Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мәскеуге келесі пойыз кешке жүреді екен. Касса алдында ұзыннан – ұзақ тізілген жұрт. Жан қалтасын сипалап еді, ақшасы құрғыр ақ сөмкемен люксте қалып кетіпті. Сонда да есін жиып, кезектің соңы кім деп сұрап алып, қартаңдау бір орыс әйелге:
– Мен қазір келемін, сізден кейін кісі бар деп айта салыңызшы, - деп өтінді.
– Жарайды, қызым, жарайды, - деп кемпір жалпақтады.
Келген ізімен алқынып кері қайтты. Таң атып, күн шығып, курортшылар нарзан бұлаққа құлап бара жатыр. Қолдарында сол әшекейлі тостақтар. Жадыраған күн, жайбарақат заман, уайым - қайғы деген атымен жоқ, барлығы да не деген бақытты жан?! Адыра қалғыр Ащыбұлақ әтір сасиды. Жұпардан жаратылған жаннат жай Рысқұловтарға неге жауықтың? Неге жайсыз болдың? Бірер тамшы суынды аядың ба? Мың - мың адам ішіп-ақ жатыр той шипа суыңнан. Солардың ішінде садақасы біз болдық па? Не жаздық, неңді алдық біз сенің, Ащыбұлақ?!
Айналып өтейін десең, айдаланың жолы жоқ. Табан астында жүзіқара жандай, беті шіркеуленіп, жұрт көзіне түспейін деген тілек пайда болды. Адам өлтірмей, ұрлық істемей, кісі ақысын жемей, жайдан-жай жүріп, адамдардан именшек, күбіжік мінез шыға келді. Әзиза тіпті Жандосовтар кездесіп қалар ма екен деп қуыстанды. Бұл қалада ең таныс, ең етжақын дейтін сол Жандосовтар ғой. Енді солармен жүздесудің өзіне еріксіз тыйым салынғандай. Қазір барса, Жандосов ер мінезді жігіт қой, бұдан көмегін аямас еді, кезексіз билет алып, пойызға салып жіберер еді, бірақ... әлдене тежеді де тұрды. Кесіріміз тиіп кетпесін деген санасыз түйсік пе екен, бір белгісіз, аты жоқ сезім билеп алды да, Жандосовтарға жолығудың жөні жоқ деп шешті.
Ешкімге із-түзін білдірмей кетіп қалғысы келді. Қарсы жолыкқан адамның бетіне қарамайды, жанынан адамдар ағылып өтіп жатыр. Біреулер мұның соңынан бұрылып та қараған сияқты. Танитын шығар. Мейлі. Бұл танымайды. Бұл ешкімді де танымайды. Ендігі жерде мына қуанышқа мелдектеп тұрған курорт бұған жат. Із - түсіз, ләм - мимсіз кету керек. Ойлап қалсын жұрт: Рысқұловтар періштелер сияқты ғайып болған екен деп. Лермонтовтың Демоны - Дәу Перісі әкетіп қалған екен десін. Дәу Пері осы өлкеде ұшып жүрген ғой. Тамара сұлуды аямаған Дәу Пері кімді аясын? Дәу Періге де адамдардың әркімі емес, татымдысы, ақылдысы керек көрінеді ғой. Ақылды адамдар азап үшін жаратылған. Білімді адамдар қасірет үшін жаралған. Мұны баяғыда - баяғыда Ұлы Кітап айтып қойған: көп ақылдан - көп қайғы деген, көп білімнен - көп қасірет деген.
Онысы несі десе, білімді, ақылды адам мына дүниенің кем - кетігін, ірік-шірігін, арамдығы мен әділетсіздігін басқалардан бұрын сезіп, бұрын біліп қояды екен ғой. Ал ондайлар ел басқарғандарға ұнамайды екен. Патшалар, императорлар, корольдер, перғауындар халқының жуас, момын болғанын қалайды екен. Жуас түйе жүндегенге жақсы ғой. Шатақ, бүлік білімділерден шығады деп қорқады екен.
Бірақ пенденің қай ойлағаны болып жатыр? Елде, сонау алыс Қазақстанда, ағайынды Түлкібас пен Жуалыда айтар еді:
Көшіп жатыр ауылым, қонып жатыр,
Қай айтқаны пенденің болып жатыр?
Қырқасына қырықтың шықсақ тағы
Арман шіркін кеудеде толып жатыр. -
деп.
Сол айтқандай, Әзизаның танитын ешкім кездеспесе екен деген соңғы тілегі де орындалмады. Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады депті ғой. Сол айтқаны рас екен, тура қарсы алдынан:
– Ay, періштем, неге жалғыз жүрсің? - деген жағымсыз қырылдақ үн шықты, қараса Голощекин екен. Тұла бойы қорқынышқа үйреніп, еті өліп қалса да қазір селк ете қалды. Текесақалға қасіретті көзден зәр шашып, үн қатпастан өте шықты. Голощекин оның артынан бұрылып қарап:
– Аянышты, өте аянышты. Мұндай сұлу жападан-жалғыз... - деп бірдеңені міңгірлеп қалды.