Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол көгершін, тек мына сүр тас үйге ғана ұя салмайды. Ұя салмақ тұрмақ, маңайына жоламайды. Адамнан гөрі, жан - жануар, ұшқан құс, жүгірген аң, құрт - құмырсқа сезімтал дейді ғой. Топан суы қаптарын, зілзала боларын адам алдын ала білмейді, ал әлгілер біледі. Мысалы, өткен ғасырдағы бір зор зілзала алдында, біреудің иті үйінде ұйықтап жатқан жас нәрестені көйлегінен тістеп ала қашыпты. Итім құтырған екен деп иесі мылтығын ала жүгіріпті. Артынша аяғының астындағы қара жер теңселіп ала жөнеледі...

Сүр тас үйдің сұсынан қорқа ма, әлде бұл үйдің адамдары құсты улайтын бірдеңе сеуіп тастаған ба, әйтеуір бұған көгершіндердің жоламайтыны рас.

Бұл үйдің қызметкерлері, бәлкім, көгершіндерден қауіптенетін де шығар. Өйткені көгершін хат тасушы қызметін де атқаратын көрінеді ғой. Тылсым құпиядан жаралған тас үйден сыртқа бір түйір сыбыс та, дыбыс та шықпауы керек. Марқұм Феликс Дзержинский іргетасын қалаған ЧК, ол дүниеден қайтқалы бері мың есе есіп, өнерленіп, канаты қат-қат болып қалыңдап, қаһарлы мекемеге айналғаны сонша, одан қорықпайтын, одан сескенбейтін, Сталиннен басқа, бірде-бір жан жоқ. Мейлің кім болсаң ол бол, маған десең, Сталиннің оң қолы бол, бәрібір, сүр тас үйді көргенде, жүрегі зырқ етпей қалмайды. Міне, осы үйдің астындағы зынданға Рысқұлов түскелі бір апта өтті. Подвалды зындан демегенде не дейміз? Подвал болғанда да иір-шиыр, шытырман жолдары, дәліздері көп. Дәліз шамы өлегізіп, сықсиып тұрады. Айнала мұздай сүр тас. Мұншама тас тауы жоқ Мәскеудің қай жерінен табыла берген?

Бірақ таңғалатын не бар? Бір түйір тасы жоқ еспе, ұлпа құмның арасына баяғының перғауындары соноу алыстағы Асуаннан үйдей - үйдей тас тасып, соны қашап, таудай -таудай пирамидалар тұрғызған ғой. Бұдан бес мың жыл бұрын. Пойызы жоқ, тракторы жоқ, экскаваторы, бульдозері, краны жоқ сол кезде әлгіндей болғанда, мына мотор заманында бір үйдің астын-үстін тастан өруі киын болып па, тәйірі?

Сол подвалда НКВД - нің Ішкі түрмесі деген орналасқан, Бұхардың әмірінен несі кем: үстіңгі жағы салтанатты Сарай, асты - зындан.

Шамада бір аптадан соң, айдауыл Рысқұловты зынданнан шығарып, екінші қабаттағы тергеушінің бөлмесіне жеткізді.

Бөлменің жарығынан Рысқұловтың көзілдіріксіз жарымжан көзі қарығып, төрдегі үстелді, үстел басында отырған адамның сұлбасын ғана көрді.

– Отырыңыз, - деді әлгі адам.

Рысқұлов түртінектеп, шамалап барып, қолымен сипалап тауып, орындыққа отырды.

– Немене, көзіңіз нашар ма? - Әйелше жіңішкелеу дауыстың, бұл тұңғыш сұрағы.

– Көзілдірігімді жоғалтып алдым, - деді Рысқұлов.

– Жарамаған екен, - деді әлгі, сөйтіп қонырау қақты. Кіріп келген адамға:

– Барсуков, азамат Рысқұловтың көзілдірігін әкеліп бер.

– Құп болады.

Арада бес минут өтпей, Барсуков Рысқұловқа көзілдірігін ұсынды. Рысқұлов сипалап, ары-бері төңкеріп қарады. Өзінікі сияқты. Құлағына іліп еді, жанары жарқ ете қалды.

– Көрдіңіз бе, көзілдірігіңізге дейін жоғалмаған, - деді үстел басындағы жұқалтаң сары кісі. - Танысып қояйық: тергеуші Нейман. Мен тергеуші, сіз жауапкер.

Есіңізде ме, азамат Рысқұлов, камерада жатқаныңызға қанша күн болды?

– Алты... иә, алты күн.

– Дұрыс. Ал сол алты күн бойы сізді неге жауапқа шақырмаған?

– Оны мен білмеймін.

– Білмейсіз. Әрине, білмейсіз. Бірақ әріректен ойласаңыз - білесіз. Егер сізді сол Кисловодскіден келген бойда менің алдыма алып келсе, сіз:

– Қандай правоң бар? Мені Ежовқа жолықтыр! Сталинмен жолықтыр! - деп тулар едіңіз, рас па?

– Сол талапты әлі де қоя аламын. Ежов өзі де біліп отырған шығар. Ал Сталин жолдаспен хабарласуымды қамтамасыз етуіңізді талап етемін, жолдас Ней... Нейман.

– Азамат тергеуші. Түсіндіңіз бе, мен сіз үшін бұдан былай «азамат тергеуші».

– Иә, замат тер – геу - ші.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий