Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Бұл жігіт бізді қонаққа шақырады, Әзиза. Бірақ алыстау. Дағыстанға, Шәміл соғысқан жерлерге. Сен шаршап қаласың ба деп қорқамын.

– Қорықмасов шақырса несіне қорқамыз, - деп кенет Әзиза бір ерлік көрсетті. - Шәміл ғой ол! Хаджи - Мұрат! Толстойды оқығанмын. Соны көзбен көру ғажап қой!

– Жандосовтарды қайтеміз? Олар кешке шақырып қойып еді ғой,

– Телефонда. Айт түсіндіріп. Осылай да осылай. Біз күнде көрісеміз. Ал Дағыстанға барудың сәті күнде түсе бермейді.

– Ой, гөзәл! Ой, молодец! - деп Қорықмасов Әзизаның батылдығына тәнті болып, қуанып кетті.

Сөйтіп, ойламаған жерден Рысқұловтар бүкіл Кавказ теріскейін бойлап өтетін сапарға шықты. Жол бойы - Бештау; Қабарда - Малқар астанасы Нальчик; осетиндердің кіндік қаласы - Владикавказ - Дзауджикау; чечен - ингуштер орталығы - Грозный жатыр. Одан әрі - Дағыстан, Владикавказ, Грозный деген аттарының өзінен - ақ өткендегі қырғын соғыстың, аяусыз арпалыстың, зеңбіректер зіркілінің, озбыр сорақылықтың, күштілер өктемдігінің ызғары әлі де бой түршіктіріп тұрғандай. Патша империясы зеңбіректің күшімен кімдерді бағындырмаған, кімдерді отарламаған? Бағынбауға бас тігіп, жан пидаға тәуекел деп, отыз жыл бойы құрыш құрсанған патша әскерімен соғыс салған Шәміл пайғамбардан несі кем?! Ендеше пайғамбардың ғазауат мекеніне тағзым етіп кайту парыз. Рысқұловтар осылай шешкен.

***

Рысқұловтар тұрған корпус пен Жандосовтар орналасқан үйдің арасында парк бар еді. Ағаш - атаның неше алуан түрі осында. Жүз жылдық шынардан бастап, емен де, қарағай да, арша да, шырша да осы паркте. Қолаң шашы төбесінен төмен қарай төгілген арудай мәжнүн тал да осында. Кешкі ауамен хош иіс Кисловодскіні елітіп тұрады. Гүлдің неше алуаны құлпырған шақ. Ауру адам жазылмасқа амал жоқтай.

Сол паркті кесіп етіп, Рысқұлов Әзизасымен Жандосовтың үйіне келді.

– О, қашақтар келдіңдер ме? -деп Ораз меймандарды қуана қарсы алды. - Фатима, қонақтар келді. Қайдасың?

– Сіздерге өкпелеп қалдық. Кеше күтіп едік, - деп Фатима наз айтты.

– Кешіріңіздер, сәті түсіп тұрған сапардан бас тарта алмадық. Ал айыбымыз мойнымызда, - деп Рысқұлов ақталды.

– И – и - и, сез бик матур келіншек булгансыз инде. Ораз, қара бұл Әзизаға, - деп Фатима Әзизаны айналып-толғанды. - Мен сені кішкентай күніңнен білемін ғой Анаң Әрифаны өте жақсы білемін. Әрифа аман ба?

– Әй, Фатима, Әзиза татар емес қой, неменеге татаршалап кеттің, - деп күлді Ораз.

– Е, Әзиза татар болмаса, шешесі татар. Әзиза татардың жиені. Қара мұны, - деп Фатима көнер емес.

– Әзиза менің қарындасым. Шапыраштының қызы. Оның әкесі Түбек марқұм менің ағам, -деп Ораз беріспеді.

Сонымен, Әзизаға талас біраз жерге барып, бұлар шәйға отырды

– Бұл Алматы емес, тамақтың неше түрін істейтін. Курорт енді. Барына риза боласыздар, -деп қойды Фатима.

– Алматыдан басқа жерде арақ та жоқ па еді? Шығар ана бөтелкені, - деді Жандосов.

Коньяктан Әзизаға да оймақтай рюмкаға құйып еді, Әзиза алмады.

– Оу, туыстар бас қосқанда, тым болмаса, ауыз ти енді, - деп Ораз қыстап еді, Рысқұлов қысылып отырған әйеліне араша түсіп:

– Қинама, Ораз, Әзизаның аяғы ауыр ғой, - деді.

– И – ии, Құдайым, құтты болсын, сіңлім, аман-есен босан, - деп Фатима, енді Әзизаға аса бір ілтифатпен көңілі түсіп, алдына шәй қойып, торт кесіп, шабдалы ұсынып, бәйек болды да қалды. – Бұл, бұйырса, екінші сәби болар?

– Иә, Сәуле деген тұңғышымыз бар, үш жаста. Жаңа өзің айтқан Әрифа апамыздың қолында қалды, - деді Рысқұлов.

– Қызымды сағынып кеттім, - деп Әзиза дастархан басында тұңғыш рет тіл қатты. Жанындағылар ду күлді.

– Үйден шықпай жатып сағынсаң, әлі жиырма төрт күн бар, оған қайтіп шыдайсың, - деп Ораз мәз болды. Әзиза қызарып, қысыла түсті.

– Ұялма, аппағым, ал, тамақ ал. Құрсағыңдағы сәбиге де тамақ керек, - деп Фатима жаны жай таппады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий