Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұлов ұйықтай алмады. Әзиза ұйықтап кетті. Жас бала сияқты: пысылдайды. Демі жұмсақ, жып-жылы. Бүл дем алып жатқан жалғыз Әзиза емес, оның құрсағындағы болашақ адамның суреті дем алып жатыр. Қазақтар өлген адамға жаназа шығарғанда жасына бір жас қосады. «Мысалы, мен, - деді Рысқұлов ойланып жатып, - биыл қысқа аман жетсем, қырық екі жасқа келемін. Ал әлдеқалай ажалым жетсе, ауылда болсам, жаназамды қырық үште деп шығарар еді. Өйткені ананың құрсағында жатқан мерзімді бір жылға балайды».
Сондықтан, деді Рысқұлов, қазір менің жанымда біреу емес, екі адам жатыр. Екеуі де жандай жақын.
– Қанденді... қақбас, - деді Әзиза ұйықтап жатып.
Сірә, түс көріп жатыр. Түсі, сірә, әдемі де емес. «Қанденді қақбасты» көрсе - көңілсіз. Ертең «Махаббат пен мекерілік» мұнарасына апару керек, - деді Рысқұлов. - Біраз күн өткен соң, Теберті мен Домбайға алып бару керек. Көрсін. Онда қарашай дейтін жақсы халық тұрады. Біздің туыстар. Құздан құлаған Құман өзенінің сарқырамасын көрсін. Тіпті анау жазықта жатқан ноғай ауылына да барып кайтуға болады. Қазақ - ноғай, Ноғайлы бір ғой. Жырлары да бір, тілі де бір...
Голощекиннің қандені шығар, тағы да күшік шәуілдеді. «Голощекин ұйқысы келмеген сон, далада қыдырып жүрген болар» деді Рысқұлов. Үңіліп сағатқа қарап еді, түнгі екіден асып барады екен. «Сорлыға обал - ақ болған, - деді Рысқұлов Голощекинді ойлап. -Ұйқыбазар ауруына шалдықса, азапқа түскені ғой. Әй, өзі де көрмегенді көрсетті ғой елге. Зауалы о дүниеде, тозақта қайтады деуші еді. О дүниені күтпей - ақ, тірісінде тартып жүрмесін зауалын. Ешқандай ем-дом қонбаса, тіпті Кисловодскінің зәмзәм ауасы мен суы да шипа болмаса, сол зауал соққаны да...
Рысқұлов та көзі ілініп, ұйықтап бара жатты... Өңмен түстің арасы... Кілең ақ кимешекті кемпірлер: арасында Дәу Омардың Ұлтуғаны бар, өзінің өгей шешесі Ізбайша бар, Қырғызбайдың кемпірі бар, бір қора кемпір. Рысқұлов өзі жоғары қабаттан түсіп келе жатыр, олар жоғары көтеріліп бара жатыр. - Саған дауыс бергелі бара жатырмыз, - дейді Қырғызбайдың кемпірі сампылдап. Дәл қай ауыл екені белгісіз: әлде Талғар, әлде Мерке, әлде Түлкібас. Бірақ ауыл дейін десе, коп қабатты еңселі үй.
Тарс деп мылтық атылғандай болды. Күшік шәуілдегендей болды. Голощекин түн ішінде курортта жүріп кімге мылтық атады? Тағы да тарс-тарс ете қалды. Рысқұлов тұла бойы қалшылдап, жүрегі мұздап барып... оянды.
Есікті әлдекім қағып тұр екен. Үстел шамын жағып, сағатқа қарады: тура үш. Ұйқысы келмей, сандалып келген Голощекин бе деді әуелі әлгі түстің әсерінен айыға алмай.
Шалбарын, көйлегін киіп барып:
– Кім? - деді.
– Аш! НКВД!
ТҰТҚЫН
Тым болмаса таң да атпады. Жарық сәулені тағы бір көрмеді. Мұрша бермеді. Бұлардың түн ішінде келетіні несі екен?
Еңгезердей екеу кіріп келді. Арттарында тағы біреу бар. Ол үйге енуге бата алмай, абыржып тұрған сияқты. Сөйтсе, ол бас дәрігер Вадим Петрович екен. Шырт ұйқыда жатқан жерінен мыналар оятып алып, осында еріксіз ертіп келген. «Понятой» деген керек екен. Заңның ол қай қайырымдылығы екенін кім білсін, сірә, куә сияқты бірдеңе болар?
Рысқұловты қалай тұтқындайды, заттарын қағазға қалай тізеді - соның куәгері болар, сірә?
Соңынан қақшиып тағы біреу кірді. Шамасы, ол сыртта, терезе алдында қалса керек. Егер Рысқұлов терезеден шығып қашар болса, сол арада адым аштырмай ұстап алуға дайын тұрған сақшы болды. Дайындығының күштілігі сонша, тапаншасын қолына ұстап алыпты. Алдыңғы екеуі қаруларын кобурынан суырмаған
– Азамат Рысқұлов, сіз тұтқындалдыңыз, - деді алғаш үн қатқан безеу бет, жирен сары.
– Не үшін? - деді Рысқұлов сабыр сақтамақ болып. Сұрағының орынсыз екенін біледі. Неге орынсыз? Не үшін тұтқындалатынын білу айып па? Сұрақ орынсыз емес. Бірақ ол сұрақты мына әзірейілдерге қою орынсыз. Бұлар бәрібір айтпайды. Ертеректе, 1919 жылы Ташкентте эсэр Успенскийдің жендеттері де Рысқұловты тұтқындағанда, Рысқұлов:
– Не үшін? - деген. Жендеттер: