Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Нейман қағазын жайып, қаламын қолына алды.
– Мәселені 1915 жылдан бастаймыз. 1915 жылы қайда болдыңыз?
– Ташкентте.
– Не істедіңіз?
– Мұғалімдер институтында оқыдым. Сабақтан қол бос уақытта, Ташпулат деген бай өзбектің бау-бақшасын күтіп, бағбан болдым. Көмектесетін туыстың жоқтығынан.
– Одан басқа не істедіңіз?
– Басқа не істейін? Оқу оқып, жұмыс істеген адамның басқа шаруаға қолы тие ме?
– Көлбай Тоғысов дегенді білесіз бе?
– Білемін.
– Оның «Үш жүз» деген партиясын да білесіз ғой?
– Естідім, бірақ оған қатысым жоқ.
– Қатысыңыз жоқ?
– Жоқ.
– Жарайды. Міне, бұл жерде жалған айттыңыз. Ал Мунавар Кары дегенді білесіз бе?
– Естідім.
– Оның «Иттихад ва Таракки» деген партиясын білесіз бе?
– Естуім бар.
– Естуіңіз бар. Естіп қана қойған жоқсыз. Тікелей қатыстыңыз. «Иттихад ва Таракки» деген қалай аударылады?
– «Бірлік пен өрлеу».
– Оны қайдан білесіз?
– Ондық сауатым бар.
– «Шуро-и-иеламия» деген не? Қалай аударылады?
– «Ислам кеңесі».
– Ол да партия ғой? - Иә.
– Мүше болдыңыз ғой?
– Жоқ.
– «Иттихад ва Таракки» партиясының түпкі мақсаты?
– Білмеймін.
– Білесің! - Енді Нейман «сіз» деп сыпайылағанды қойып, «сенге» көшті. - Білесің. Әбден білесің. Оның түпкі мақсаты - Жапонияның қолдауымен Түркі - Татар мемлекетін құру еді ғой. Қалайша ұмыттың?
– Мен мұндай арандатушы сұрақтарға жауап беруден бас тартамын.
– Бас тарта бер. Бірақ бәрібір мойындайсың. Ал партияның Орталық Комитетінің мүшесі болған Файзолла Ходжаев біздің қолымызда. Мойныңа қойып береді. Куәларың көп. Қашып құтыла алмайсың. Әуелі ең жақын достарың Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қайғысыз Атабаев, Юсуп Абдрахманов, Нығмет Нұрмақов қойып береді.
Рысқұлов көзін жұмып, қайда отырғанын ұмытқандай, ойға малтығып қалды. Қайран Ахаң тағы түскен екен ғой темір торға. Арыстанды тек темір торға қамап ұстайды. Ахаң бұған жала жаппас. Олай болуы мүмкін емес. Ахандай асылзада туа бермес. Ол мұны оққа байламайды. Жалған! Бірақ цирктегі найсаптар арыстанды да айтқанына көндіріп, айдауына жүргізеді - ау. Тіпті жұртты алдап, кейбір сайқал циркші басын арыстанның аузына да тығады. Сонда көрермендер таң қалып, қол шапалақтайды. Батырлығына сүйсінеді. О, сорлылар! Алданғанын білмейді. Арыстанның азу тісін қағып алып тастағанын олар білмейді. Азу тісі жоқ арыстан - арыстан ба?
– Ал?
Рысқұлов көзін ашып алды. Дүниеде не жаман - өзіңнің ақ екеніңді дәлелдей алмайтының жаман. Дәлеліңнің бәрі айдалаға кетіп, оны ұғар құлақ, түсінер жүрек болмағаны азап. Рысқұлов сол азап батпағының тереңіне батқанын сезді. Бірақ үміт өлмейді ғой, үміт өлген жерде адамды тірі екен деме.
– Азамат тергеуші, - деді Рысқұлов түрменің тіліне көндіге бастап. - Мен сізге әнеукүні бір тілек айтып, қолыңызға хат беріп едім. Меселімді қайтармай қабылдап алып едіңіз. Иманды екен деп іштей сүйсіндім де. Сол хатым Ежовтың қолына тиді ме?
Нейман енді шауып бара жатып, алдынан бір ор кездесіп, оқыс тоқтаған аттай оқыранып қалды. Әлгінде ескертті: маған сұрақ қойма деп. Оған пысқырмады. Сұрақ қойып отыр. Керісінше, мұның сұрағын жауапсыз қалдырды. Дегенмен, бірдеңесі бар, мысы басып кететіндей... Глебов ескертті: оның үлкен-үлкен кызметте болғанының бәрін ұмыт деп. Колхоздың қамбасынан картоп ұрлаған мұжықтан жауапты қалай алар едің, солай ал деп. Қазір:
– Сұрақ қойма! Менің сұрағыма жауап бер! Жалтарма! - деп үстелді жұдырығымен қойып қалғысы келді де, әлдене тежеп калды. Оның орнына: - Көмекшісіне тапсырдым. Одан арғысын білмеймін, - деді.
Шындығында, Ежовтың көмекшісінен бұрын, Глебовқа, өзінің тікелей бөлім бастығына көрсеткен. Глебов Рысқұловтың Ежовқа жазған хатын оқып шығып: «Вот нахал!» - деген. Артынша: «Мейлі, көмекшісіне бер. Николай Иванович бір рахаттанып қалсын», - деді.