Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Азамат тергеуші, бір нәрсенің басын ашып алайық: мен бір-ақ партияны білемін. Ол -коммунистер партиясы. Бұл партияға мен 1917 жылы қыркүйек айында кірдім. Дәл сол кезде басымды қатерге тігіп, оққа байладым. Бүкіл елдегі сияқты сол кезде Әулиеатада да коммунистерге қарсы террор құтырынып тұрған болатын. Соған қарамай, большевиктер қатарында болып, Әулиеатада Кеңес өкіметін құру әрекетін басқардым. Әулиеатада Кеңес өкіметін орнатып, оның басшыларының бірі болдым. Содан бері бұл жолдан тайған емеспін. Ал енді болмаған істі болды деп, маған қайдағы бір «Иттихадты» әкеліп таңуыңыз заң алдында да, ар алдында да күнә. Сондықтан бұл сұрақты қайталамауыңызды өтінемін. Глебов қызыл папкадан бірнеше парақ қағазды суырып алды да, соңғы парағын Рысқұловтың алдына жылжытып қойды.

– Айыпкер Рысқұлов, парақтың ең соңына көз салыңыз. Танисыз ба? Кімнің қолы?

Рысқұлов бірден таныды.

– Ходжаевтың қолы.

– Ходжаевтар көп қой. Қай Ходжаев?

– Файзолла.

– Өте дұрыс. - Глебов көкірек кере сөйледі. - Ал сол Файзолла Ходжаев айтады. 1918 жылдан бастап Мунавар Кары бастаған «Иттихад ва Таракки» партиясының Орталық Комитетіне мен (яғни Ф. Ходжаев), Заки Валиди, Тұрар Рысқұлов мүше болдық дейді. Негізгі мақсат Түркі - Татар мемлекетін құру еді дейді. Бұл мақсатта біздің демеушіміз Жапония мен Түркия болды дейді. Кейін Англия да көмектеспекші еді дейді. Түркиядан бұл іске Энвер Паша тікелей араласты дейді. Солай. Сондықтан ойдан шығарып, жала жауып, біз қиянат жасағандай көргеніңіз бекер. Біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. Файзолла Ходжаевтың өзі айтып отыр. Текке сіресе бермей, икемге келіңіз. Дәлел -бұлтартпайтын дәлел.

– Ал мен сенбеймін, - деді Рысқұлов терлеп кеткен көзілдірігін алып, пиджагінің жеңімен сүртіп отырып (Бұл түрмеде тұтқынға беторамал ұстатпайды. Беторамалға буынып қалуы мүмкін дейді). - Сенбеймін. Файзолла Ходжаев болмаған нәрсені айтуы мүмкін емес. Файзолла Ходжаев ертеректе Бұхарада «жәдидтер» партиясында болғаны рас, ал «Иттихадта» болған емес.

Глебов алдындағы қағаздарды бүріп алып, сілкіледі.

– Мынау не? Саған ойыншық па? Файзолла Ходжаевтың қолын өзін танып отырсың ғой. Тағы не керек?

– Файзолла Ходжаевтың өзі керек. Өз аузынан естімейінше, мына қағазыңызға сенбеймін.

– Мынау дүлей шығар, - деп Глебов орнынан тұрып кетті. «Мені кінәлап едің» дегендей Нейман да қозғалақтап қалды.

Глебов жемтікке түсетін қарақұстай қалбайып, Рысқұловтың алдынан бір шығып, артынан бір шығып, қолдарын бір-біріне сарт-сарт соққылайды. Рингке шығарда боксшылар осылайша қоразданар еді. «Не болар екен?» - дегендей, Нейман қипақтай бастады.

Нейман, негізі, бұл кәсіпке адасып келген адам. Юрист екені рас. Университет бітіргені де рас. Бірақ университет айыпкерге қол жұмса деп оқытқан емес. Қайта қол жұмсаушыларды айыпта деп үйреткен. Глебов басқа тұтқындарға істегенін Рысқұловқа да істейтін болды-ау деп ішінен қыпылықтап отыр.

– Жалпы, сенікі де дұрыс, - деп жұмсарды кенет Глебов. - Күнәні айыпкермен беттестіру керек. Ол заңның аксиомасы.

Кенет кілт тоқтады:

– Бірақ, одан бір нәрсе өзгереді екен деп ойлама! Сағынсаң, Ходжаевпен де кездесесің. Сонда Ходжаев көзіңді шұқып тұрып, мойнына қойып береді. Ходжаев сенен гөрі, әлдеқайда ақылды. Сен сияқты қасарыспай-ақ, бұлталаққа салмай-ақ, бәрін мойындады. Неге? Өйткені НКВД құдіретті күш екенін, пролетариат диктатурасының жауларына қатыгез екенін біледі. Оның қырағы көзінен ешнәрсе де жасырып қалуға болмайтынын сезеді. Сен сияқты сезімсіз емес. Демек, ағынан жарылып, бар шындықты айтады да, ауыр да болса айыбын, жазасын жеңілдетеді.

Рысқұлов үндемеді. Сөзім әсер еткен шығар деді ме, Глебов тағы да түйіндей түсті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий