Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Еркексің ғой сен алдымен сен секір, артыңнан мен... – дейді қиылып.

Алаңғасар жігіт:

– Ал, жаным, енді екеуміз о дүниенің жұмағында жолығайық,- деп секіріп кетеді. Шыңырау түбіне барып гүрс етігі құлағаны құлаққа еміс-еміс естіледі.

– Ал қыз ше?- деді шыдамаған Әзиза. Рысқұлов бокалды ернінен айырмай, шампанды сыздықтатып, ұзақ отырып алды.

– Қыз ше?- деді Әзиза төзімі таусылып.

– Қыз тірі қалды,- деді Рысқұлов баяу ғана.

– Секірмеген бе сонда?- деді Әзиза әлденеден алданғандай абыржып.

– Секірмегені де.

– Опасыз, -деді Әзиза кішкентай жұдырығымен үстелдің шетін бір ұрып.

– Әне, жаным, содан бері әлгі тас ғимараттың атын «Махаббат пен мекерілік» деп атайды. «Мекерілік» деген сөзді сен білесің ғой. Білмейсің бе? Коварство. Қулық, сұмдық, зымияндық. Жаңа өзің айтқандай, опасыздық. Қазақта мақал да бар. «Бір қатынның мекерілігі қырық есекке жүк болар» деген.

– Сонда, мына біз отырған кафе де мекері ме? Құрысын, кетейік, Тұрар,- деп Әзиза әй -шәйға қарамай, орнынан тұра бастады.

– Қоя тұр, ақшасын төлейік, - деп даяшыны шақырды. Даяшыға: - Тағы бір шампан беріңіз. Бірақ аузын ашпай әкеліңіз.

– Оны қайтесің, Тұрар? Алмай-ақ қойшы, - деп қиылды Әзиза.

– Жоқ, Әзюшка, оны сен босанғанда, кішкентайдың құрметіне ашамыз, - деп Рысқұлов көнбей қойды.

– Кішкентай аман-есен дүниеге келсе, шампан деген Мәскеуде де толып тұрған жоқ па? Жүк қылып жүреміз бе соны?!

– Бүгін бір жақсы күн. Ырымшыл болмасам да ырым болсын, - деп Рысқұлов дес бермеді.

Олар кафеден шығып, жұпар иісті, көкшіл шырша аллеясымен қайтып келе жатқанда, бұлтарыстан Голощекин шыға келді. Бұрылып кетуге лаж болмай қалды. Әп-әдемі кеш еді. Күн тау қиясынан асып кетіп, батыстан қылтиып жаңа туған ай көрініп еді. Рысқұлов баяғыда Ахат атасы үйреткендей:

Ай көрдім, аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Ескі айда есіркеп,

Жана айда жарылқа, -

деп іштен күбірлеп айтуға үлгірмей де қалды. Қарсы алдында әруақтай ербиіп, Голощекин тұрып алды.

– А, жас жұбайлар, қайырлы кеш, қайырлы кеш, жақсы жандар. Қалай демалып жатырсыздар? Кешкі серуенге шыққан екенсіздер, - деп шіңкілдектеу даусы мазаны май ішкендей қылды.

– Рахмет, Филипп Исаевич, өзіңіз қалайсыз, - деп Рысқұлов амалсыз сыпайыланды. -Ұйқыңыз қалай?

– Ой, құрып кетсін, сұрамаңыз. Ұйқы қашты, - деп Голощекин қолын ербеңдетті. -Кошмар. Одни кошмары.

– Ештеңе етпес, таза ауада көбірек жүрсеңіз, жүйке жөніне келеді, - деп жұбатты Рысқұлов.

– Жүндей түтілген жүйке ғой. Қарғыс атқыр патша не көрсетпеді? Патшаны құлатып, жаңа заман орнатамыз деп біз не көрмедік? Шет елге безіп кеттік, түрмеге түстік, айдауда жүрдік. Сіздер, жастар, оны қайдан білесіздер? Біз орнатқан жаңа өкіметке жан қиналмай, отыра - отыра қалдыңыздар. Жүйке. - Голощекин жан-жағына қарап алып, - Ильич те жүйкеден кетті ғой, - деп сыбырлады. - Айтпақшы, Ленинді атқан Фанни Каплам екеніне сіз сенесіз бе, Тұрар Рысқұлович?

Әзиза тықырши бастады. Қойылған сұраққа жауап бермей кетіп қалу, тағы ыңғайсыз.

– Ресми хабар солай. Сенбегеңде қайтеміз, - деп күлді Рысқұлов.

– Міне, міне. Ресми хабар. Ал сіз сол Фанни Каплан ату жазасына кесіліп, артынша ол үкім ұзақ мерзім тұтқынмен алмастырылды дегенге сенесіз бе?

Рысқұлов мына тосын сұрақтардан тосылып:

– Сенбегенде қайда барамыз? - деп құтылды.

– Міне, міне. Сенбегенде... - Голощекин жан-жағына тінткілей көз тастап, аузын қолымен көлегейлеп:

– Фанни Капланды сол 18-ші жылдың өзінде-ақ, Кремльдің ішінде атып тастаған.

– Қойыңызшы, Кремльдің ішінде де адам атушы ма еді?

– Міне, міне. Әңгіме қайда жатыр? Именно Кремльдің ішінде. Кремльдің түкпірінде. Кремльдің коменданты өзі атқан.

– Естімеген едім, кешіріңіз...

Рысқұлов әйелінің көңіліне қарап, «сау тұрыңыз, көріскенше» демекші еді, Голощекин шоңайнаның тікенегіндей жабысты да қалды:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий