Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сырттан біреу бақыласа, бұл екеуін жаңадан қосылған қыз бен жігіт дерліктей. Күнбе-күнгі қу тіршілікте: таңертең тұра салып, жуынып, киініп, шәй іше салып, жұмысқа жөнеуде, одан кештің бір кезінде от басы - ошағына қайта оралып, тағы да тамақ ішіп, үй ішінің әжік - күжік әңгімесінен кейін ұйқыға жатып, күндер соңынан күндер, айлар соңынан айлар, жылдар жылжи беріп, жасынды, өміріңді үн-түнсіз жымқыра ұрлап жатқанда, жанындағы жарыңның бар қадір - қасиетін, бар болмысын жете бағалай бермеуің де мүмкін ғой.
Ал мына үш күндік ұзын жолдың бойында, келіншегімен екеуден екеу, бетпе-бет купеде қалғанда, Рысқұлов Әзизаға жаңа ғана қосылғандай, оның балғын әсемдігін, оның алақан тызылдатқан қолаң шашын, оның қулық - сұмдықсыз жәудір көзін енді ғана, бар жан-тәнімен сезінгендей, құданың құдіреті, өз әйеліне езі сүқтана түсті. Оның үстіне кейбір әйел затының екіқабат кезінде ерекше нұрланатын бір шағы болады. Оның жүзінен ішіндегі нәрестенің де пәк дидары қоса нұр төккендей, бір тәннен екі жанның иманы қосарлана сәуле шашқандай, аса бір айдарлы ажар пайда болады. Адам ойы албырт: алып ұшып, әлемді шарпиды. Рысқұлов оқыстан: осыншама баға жетпес асыл қазынадан әлдеқалай айырылып қалсам, не болам? - деп те ойлады. Не болатынын болжай алмады? Бетін аулақ қылсын деді де қойды. Әрі десе, мұндай сүйкімсіз суық ойдан мына Кавказ қыраттары, анау төменде пойыз жолмен жарысып аққан Құм өзені ажыратып алғандай еді. Өзен бойы бұйра тал, ар жағы құлама жар, жар басын қалықтап ұшқан қырандар Рысқұловты қайдағы бір қаңғыма қара уайымнан сейілтті де, ол келіншегін бауырына қыса түсті.
– Тұрар, саған не болған? - деп келіншегі таң қалды. - Қыса берме, бөпені тұншықтырасың, - деп жымиып қойды.
Пойыз шатқал бойын қуалап, тау ішіне қарай сүңги берді. Көрші купелерде абыр-сабыр қозғалаң байқалады. Бұлардың есігін абайлап тықылдатып, жолсерік басын қылтита қарап:
– Дайындалыңыздар, Кисловодск, - деді.
Жол мұраты - жету. Сәтін салса, бұл мақсат та орындалды. Жұрт аңсаған жұмақ, осы. Кисловодск. Нарзан суы. Батырлар сусыны. Мұнда күн нұры да ерекше деседі. Алланың нұры деседі. Жаратқан құдірет - Көк Тәңірі бар болса, ол осы жердің аспанында деседі. Көк Тәңірінің көзі түскен пенде қорлық-зорлық, қайғы-қасірет көрмейді деседі. Деседі, деседі. Лайым солай болғай.
***
Санаторийдің бас дәрігері бурыл шоқша сақалды, шынжырлы көзілдірігі бар, иманжүзді кісі еді. Таңертең кеңсесіне келе сала, ақ желбегейін киіп, қан қысымын өлшейтін асай-мүсейін қалтасына салып, сыртқа беттеді. Бас дәрігерге арыз айтып келушілер көп. Ауыз бөлмеде едәуір жұрт жиналып қалған екен:
– Жолдастар, мен он-он бес минуттен соң ораламын, - деп қос қапталын сандал ағашы көмкерген жалғыз аяқ соқпаққа түсіп алып қырдағы ақ шаңқан үлкен үйге беттеді. Ол үкімет мүшелері түсетін ерекше күтімдегі корпус еді.
Бас дәрігер Рысқұлов жатқан үйдің есігін абайлап қақты.
– Да, да, - деген қоңыр дауыс естілді ар жақтан.
– Тұрар Рысқұлович, қайырлы таң! Құдай үшін, кешіріңіз. Сіздерді ертерек мазалап жіберген жоқпын ба?
– О не дегеніңіз, Вадим Петрович, біз ұйқыбасарлар емеспіз. Мен тіпті далаға шығып, бір сағаттай жүріп те келдім, - деді Рысқұлов бас дәрігерді жайдарылана қарсы алып.
– О, тамаша, тамаша! Сіз менің аты-жөнімді есіңізде сақтап, қалғансыз ілтипатыңызға рахмет, Тұрар Рысқұлович.
– Не бопты ұмытып? Сіздей ізгі жанды қалай есте сақтамасқа...
– Рахмет, рахмет, Тұрар Рысқұлович. Кәне, мына орындыққа отыра қалыңыз. Бір сағат таңғы жүрістен кейін қаныңыз қалай қайнап тұр екен өлшеп жіберейік. Иә, айтпақшы, ханымыңыздың хәлі қалай? Ұйқысы тыныш болды ма?
– Құдайға шүкір, Вадим Петрович, жақсы ұйықтады.
Бас дәрігер Рысқұловтың, білегін қара матамен орап тастап, құлағына аспабын іліп, томпақ сары резіңкесін пысылдата бастады. Жалпақ сағаттай дөңгелек айнаның астындағы тілшік қалт – қалт етіп, жортақтап ала жөнелді.