиза еріксіз күрсініп еді, күйеуі оны шашынан сипап:

– Шаршаған жоқсың ба? Жақындап қалдық, кешікпей келеміз, - деп көңілін көтермек болды. Келіншегі аяғы ауырлап қалған шақ еді. Бұйырса, екінші баланын анасы болмақшы. Мәскеу түбіндегі саяжай да тыныш - ақ еді, бірақ осы жолы Әзиза Тұрардан қалғысы келмей, мені де ала кет деп жалынғандай өтінді. Рысқұловтың:

– Аяғың ауыр ғой, жол алыс, қиналып қаласың ғой, - дегеніне көнбеді.

– Өтінемін, Тұрар, осы жолы мені де ала кет, - деп қиылды.

Дәрігерлер қарсылық білдірген жоқ. Қайта:

– Мұндай кезде Кавказдың ауасы қасқалдақтың қанындай қажет, - деп Рысқұловтың өзін үгіттеді. - Құрсақтағы нәресте де таза, шипалы ауа тілейді, - деп кеңес берді.

Сөйтіп 1937 жылдың мамыр айының бел ортасында Рысқұлов демалыс алып, «Москва -Кисловодск» пойызына келіншегін отырғызып, курортқа тартып еді ғой.

Мәскеудегі пәтерінде бір «колхоз» адам қалды: қайын енесі Әрифа; Әрифаның балалары Рәшит пен Шәміл; Әзизаның бөлелері Нәйлә мен Әли Базановтар; Тұрардың қарындасы Түйметай, оның бір топ балалары... Пәтер иесіз емес, пәтерге сыймағандары Клязьма өзенінің бойында, орман ішіндегі саяжайда тұрады, Тұрар мем Әзизаның тұла бойы тұңғышы - үш Сәуле күтімсіз болмас. Оны бағып-қағушылар көп-ақ. Тұрардың бірінші әйелінен туған Ескендір тірі болсын, ер-азамат болып, он жетіге шықты. Екінші некеден туған Софья да... Майя да ес жиған балғындар. Солардың бәрінің, қолдан қолға түсірмей ермек ететіндері - үш жасар Сәуле...

«Үйдегілер не бон қалады» дейтіндей уайым жоқ, енді, Құдай қаласа, жақсылап бір демалуға болады.

Жақсылап бір демалатын жөні бар. Жұмыстан шаршамайды. Жұмысқа Рысқұловтан көнбіс адам жоқ. Бірақ әсіресе биыл жүйкеден шаршаған сыңайлы. Жүйкеден... жүйкеден шаршаған жаман. Жоқ, мұны қоңаштап, тынышын алып, мазалап, соңына түсіп қудалап жатқан ешкім жоқ. Әр-әр жерден «ұстап кетіпті», «алып кетіпті» деген хабар ызғырық тигенмен, бұл сескенетін дәнеңе жоқ. Қайта нарком Ежовтың өзі, мұны көрген сайын, басын иіп амандасып, хал-жай сұрасып, жампаңдап қалады.Тіпті осы таяуда ғана, Кремльде кездесе кетіп:

– Тұрар Рысқұлович, бауырым - ау, жерлесім - ау, халіңіз қалай? Демалыс қашан? Қайда барып демалмақсыз? - деп асты - үстіне түскендей болған. - Осы бір лағнет алғыр жұмыстан бас бұра алмаймын. Әйтпесе өзімнің Қазақстаныма барып, Ертістің суына бір түсуді армандаймын, - деп мұңын шаққандай болған.

Ертісті атағаны - бір кезде Семей губкомында істегенін меңзегені. «Қазақстаным» дегенде емешегі езіледі. Шыннан сеніп қаласың. Сенбесіңе лаж жоқ: кішірек сұрғылт көздері мөлие қалады; шап - шақ, пәкене бойлы, арық адам, етжеңді, палуан тұлғалы Рысқұловтың алдында жас баладай жасқаншақтап, тым әдеп сақтап, тым кішіпейіл бола қалады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий