Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Менің сіңлімді тастап, сені алғанда Рысқұловтың мүйізінің қарағайдай болғаны қайсы? -деп Ольга теріс айналса, Әзизаның қолынан не келер еді? Бетегесі бытырлап, сексеуілі сатырлап, даланы өрт алғанда, ақбөкен мен қасқыр бірге қашатын көрінеді. Басқа түскен ортақ нәубет араздасқанды, ажырасқанды жақындатады. Әйтпесе, Әзиза Рысқұловтың табалдырығын аттағалы бері Ольга да, Жанша да Тұрармен хабарласқанды сап тыйған. Енді міне, сол Ольга Әзизаны қолынан жетектеп, тас түрменің бұлым - бұлым бұралаң қыстарын түртінектеп, күйеулерін таба алмай жүр.

Тас қапастағы жалғыз жанның жарық сәулесі - басындағы ойы дегенмен, ойлануға да дағды керек. Өмір бақи әрекеттің, ірі - ірі қимылдың ішінде жүрмесе, көңілі көншімейтін Рысқұлов мына жатыстан жалығып, ішқұса бола бастады. Не кітап, газет оқи алмайды, не жазу жаза алмайды. Тым құрыса, қағаз бен қалам берсе... Нағыз жазу жазатын жер түрме болар. Неше толқын ойлар жосылып жатыр. Құмдауыт жағаға келіп жығылып жатқан ақжал толқындар қанша соққыласа да құмда із қала ма? Мына қағазсыз - қаламсыз ой да сол сияқты.

Рысқұлов өсіп кеткен тырнағымен қабырғаны тырнап көрді. Сұр бетонда із қалған жоқ, ал тырнағы жыртылып, жырымданып қалды. Тырнақтан басқа қаруы жоқ. Оның өзі тас қабырғаға болмашы із салуға да жарамайды.

Жата берсе, жаншыла беретініне көзі жетті де, төрт қадам шаршы камераны айналып жүре берді, жүре берді. Басы айналып, тақтаға барып құлағанша жүре берді...

Тергеушінің алдына екінші рет алып келді. Нейман орнынан түрегеліп барып, қайта отырды. Рысқұловтың сақалы тағы өсіп кетіпті, жағасы тағы да кір шалғандай екен. Кір қайдан жұғады? Шахтаға түсіп жатқан жоқ. Кетпен шауып, орақ орып, жер қазып жатқан жоқ. Тәулігіне екі-үш рет қана ашылатын темір есіктен басқа саңылауы жоқ тас камераға шаң-тозаң қайдан кіреді?

Костюмі де мыжылыпты. Рысқұловтың өңі сүзектен тұрғандай екен. Ол алғашқы талабын тағы қойды.

– Моншаға түсіп, іш киім ауыстырмай, сақал-мұртты алдырмай, ешкіммен сөйлесе алмаймын, - деді.

Жирен шашын бір жағына қарай жылмита қайырған, дәл жұтқыншағының тұсында құмалақтай қалы бар Нейман, Рысқұловқа бала күнінде Тау - Шілмембет ауылының көгенінен көрген жағал лақты еске түсіреді. Жағал лақтың алқымында бармақтай түймесі болушы еді, төбелінен бастап, жон арқасы, алқымының жүні қып-қызыл да, басқа жағы қара болатын. Ондайды қазақ жағал дейді. Мына қызыл шашты, мойнында қоңыр қалы бар, қара костюмді Нейман Рысқұловқа кенеттен сол алыстағы ауылды елестеткені ғой.

– Бұл тілегіңізді орындай алмаймын, - деді Нейман бұл жолы салқын қабақтанытып.

– Неге?

– Ереже солай.

– Өткен жолы ше?

– Өткен жолы бір рет ереже бұздық, со да жетеді.

Нейман ар жағын айтпады. Айтқанда, Рысқұлов Нейманның үстінен қарайтын Глебов деген бастық бар екенін, сол Глебов өткен жолы Рысқұловқа жасаған «мырзалығы» үшін, Нейманға ескерту жасағанын білер еді. Мұндағылар сыр шашпайды, сыр шашса, ол ЧК бола ма? Мұндағылар сыр тартады. «Досье» жинайды. Сен туралы небір деректерді досье дейді. Айталық, бұл кеңседе Рысқұлов туралы қандай досье барын Рысқұлов білмейді, ал мұндағылар біледі.

Адам туғанда екі иығына екі періште қонады дейді. Оң иығындағы періште адамның оң істерін, сол иығындағы періште теріс қылықтарын хатқа тізіп отырады екен. Содан ахиретке барғанда адамның жамандығы мен жақсылығын таразыға салып өлшейді екен. Жамандығың коп болса - тамұққа тарт, жақсылығың көп болса - жұмаққа жөнел.

Әділ ғой. Ал мұнда да солай ма? Кім біледі? Солай ма, солай емес пе - тергеу дейтін театр көрсетеді.

Нейман сазарып отырып:

– Ал бастаймыз. Мен сұраймын, сіз тек шындықты айтасыз, - деді.

– Шіркеу сияқты болды ғой, - деді Рысқұлов мырс етіп.

– Иә, солай десе де болады. Шіркеуде тек шындық айтылады.

– Шіркеу шындық айтқаның үшін күнәңді кешіреді. Ал күнәсі жок адам не айтады?

Нейман қабақ шытты.

– Тергеуші сіз емес, мен. Маған бұдан былай сұрақ қоймаңыз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий