Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Тілек болғанда... Менің кітабымның қолжазбасын сіздің қызметкерлеріңіз алған еді. Сол жоғалып кетпесе жарар еді.
– Білемін. Тарихи еңбек қой. Жоғалтпаймыз. Ол қолжазба туралы әлі әңгімелесеміз.
– Көп жыл тірнектеп материал жинап, түнде ұйықтамай, көз майын тауысып жазған дүнием еді, шашылып, жоғалып кетпесе дегенім ғой.
Рысқұловты айдауыл камераға қайта әкеліп жапты. Темір есіктегі темір құлып сақыр-сұқыр етті де тынды. Камераның ортасында тұрып, жан-жағына қарады. Жабық темір есіктен басқа төрт қабырға тұтас сұр бетон. Терезе жоқ. Төбеде торлап тастаған шам елегізіп тұр. Тақта төсек. Босаға жақтағы бұрышта «параша» дегені тұр. Ол дәрет сындыратын шелек. Басқа түк жоқ. Әр қабырғасы төрт қадам. Көрден гөрі сәл кеңірек.
Тақтаға қисайды да ойға қалды. Енді оның ойдан басқа жолдасы жоқ. Әзиза, әйтеуір, аман-есен жеткен екен. Ал Ольга Константиновна... Бұрынғы қайынбикесі. Жанша... бұрынғы бажасы. Қайран Жанша. Оған да құрық түскен екен. Оған құрық қайта-қайта түсе береді. Өмірінің ширегі түрмеде өткен шығар. О басында түрмемен алысып, адвокат болуды қалап еді. Ақыры түрме жеңетін түрі бар.
Соноу 1922 жылдың күзінен кейін, Рысқұлов пен Досмағамбетовті тағдыр туысқан етті. Бұйрық екен, екеуі бажа болды. Содан 1923 жылы Рысқұлов Жаншаны Орынбордан Ташкентке көшіріп алды. О, 1923 жыл. Рысқұлов Түркістанның Совнаркомы. Кімдерді шақырмады сонда ол Ташкентке. Жанша Досмағамбетов, Халел Досмағамбетов, Мағжан Жұмабаев, Әубәкір Диваев... Мұхтар Әуезов... Кілең ығай мен сығайлар. Кілең білімділер, зор таланттар. Санжар Асфандияров тағы бар.
– Біздің Түркістанға қарынның тоқтығы ғана жеткіліксіз. Біздің Түркістан рухани байлыққа да молығуы керек, - дер еді Рысқұлов. Ақындар, жазушылар, ғалымдар, әншілер, жыршылар... осының бәрі енді-енді тамыр байлап, қаулап өсіп келе жатқанда, Сталин жолдас, Ленин өле салысымен, оның өлі денесі суымай жатып, Түркістанды таратып, бөлшек-бөлшек етуді жедел қолға алды да, республика жыртысқа айналып кетті... «Бөліп ал да билей берді» Сталин патшадан асырып жіберді. Ал Рысқұлов Түркістан республикасына Қазақстанның батысын, терістігін, шығысын қоспақ еді...
Енді Жанша да осында көрінеді. Сол 1923 жылы бұлар бір үйдің адамдарындай, дастарқан басында ұдайы бірге болар еді. Жаншаның балдызы, Рысқұловтың әйелі Надя босанып, Софья атты қыз дүниеге келді. Сондағы тойхана...
Бәрі-бәрі көз алдында. Жанша бұрыннан атағы жер жарған адам, Ташкентте өте сыйлы болды. Оны жұрт қазақтан шыққан Плевако десетін. Федор Плевако патша заманының аты аңызға айналған адвокаты ғой. Осы Досмағамбетовтің жерлесі әрі жиені десе де болады. Оның өзі бір роман.
Федор Плеваконың әкесі бір орыс әкімінің қолында малайлықта жүрген қазақ қызымен көңіл қосады ғой. Орынбор маңында. Бірақ некелеспеген көрінеді. Әкесі Плевак деген латыш екен. Қазақ қызы одан үш бала табады. Бірақ бәріне айналадағылар «заңсыз» деп қарайды, келеке қылады. Отырса - опақ, тұрса - сопақ. Малай қазақ қызын орыс қожайын шоқындырып, Екатерина деп атаған екен. Сол сормандай Екатерина тағы да төртінші бала табады ғой. Келемежден кекірік атқан адамдар бұл қазақтың малай қызы болашақ ұлы адам туғанын қайдан білсін? Білсе, күлмес еді. Болашақ ұлы адамның анасын қорламас еді. Бірақ адамдар көбінесе адасады ғой. Адамдар адаспаса, заман әр кезде де түзу болмай ма?
...Сөйтіп, сорлы ана бұл баласын өзенге тастап өлтірмек болып, жөргекке орап алып бара жатқан жерінен иманды біреу кездесе кетіп, бейкүнә нәрестені аман алып қалады... Кейін сол бала аты әлемге әйгілі Федор Плевако болып шығады. «Плевак» деген ыңғайсыздау сөз болған соң, ол заңдастырып жүріп, фамилиясына «о» қостырып, Плевако болған ғой. Кейін - кейін өзінің жарық дүниеге келмей жатып, өліп қала жаздағанын білгенде, Федор Плевако өзінің қазақ анасын айыптамаған. Қайта алақанына салып, аялап отырады екен.