Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тұтқынның арызын оқығаннан Ежов неге рахаттануға керек? Нейман ойланып қалған. Мұндағылардың бәрі Ежовқа еліктеуге тырысады. Жүріс-тұрысына дейін, сөз сөйлеу мәнеріне дейін...

Нейман шамданып отыр. Өзінің осалдығына өзі ыза. Бұл сұрақ қояды, ал Рысқұлов әңгімені бұрып, айдалаға алып кетеді. Ал бүгінгі сұрақ-жауаптың протоколын Глебов күтіп отыр. Глебовқа не бетін айтады? Оның алдына таңбасыз ақ қағазды апарып қоймақ па?

– Кәне, сұраққа жауап беріңіз, - деді Нейман. Қайтадан «сізге» көшіп кеткенін кеш андап қалды. Одан бетер ызаланды.

– Мен айттым ғой: арандатқан сұрақтарға жауап бермеймін.

– Жақсылықпен жауап бермесеңіз, сізді не күтіп тұрғанын сезесіз бе?

Тағы да «сіз». Аузынан қалай шығып кеткенін сезбей қалатын не жыны бар? Өз сөзіне өзі ие бола алмайтындай не Құдай ұрды?

– Сеземін, - деді Рысқұлов айылын жимай.

– Жете сезінбей отырсың, - Бұл жолы сөзі дұрыс шықты. - Сезінсең бүйтіп кергімес едің. Бірақ ескертемін: қор боласыз. - Қайтадан «сіз». Шайтан алғыр. Мынаның бір сиқыры бар ма?

Глебов айтады: картоп ұрлаған мұжықтай көр дейді. Ал мынаның айылын жимай отырысы мынау. Сақал-шашы өсіп, киімі де мыж - тыж болып қалса да әлі төредей. Ақылына, сөз сөйлеу жүйесіне, өзін-өзі тік ұстасына, тұп-тұнық тұңғиық көзіне қарап отырып, қайтіп мұнымен мұжықша сөйлесесің. Мүмкін, Глебов өзі сөйлесіп көрер. Онда: Нейман, сен тұтқыннан жауап алуға жарамайсың. Сенің орның бұл емес, бар, шошқа бақ десе - не болмақ?

– Сонымен, не де... әлгі «Иттихад ва Таракки». Түрік - Татар мемлекеті. Есіңізге түсіріңіз. Жапония протекциясы. Рас қой? Қатыстыңыз ғой?

– Сандырақ.

Нейман жұдырығымен үстелді қойып қалды. Сия сауыттың жиегіндегі қалам жерге ұшып түсті. Қор қылғанда, Нейман әлгі қаламды еденнен өзі көтеріп алды. Артынша өзіне-өзі тағы ашуланды: «Неге анаған көтертпедім? Алып бер ана қаламұшты! - десем, ол міз бақпай отырып алса...»

Одан ары не болмақ, қол жұмсамақ па?

О басында заңды ойлап шығарғандар - даналар. Соноу тұңғыш рет «юстиция» дегеннен бастап, заң ізгілікке қызмет етуге тиіс еді. «Юстиция» дегеніңіз Әділет деген сөз ғой. Мәскеу университетінде ақ сақалды профессорлар Нейманның басына осы ұғымды құйып-ақ баққан. Сөйтсе, профессорлардың лекциясы бір басқа екен де, тікелей жұмыс бір басқа екен. Дәл қазіргідей, Глебовтың тапсырмасындай жұмыс істеу университетте бес жыл оқып, әптер-тәптер әуре болудың түкке қажеті жоқ екен.

Ал қараңыз, Рысқұлов жаңа «сандырақ» деп баттитып салды. Сандырақ екені рас, оны Нейман да біледі. Бірақ тапсырма осыны қайтсең де мойындат дейді. Мойындату үшін заңды белден басып, зорлыққа бару керек. Зорлықпен мойындату керек. Ал профессорлар бұлай оқытқан жоқ. Ал зорлағанның өзінде мойындамаса ше? Одан бетер зорлай түс. Сөйтіп, жендетке айнал. Диплом саған сол үшін берілген.

Рысқұловпен алғашқы тәжіке осындай бір ойға да қалдырды. Нейман оңай жеңіс болмайтынын түсінді. Шындығында кім тұтқын? Рысқұлов па? Нейман ба?

Шындықты сезе тұрып, әділетсіздікке бару - үлкен тұтқынның қамытын кию екенін сезіну де қиын, сондықтан да жаның топастана береді.

«Қарсы сұрақ қоймаңыз» деп ескертсе де Рысқұлов Нейманға тағы сауал берді:

– Мен сізге жауап беруге тиісті емеспін. Біріншіден, мен большевиктер партиясының мүшесімін. Мені тұтқынға алу үшін, Устав бойынша, заңды түрде партиядан шығару керек. Бір. Екіншіден, мен ВЦИК - тің мүшесімін. ВЦИК сессиясы мені мүшеліктен шығармай тұрып, мені қамауға алуға ешкімнің де қақысы жоқ. Айтыңызшы, мені қамауға алуға қандай Заң бар?

Нейман тосылып қалды. Партия мүшесі, ВЦИК мүшесі. Олардан шығармай тұрып, тұтқындауға болмайтынын Нейман да біледі. Бірақ формальды түрде болса да, Рысқұлов партиядан, ВЦИК - тен шығарылды деген қағаз бар ма, жоқ па - оны білмейді. Тек тістеніп тұрып:

– О жағынан қам жемеңіз. Сізді тұтқындауға ордер берілді ме, берілді. Ар жағы қиын емес. Сіз алдақашан партиядан да, ВЦИК - тен шығып қалғансыз, - деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий