Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ішкі түрме деген не? Ішкі, сыртқы деген түрме бола ма екен?
– Болады. Ішкі түрме деген НКВД - ның өз ішінде.
– Лубянка ма? - Иә.
– Мені онда кіргізе ме?
– НКВД - нің бюросына барып, арыз жазып, рұқсат сұрасаңыз, мүмкін, жолықтыруы.
– Сендер неге келдіңдер?
– Біз мөрленген үйлерді күзетеміз.
– Үйлер... үйлері қалай? Менің ғана үйім емес пе?
– Жоқ, қарсы есікке қараңыз, о да мөрленулі.
– Рудзутак?!.
***
– Кел, - деді Надежда Константиновна, - кір енді. Неғып тұрсың босағада? Өзіміз де күтіп отырмыз сені...
Қанша айтқанмен, күндес қой. Тұрардың бұрынғы әйелі. Табалайтын шығар деді. Күлін шашып, етегін ашып күлетін шығар деді. Мені тастап алған нақ сүйері сен едің, енді не болдың деп айта ма деп қорықты. Біреудің сорынан біреу бақыт тапқан қандай болады екен? Жас едің, сұлу едің, сұлулығыңды суға езіп іш енді деп айта ма деп жасқанды.
Бірақ алдырған албырт, анасының қойнын ашады.
Бұрын көрмеген күндесінін есігін қақты. Есік қағардан бұрын, ары жүр десе қайтем деп кеп ойланды. Ақыры, мен бейбаққа ендігі жерде бетмоншағым үзіліп тұрған жараспас деп, тәуекелге басты. Жоқ, күндесі кеудесінен итерген жоқ. Кір, үйге кір деп тұр.
– Біздің адамдар осы үйде ме?
– Осы үйде. Осы үйде болмағанда қайда барады? Жүр енді. Сәулесі аурудан тұрғандай азып қалыпты. Бала да болса, бәлені сезе ме екен, Әзиза оны бас салып құшақтағанда, кішкентай Сәуле күрсініп салды. Әзиза солқылдап жылап, дауыс қыла бергенде, шешесі Әрифа:
– Дауыс қылма! Ярами! - деп қаһарланды.
Тұрардың Надеждадан туған қызы Соня да, одан бұрынғы Наташадан туған ұлы Ескендір де... кішкентай Майя да үрпиісіп, жап-жас бала жүректеріне үрей ұя салып, әлде бір беймәлім ойлағандай, әлден қартайып қалғандай, беттерінен қызыл тайып, боп-боз болып, әлден әжім түсіп қалғандай, мезгілсіз шыққан бәйшешекті қайырымсыз қатал үсік ұрғандай солыңқы екен.
Екі үйдің арасындағы дәнекер - Ескендір еді. Ескендір кішкентайынан, соноу Ташкентте осы Надежданың, Рысқұловша айтқанда, Наденьканың қолында өсті.
Тағдыр екен, Надяға Құдай қос күндес берді. Алғашқысын, атақты сұлу Наталья Алексеевнаны Надя көрген жоқ. Бірақ одан туған Ескендірді бауырына басты. Кейінгі күндесі, міне, енді алдында отыр. Бұрын:
– Жана шешең қандай екен? - деп сұрайтын Ескендірден.
– Жақсы, - дейтін Ескендір.
– Бізге көптен бері келмей кеткенін содан екен ғой, - деп ептеп қызғаныш білдіретін Надя.
– Қойшы, мама, мен сені жақсы көремін, - деуші еді, есі кіріп қалған Ескендір.
Надежда Константиновна Тұрардан да гөрі, осы Ескендірді қызғанатын сияқты еді.
Осы Ескендір өз шешесін көрмесе де, шешеден кенде болған жоқ. Әжесі Елизавета Петровна оны жөргегінен бағып-кақты. Өгей шешесі Надежда Константиновна оны қолынан жетектеп жүріп өсірді. Кіші өгей шешесі Әзиза Түбекқызы оны шекесінен шертіп көрген емес.
Бұлардың үстіне тағы бір ана Ескендірге шуақты мейірімін мол төкті. Ол - Ольга Константиновна еді. Надежданың туған апасы, Жанша Досмағамбетовтың жан жары. Воронеж айдауынан кейін Досмағамбетов те Москвадан баспана тапқан, қуғын -сүргіннен сәл саябырлаған тұсы еді. Бұлардың үйіне де Ескендір жиі барып тұрушы еді.
– А, Ескендір батыр, кел, - дер еді Жанша Досмағамбетов. - Әкең қалай, аман ба? - дейтін. – Жұмысы көп, қолы тимейді, көріспегелі көп болды, - дейтін.
Ал Ольга Константиновна баланың асты-үстіне түсіп, бәйек болып, асының дәмдісін аузына тосатын. Құдіреттің ісі шығар, Жанша екеуінен бала жок. Неге екенін кім білсін, осы Ескендір әлдеқалай адасып қалған өз балалары сияқты көрінетін де, екеуі де Ескендірді айналып-толғанатын. Ескендір үйлеріне келгенде, соноу Ташкентте өткен жайма-шуақ аз жылдардың жылылығы ілесе келгендей, ерлі-зайыпты екеуі де қаяулы көңілдері шәйдай ашылатын. Ол Тұрар Рысқұлов Түркістан Совнаркомы болған кез еді.