Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Бара көресің, - деген. Мыналар да қазір:

– Бара көресің, - деді.

Арада он сегіз жыл өтіпті. Сұрақта сол, жауап та сол.

Бірақ о жолы Успенскийдің оғынан комиссар Кобозев құтқарып қалған. Енді кім құтқармақ? Енді кімің бар, Рысқұлов?

Тұтқындаушы гимнастеркасының төс қалтасынан алып, ордерді көрсетті.

– Кімнің қолы? - деді Рысқұлов.

– Вышинскийдің өз қолы, тұтқындау ордері № 161, 21-мамыр 1937 жыл, - деді анау масаттанғандай, бас прокурордың қолы қойылған ордерді төс қалтасына салып жүргенін дәреже тұтып.

Тек сонда ғана Әзизаның:

– Тұрар! - деген ащы даусы шығып кетті. Тұтқындаушылар селк-селк ете қалды. Олар Рысқұлов жалғыз емес, жанында әйелі бар екенін әбден біле тұра, мұнда екінші адамның тұрғанын енді ғана көргендей тосын үрпиісіп, еріксіз кобурларын сипалады.

Әзиза мына келгендердің жамандық хабар екенін білсе де, әлі де әлдеқалай әбестік шығар деген үмітпен тіл қатпастан шыдап тұрған. Тек Вышинскийдің атын естігенде барып, сол үміт оты жалп етіп, өшіп қалғандай болды да, жан даусы шығып, тағы да:

– Тұрар! Шын ба? - деп шыңғырып жіберді.

Осыған дейін Рысқұловқа тура қарай алмай, әлгілердің артына тығылып тұрған «понятой» дәрігер екені енді есіне түскендей, Әзизаға тұра ұмтылып:

– Қойыңыз. Сізге қатты толғануға болмайды, - деп бәйек болды. - Қымбаттым, баланы аяңыз, - сіздің жағдайда сабыр сақтаған жөн.

– Ой, Вадим Петрович! Бұл не сұмдық? Рысқұловты тұтқындау деген не сұмдық?

Енді әйелін тыныштандыруға Рысқұловтың өзі кірісті.

– Әзиза, ақылың бар еді ғой. Айқайлама, бұларды айқаймен ала алмайсың. Вадим Петрович дұрыс айтады: ішіндегі нәрестені ая. Зақым келеді. Сабыр ет, дәлелде Рысқұловтың жары ойбайшыл, осал әйел емес екенін. Шыда!

– Шыдайын десем, шыдатпай тұр ғой, Тұрар - ау, не жаздық, кімнің ала жібін аттадық? Бәсе, телефон үн қатпай, тілі кесіліп қалғанынан қорқып ем...

– Не разговаривать! - деп арс етті безеу бет.

– Әне, енді біздің де тілімізді кеспекші, - деп Әзиза дес бермеді. - Осы Кеңес өкіметіне сенен адал адам жоқ еді ғой, Тұрар - ау, не болдық?!

– Молчать!

– Жолдас капитан! Әйел кісімен бұлай дөрекі сөйлесу жарамайды, - деді Рысқұлов зілдене.

– Мен сізге жолдас емеспін! - деп тарс кетті безеу бет. - Азамат деп сөйлеңіз. Жә, киініңіз.

Сонан сон серіктеріне иегін көтеріп қалды. Олар қарғы бауы босатылған бөрібасарлардай лап қойып, үстелдің тартпаларын, шкафтың ішін, туалеттің ішін тінте бастады.

– Белдік тақпаңыз!

– «Дәл Успенскийдің жендеттерінің айтқаны - деді ішінен Рысқұлов, - Осы Успенский қайта тіріліп кетіп, өкіметті басып алған жоқ па екен?»

– Галстук тақпаңыз!

«Құдды өзі. Ұқсамасаң - тумағыр».

– Ұстара алмаңыз!

Рысқұловқа бұл бұйрық та таныс. Сонда да жорта:

– Сақал-мұртты қайтеміз? - деді.

– О, қам жемеңіз. Ақы - пұлсыз шаштараз табылады, - деп ызғарлана мырс етті безеу бет.

Осыдан он сегіз жыл бұрын,Ташкенттің Садовая көшесіндегі үйінде тұтқындалғанда да, Успенский мен Кушекиннің жендеттері де дәл осындай жауап берген. Тарих қайталанбайды дегені қайда? Бекер сөз. Бәрі де қайталанады. Күн шығады, күн батады,, күн қайта шығады...Жаз келеді,қыс түседі,қайтадан жаз келеді...

Тінтушілердің ең үлкен «олжасы» - жазу үстелінің тартпасынан табылған пистолет «Браунинг» болды. Пистолетті бірінің қолынан бірі алып, көріп, нөмірін тексеріп, қағазға түсіріп, қаттап ерекше қастерледі. Патрондарын түгендеді. № 240658. Патроны - 7.

Рысқұлов сезікті болса, осы пистолетті жастығының астына тығып жатып, мыналарды шетінен жайратып салуға жарар еді. Мүмкін, құтылып кетуге де... Бірақ қайда? Иранға ма, Түркияға ма... Кеттi ғой кезінде Мұстафа Шоқай, Зэки Уәлиди...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий