Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Рысқұлов ойланып қалды. Көкшетауды бұрын көрмеп еді, сыртынан құмар еді. Көңілінде ертегідей ғажайып ел еді. Жұмысбасты адам. Түрксіб тіршілігімен Қазақстанға келген сәті. Мұндай сәт орала бере ме? Қызды қойшы... Жерді көріп қайтқан да жөн. Атағы жер жарған Көкшені көріп қайту - текке уақытты ұттыру ғана емес шығар. Әрі десе, бұйрық жүрсе... кім біледі... Жатқанға жан жуымас, жүргенге жөргем ілесер.

– Жарайды, - деді Рысқұлов.

***

Купенің есігін серпіп ашып, безеу бет кіріп келді. Масаңдау. Көңілді.

– Қалай, Дима, қонағыңның іші пысқан жоқ па? - деп қарауыл мен тұтқынға қарама қарсы отырды.

– Тамақтан бас тартты, - деді қарауыл.

– Неге, мүмкін біздің тамағымызды менсінбейтін шығар, - деп қағытты безеу бет. - Ал, азамат Рысқұлов, неге бас тарттыңыз?

Рысқұлов жаңа ғана әдемі дүние арасында жүр еді. Ол әлгіде ғана, Алатаудан шығып, Көкшетауға аттанып бара жатыр еді. Тұтқын жалғыздықтан жалығып еледі деп бекер айтады. Тұтқын ой теңізінде жүзе білетін тұтқын болса, жалықпақ емес. Адам өз ойымен өзін жұбатуға да болады, жылатуға да болады.

– Мен сізден сұрап тұрмын, неге тамақ ішпейсіз?

Рысқұлов безеу бетке шаншыла қарады да:

– Тәбетім жоқ, - деді.

«Тұтқындағы император ғана осындай тәкаппар болады» деп қойды безеу бет.

– Мейлі, әлі сұрап ішетін боласыз. Еркіңіз білсін. Біздің міндет - сізді есен-сау тиісті орынға тапсыру. Онда сізді маңдайыңыздан сипаса - өздері біледі. Айтпақшы, - деді безеу бет сыңар езулей күліп, - Сіздің досыңыз Қорықмасов та қолға түсті. Осы вагонда. Минеральные Воды станциясынан отырды.

– Менің досым екенін қайдан білесіз?

Безеу бет мырс етті:

– Біз бәрін білеміз. Бізге бекер менсінбей қарайсыз. Гунибке барып, Шәмілдің аруағына сиынып, анттасқан Қорықмасов екеуіңіз емес пе едіңіз...

– Қандай ант?

– Қандай ант екенін тиісті жерінде өзіңіз айтасыз.

Безеу бет айтарын айтып алып, артынан өкініп қалды. Мастығы лезде тарқап кеткендей, лезде қуқыл тартты. Бұл тергеуші емес. Бұл тұтқындаушы. Әрі десе, «вагонзакта» кім бар, кім жоғын жариялауға да тиісті емес. Ақылы артынан кіріп, қипақтап қалды.

– Сол Қорықмасовты осы купеге әкелуге болмас па екен, - деді Рысқұлов әдейі.

– Оны сағынсаңыз, әлі кездесудің сәті түседі ғой деп ойлаймын. Дима, тырп етуші болма!

Безеу бет осыны айтып, купенің есігін тарс жауып, кетіп қалды.

Пойыз дөңгелегі сарнайды. Таусылмайтын неткен ұзақ жол. Мезгіл күндіз бе, түн бе -белгісіз? Тұтқын мен түн-түнек некелескендей. Тұтқын тек түнекті ғана сезеді, түнекті ғана аймалайды, тұтқынның әйелі - түнек. Енді осыған көн, дағдылан, Рысқұлов. Енді қайтып сүйген жарың, алған жарың Әзиза Түбекқызын аймалайсың ба, жоқ па - бір Тәңірінің ісі. Енді сен түнек құшағындасың. Қараңғы қара қапас саған ынтық болды, амал не? Қорықпа. Анаң Қалипа марқұмның құрсағында жатқаныңда да осындай қараңғы болатын. Жарық дүниеде қырық жыл жасапсың. Жарық дүниеге келгеніңе тәуба қыл. Келмей қалсаң қайтер едің? Азды - көпті дәурен кештің. Қарадан шығып хан болғандай дәрежеге жеттің. Көп жандар жабы мінгенде, сен ақбоздан арғымақ міндің. Бірақ ол да жағы түкті жылқы айуан. Бір түнде-ақ ақбоздан аударылып түстің. Алтын-күміс әбзелді арғымағын адастырды. Ақ некелі асыл жарың артта, Қап тауының бір қойнауында аңырап қалды. Бұ да болса, Тәңірінің жазуы шығар, тәуба қыл. Ендігі жарың - сайқал түнек. Қараңғы қапасқа да түртінектеп үйренерсің. Тек, егілме, мүжіле берме. Қайрат қыл. Алда әлі тозақ деген сынақ тұр. Сталин саған құрығын көптен үйірген. Ноқтасын үзе беріп нең бар ед?! Енді құрығын салды. Қылқындырмаса болғаны.

***

Арасына он екі сағат салып, екі жолаушы пойызы Кисловодскіден бірінен сон, бірі Мәскеуге келді. Мәскеуде де сирень гүлдеп, терістік самалымен айналаға хош иіс жайылып тұрған мейірлі шақ екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий