Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Жоқ, осы мына өзіміздің Қарақолда ірі татар саудагері тұрған. Кейін Алматыға көшіп келген. Апалы-сіңлілі екі қызы болған. Екеуі де бойжеткен. Екеуі де ерен сұлу. Содан сол Қазаннан екі қазақ жігіті зоовет институтын бітіріп келе қалмай ма? О кездегі оқу бітіргендер, өзің білесің, формамен жүреді. Иықтары, түймелері сары ала. Біреуі жаңағы айтқан Түбек Есенқұлов, екіншісі Оразқұл Базанов. Хикаясы көп әнгіме, қысқасын айтқанда, екеуі әлгі татардың екі қызына үйленеді. Алматыда ұлан - асыр той болады. Енді сол Түбектен Әзиза деген қыз, Оразкүл - ден Нәйлә деген екі қыз бой жетіп отыр. Екеуі де осындағы малдәрігерлік институтында оқиды. Бірінен бірі өткен сұлу. Оқыған десең оқыған. Оқығанда, қаланың тікбақай қыздары емес, өте көргенді, текті жандар. Ал қалағаныңды ал. Неғыл дейсің?!

– Не дейін? Көрмей - білмей... Әрі десе, тым жас екен. Айман мен Шолпанға қол созған Көтібар көкем сияқты болып...

– Бұл ағаң сені оғаш іске итермелемейді, - деп Тынышбаев дес бермеді. - Отыздың ішіндегі қылшылдаған жігіт те өзін Көтібарға теңей ме екен? «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал». Мәскеуде тағы бір маржаға тап болсаң, Қазақстаннан мүлде қол үзіп қалуың да мүмкін...

Рысқұлов мейлі де демеді, жоқ та демеді, күмілжіңкіреп, отырып қалды. Адамның осал кезі осындайда. Дәл қазір қазықты қаттырақ қақсаң, қара тас болса да кіріп кетеді. Көпті керген әккі Тынышбаев:

– Әй, Ескендір! - деп көрші бөлмедегі баласын шақырды.

Мұның да баласының аты Ескендір, жиырмаларға жуық бозым жігіт. Мұрты тебіндеген, сұңғақ бойлы, келісті азамат. Алматыға әлі сіңісе қоймаған кино өнерімен әуестеніп жүрген жайы бар.

– Не, көке? - деп жетіп келді.

– Әкелші, әлгі альбомды.

Жігіт жымың етті де, лезде альбомды әкеліп алдарына қойды.

– Міне, мынау Түбек Есенқұлов, - деді Тынышбаев, - былғыр ғана дүние салды. Ерен жігіт еді...

Суретте әскери киім сияқты форма киген көркем жігіт, өзі өлсе де, тірі адамдай бұларға үнсіз қадала қалды.

– Мына қасындағысы - Әрифа. Түбектің ханымы. Ақ желек жамылған, аса көрікті кісі екен.

– Бұлар біздің жақындарымыз ғой. Сондықтан суреттерін өздері сыйлаған. Ал енді... қыздарды көресің, - деп Тынышбаев альбомның келесі бетін ашты.

Мөлдіреген екі қыз бас түйістіріп отырып түскен екен суретке. Бір-біріне өте ұқсас. Туған бөлелер ғой. Киімдері татарша мен қазақшаның қосындысындай, бірақ көркем.

– Мынаусы Әзиза, мынаусы - Нәйлә, - деді Тынышбаев саусағымен меңзеп.

Шынында да екеуі бірінен бірі өтеді, аса ажарлы періштелер.

– Ау, Мұха, бұларыңыз мына маған емес, ана Ескендірге тең, жап-жас балалар ғой.

– Өзіңді өзің төмендетпе, Тұрар. Сені төмендеткісі, мұқатқысы келетіндер өзіңсіз - ақ табылады. Осыдан тәуекел деп көрші, көнбесе - әкел қолыңды. Мен сені жаманшылыққа итермелемеймін ғой. Оған көзің жеткен шығар...

Рысқұлов әсте көзсіз ожар емес, бірақ дәл қазір ойынпаздардың құмарлығындай бір сезім биледі де:

– Е, енді бұл деген жансыз сурет емес пе, - деді.

– Ойбай, емеурін білдірсең болды - үйге шақырып, әлгі... әй, Ескендір! Сенің туған күнің қашан еді? Той-томалақ сияқты бір кеш өткізіп, соған шақыра саламыз.

– Ой, көке, менің туған күнім әлі қайда, күзде ғой, - деп Ескендір күлді.

– Ал мына қыздарды үйге қонаққа қалай шақырамыз?

– Е, олар алыста, - деді Ескендір, - біреуі Көкшетауда, біреуі... Украинада практикада жүр.

– Мәссаған. Енді қайттік, - деп Тынышбаев қынжылып қалды.

Беті бері қараған бұл іс ойламаған жерден оқыс бұрылып, теріс айналғандай болды.

– Қашан қайтады олар?

– Ой, көке, кеше ғана кетті ғой, ең кемі екі айсыз келе қояр ма екен, - деді Ескендір енді мәселенің аса маңызды екенін түсініп. Содан соң, сәл кідіріп:

– Несі бар, Көкшетауға барып қайтуға да болады, - деді. Құдай аузына салды ма, кім білсін, Көкшетау деді.

– Аға келіссе, мен ілесіп жүрейін.

Бұған қалай қарайсың дегендей, Тынышбаев Рысқұловқа бұрылды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий