Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Сталин қателеседі! - деп айбар шегіп едің. Тіпті әдеттегі «жолдас» деген үйреншікті сөзді де қоспай айттың - ау. Есінде ме? Е, есіңде болса, соның жазыры деген осы болады. Сталинге айбар шегіп... Тағы да болса бағың бар екен. Он төрт жыл бойы бостандықта жүріпсің. Мына қиямет-қайымның сыңарындай заманда он төрт жыл түрмесіз тұру деген сөз үлкен олжа ғой. Ендеше, шүкір де, тәуба де.

Тәуба? Сонда Сұлтан - Ғалиев сияқты жоқ нәрсені, болмаған қылмысты мойындау керек пе? Атасына нәлет!

Бала болған. Бала болып, ауылдың жүгірмектері сияқты «әкеңді», «шешеңді» деген боқтауды аузына алмапты. Сүтінен дарымаған, сүйегіне сіңбеген сөз. Ал бірақ «Атасына нәлет!» - деп құшырланып, ілуде бір айтып қалатын әдеті бар. Әкесінен жұққан. Сөйтсе, әкесі марқұм, мына сұм дүниенің қорлығына, ақикөз әділетсіздігіне шыдай алмай кетеді екен ғой. Шыдай алмай, кеуде кернеген кектен тым болмаса аздап леп шығарарда: «Атасына нәлет!» - дейді екен де. Оның өзін де атылған оқтай сарт еткізіп, қысқа қайырар еді. Әйтпесе, дұрысы: «Атасына нәлеті» ғой, жоқ, ол «і» деген жұмсақ үнін алып тастап, «нәлет» деп сақ ете қалатын.

Жарайды. Сұлтан - Ғалиев ертеде, тым ертеде өткен-кеткен. Тірісін де, өлісін де білдірмей жіберді. Бірақ «Сұлтан - Ғалиевщина» деген әлі тірі. Сірә, есіріп тұрған шығар. Осы «щинамен» әлі талайларды жылататын шығар.

Сұлтан - Ғалиевтың Фатима атты аса сұлу келіншегі бар еді. Сол тойда... үйлену тойында аппақ үлде мен бүлдеге оранған Фатима хордың қызындай көрініп еді. Оған Сталиннің өзі де қызыққан сияқты көрінген. «Мир - Саид, сен бақыттысың», - деп еді, сонда ол Сұлтан -Ғалиевке.

Рысқұлов қимылдауға әрекет жасап еді, ішегі үзіліп кеткендей іші түйнеп қоя берді. Осындай қорлықта жатқанда Сұлтан - Ғалиевтың қашанғы үйлену тойы есіне түскеніне таң қалды. Өткенді еске алған - немді алған деді. Одан да мына қорлық халіңді ойласаңшы. Не амал бар? Бір нәрсе анық. Егер Глебовтың айтқанына көніп, айдауыңда жүре берсең - мынандай өлімші күйге түспейтін көрінесін. Өзіңді-өзің аямай, өзіңе-өзің қайдағы бәленің бәрін жаба бер. Не жазса - соған қол қоя бер, басынды шұлғи бер. Жаның қалады, байғұс.

Қараңғы қапаста, көзілдіріксіз бұлыңғыр дүниеде ана бұрыштан әлдекім сыбырлап: «Жаның қалады, байғұс», - деп тұрғандай. Рысқұлов сезіктеніп тың тыңдады. Сыбырлаған үн естілмейді. Көзін сығырайтып, бұрыш - бұрышқа қарады. Бұлдыраған парашадан басқа ештеңе белгі бермейді. Камераның төбесіне қарап еді: темір тордың ішінен сықсиып кішкентай шам көрінді. Ілмиіп тұр. Оның өзіне темір тұмылдырық кигізіп қойған. Кішкентай сәуленің өзін қамап қойған. Қамауға келгенде бұлардың өнері асқан. Жарық сәулеге дейін тұтқындап тастапты. Тесіліп қарай берсең кәдімгідей жан-жағына жіп-жіңішке кірпіктей сәуле шашыратады. Кәдімгідей құлпырып ойнайды. Кейде кемпірқосақ болып, жасыл - қызыл, сары - көк түстеніп жайраңдайды.

Ендігі жерде Рысқұловтың табынатын Күні осы бір ілмиген нәзік сәуле болмақ. Жарық беріп те жарытпайды. Бірақ тас еден қайсы, тас қайсы, тас қабырғалар қай тұста - содан хабар береді. «Тас қапшық» деп аталатын бұл мекен Тамұқтың табалдырығы ғана болатын. Тор - алда.

ЕСКЕНДІР

Класс алдағы мемлекеттік емтиханға дайындалып жатқан кез еді. Тарих пәнінің мұғалімі шәкірттерін тағы бір пысықтап, дайындықтарын байқап тұрған.

Сонымен, ұлы француз революциясының көсемдері кімдер? - деп сұрады бетін әжім басқан, бурыл шашын желкесіне түйген, қап-қара көздерін әлдебір мұң кіреукелеген кішкентай әйел Элеонора Давидовна. - Кәне, кім айтады?

Екі-үш бала қол көтерді.

– Аз, аз, - деді мұғалім класты күстаналап. - Ал Рысқұлов, кәне, сен айта қойшы.

Ескендір Рысқұлов партаның қақпағын қайырып, орнынан түрегеліп, құдды әкесінің шашындай қайратты, қалың қара шашын қолымен қайырып қойып, жауап берді:

– Ұлы француз революциясының көсемдері: Марат, Дантон, Робеспьер.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий