Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сөйтіп, көсемнің Туруханға барғысы келеді. Шыны ма? Шын болса, ол қиын емес қой. Кесем үшін қиын ба? Шыннан барғысы келсе, баяғыда айдауда жүрген жерін көргісі келсе - несі бар, бәрі өз қолында тұрған жоқ па? Айырпланмен барамын десе де, пойызбен барамын десе, тіпті ұлы өзенге дейін жетіп алып, кемемен барамын десе де - бәрі дайын емес пе? Тіпті жұмысы басынан асып, қолы тимейтін халге жетсе, Турухандағы баланы алдыруға да болады ғой. Рас, онда біраз ши шығуы да мүмкін. Ол бала ендігі үлкен азамат шығар. Көсем өзінің жас келіншегіне:
– Қымбаттым, танысып қой, мынау менің Сібірде қалған балам еді, - деп тұрса, жас келіншек:
– Қайдағы балаң? - деп шошып кетсе қиын ғой.
Бірақ көсемге о да кешірімді болар еді. Адам баласының басынан не өтіп, не кетпейді? Рысқұловтың да баласы бар. Тұңғыш әйелінен. Рысқұлов сол баланы екінші әйелінің бауырына салды. Обалы не, өз анасынан кем емес еді. Тағдыр екен, Рысқұлов екінші әйелімен де жұлдызы жараспай, осы Әзизаға үйленген соң, әлгі жалғыз ұлын бүлдіршіндей жас келіншегіне таныстырып:
– Мынау сенің ұлың болады, аты Ескендір, - деді.
Рас, ол кезде Әзиза жиырмаға толар - толмас, ал Ескендір есі кіріп, ер жетіп қалған кезі еді. Әзиза оны кеудесінен итерген жоқ.
Рысқұлов пен Әзизаның жас айырмашылығы едәуір. Он-он бес жастай болар. Ал көсем өз келіншегінен кө – ө - өп үлкен көрінеді... Ертеде, сонау патша заманында, көсем отыздан асқан жігіт ағасы шағында, Петербургтегі Аллилуев деген тілеулес кісінің үйіне революциялық жолмен қарым-қатынаста болған ғой. Аллилуевтар отбасымен бірге Балтық теңізінің жағалауына серуенге барған көрінеді. Сонда Аллилуевтың аяғы жаңа шыққан жортпаш, кішкентай қызы жағада ойнап жүріп, суға кетіп қалыпты. Толқын тартып әкеткен ғой. Жұрт абыр-сабыр сасып, есі кетіп қалғанда, Кобо Джугашвили ойланбастан, теңізге қойып кетіп, кішкентай сәбиді судан алып шыққан ғой. Сол нәресте өзінің болашақ жары екенін ол сонда білді дейсің бе?
***
Пойыз салып ұрып, Есен - Тоқа курортына да жақындап қалды. Бұл Кисловодскіге барар жолдағы соңғы бекет. Қаз бауыр бұлттap будағының арасынан аспанмен тілдескен ақбас шыңдар анда - санда бір көрінеді. Алып ақ бураның өркешіндей қос өркеш - Эльбрус болатын. Ілуде бір көрінеді.
Есен - Тоқа бола тұра, пойыз тоқтаған бекет үйінің маңдайшасына «Ессентуки» деп жазылыпты. Қай тілде екені белгісіз? Не деген сөз екенін жергілікті қарашайлар да айта алмайды. Немісше ме, немене? Қарт қарашайлар біледі, әрине. Баяғы - баяғыда Шыңғыс ханның жорығы болғанын, Шыңғыс хан Қап тауын да алғанын қарт қарашайлар біледі. Оның көп ноян қолбасшыларының бірі Есен - Тоқа осы өңірді жайлағанын да білуі ықтимал. Бірақ Есен - Тоқаны «Ессентуки» етіп жіберу әлдекімдерге тиімді. Басқыншылардың ежелгі әдісі. Келер ұрпақ ата – баба тарихынан адасып қалуы үшін, тарихын, жер – су атын өзгертіп,шатастырып, ұмыттыpып жіберу керек. Бұл амалды отаршылардың бәрі жақсы меңгерген, Көңілі ояу, көзі ашықтар болмаса, е - е, Ессентуки екен ғой дейді де жүре береді.
Рысқұлов Кисловодскіге бұрын да талай келген. Соның бірінде осы Есен – Тоқаға экскурсия ұйымдастырылды.Рысқұлов та қатысып осы жердің шипалы суынан дәм татқан, арасан су үйшігінің қабырғасындағы жазуға көзі түсіп еді, онда бұл дәру суды ашқан патша солдаттары деп бадырайтып таңбалап қойыпты. Сонда қалай, патша солдаттары Кавказды жаулап алғанға дейін, мұндағы байырғы халық, мұның шипалы су екенін білмеген бе? Отаршылардың көп абсурдтарының бір парасы осылай болып келеді.
Рысқұлов келіншегіне осыны айтты. Әзиза балаша қиылып:
– Экскурсияға келеміз ә, Тұрар? - деді.
– Әрине, келеміз.
– Лермонтов жүрген жерлерді көрсем деймін.
– Бәріне де барамыз: Пятигорскідегі үйіне де, жекпе-жек атысқа шыққан жеріне де -бәріне барамыз, - деп Рысқұлов келіншегін бауырына тартты. Жолсоқты болған Әзиза күйеуінің төсіне басын салып, көзін жұмып, күрсініп қойды. Рысқұлов оның қолаң шашын сипап, жұп-жұмыр, аппақ тамағынан иіскеледі.