Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Әрине, араласпайсың. Бірақ жандарынан ары-бері өткенде, не дастарқан басында естіп қалуың мүмкін ғой. Айталық, олар шетелдер туралы әңгімелесуі мүмкін. Өйткені олар үлкен бастықтар ғой. Қалайша ғана Германиядағы фашистер туралы, яки Жапонияның Қытайға озбырлығы туралы айтпай отырулары мүмкін? Бұл туралы үлкендер тұрмақ, мектептегі оқушылар арасында да айтылады ғой.

Бала ойланып қалды.

– Есіңе түсірші.

Бала басын шайқады.

– Жоқ, есімде жоқ.

– Хм... - Глебов қос қолымен үстелдің жақтауын шіреп тұрып, орнынан көтерілді. Мына «мұрынбоқпен» осыншама уақытты босқа кетіріп, тәжікелесіп отырғаным неғылғаным дегендей, өзін өзі күстаналады.

– Есіңе түсіресің, иттің баласы!

Ескендір селк ете қалды. Жасы он жетіге толғанша жан адам оған «иттің баласы» деп көрмеген. Тосын болды. Күтпеген жерден біреу жүрегіне қанжар сұғып алғандай, сол қанжарды жүрегінен суырып тастауға жанталасқандай:

– Қорламаңыз! - деп даусы дірілдеп, орнынан әрі үрейлене, әрі ызалана, қорғаншақтай түрегелді.

ТЕРГЕУ

Үйреншікті орнында орындық жоқ. Бөлменің бір бұрышында тұрған шығар деп Рысқұлов жан-жағына қарады. Төрде, үстел басында Глебов отыр. Екі-үш адым жерде, кішірек үстелдің жанында - Нейман. Нейман енді тергеуші емес, хатшы ретінде қалған сыңайлы. Глебов не айтады, Рысқұлов не дейді - соны қағазға түсіріп отыруға тиісті.

Арқалықсыз орындық тұрушы еді... жоқ. Рысқұлов алданған баладай аңырып қалды.

– Стоять! - деді Глебов. - Орындық берілмейді. Жұмсақ креслода отыра - отыра құйрықтарын жалпайып кеткен. Түрегеп тұрған пайдалы. Қабырғаға сүйенуге болмайды. Берірек, берірек жақында. Немене, сужүрек болып қалғансың ба? Асау едің ғой. Әлгі жабайы жылқы сияқты. Сендер жақта ғой деймін сол жылқы. Пржевальский жылқысын айтамын.

– Тарпаң Мустанг, - деп түзетті Рысқұлов. - Ол жаққа Пржевальский жылқы айдап барған жоқ. Пржевальскийден жүз мың жыл бұрын жайылып жүрген жабайы жылқы.

– Ұлтшылдықтың уына миың шылқылдап тұр, ә?!

– Оның қай жері ұлтшылдық? Шындық қой. Пржевальский барып ұрығын таратқан жоқ.

– Жә, жетті! Одан да сен мынаны айт: Германияға қай жылы бардың?

– 1922 жылы.

– Не үшін?

– Балаларды оқуға түсіру үшін.

– Немене балаларды оқыту үшін КСРО-да оқу орны жетпей қалды ма?

– Іскер мамандар дайындау керек болды.

– Сонда қалай, Совет елінде іскер мамандар дайындай алмай ма?

– Батыста тәжірибе мол.

– Демек, Батыстан үйрену керек болғаны ғой?

– Пайдалы істі үйрену керек. Ұлы Петрдің өзі де Батыстан бастаған.

– Оһо! Ұлы Петр болғың келген екен ғой. Браво! Браво! Оқуға қанша бала түсірдің?

– Алпыс.

– Бәpi де қазақтар ма?

– Жоқ, қазағы да, өзбегі де, тәжігі де, қырғызы да, түрікмені де бар. Түркістанның төрт көзі түгел.

– Төрт көзі түгел қайтты ма?

– Түгел ғой деймін. Өйткені мен бұл екі арада Түркістаннан алыстап, Моңғолия асып кеттім, одан Мәскеу...

– Демек, өзің қамқорлық жасап, Германияға апарып оқуға түсірген студенттердің арғы тағдырын білмейсің?

– Неге? Біразын білемін. Қазір олар ірі-ірі мамандар...

– Ал елге қайтпай қалғаны бар ма?

Рысқұлов әлденені есіне түсіргендей ойланып қалды.

– Білмеймін.

– Білмейсің?

– Білмеймін.

– Ә, залым. Білмей қалуын. Вели Каюм қайда?

– Вели Каюм? - Рысқұлов осыдан он бес жыл бұрын өзі бастап, немістер еліне ертіп апарған өрімдей алпыс жастың ішінен Вели Каюмды ойша іздеп, азаптана іздеп, есіне түсіре алмай қойды.

Көп ойланса басы сыздап, ауыратынды шығарды. Басының ісігі әлі қайтпаған. Басы шойындай ап-ауыр. Қиналып коп ойланса сынып кете жаздайды.

– Иә, Вели Каюм!

Глебов қатты айқайласа, мұның шекесі шын ете қалады.

– Есімде қалмапты.

Рысқұловтың көнектей болып ісіп кеткен еріндері икемге келмейді. Әрең сөйлейді. Сөзі тұншығып, су ұрттап алып сөйлегендей, былдыр-былдыр естіледі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий