Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Биыл, яғни 1937 жылы 20-мамырда Рысқұлов екеуміз имам 11 Шамиль орыстармен соғысқан жерлерді араладық. Сапар соңында исі түрік нәсілдерін астыртын біріктіруге Шамиль аруағы алдында ант берістік. Сөйтіп, Шамиль жете алмаған мақсатқа біз жетуге сөз байластық... Тергеу барысында осы айтқанымды растап, қол қоямын. Қорықмасов!»

Глебов парақты Қорықмасовтың көз алдына жақындатып:

– Сенің қолың ғой? - деді.

– Менің өлігімнің қолы, - деп Қорықмасов кеудесін көріктей керіп, қасқая қалды. - Мені өлтіріп, ес-түсімнен тандырып қойдырған қол.

– Қорықмасов! - деп ыржиды Глебов қолапайсыздау қимылдап. - Өлген адам қол қоя ала ма? Не деп тұрсың?

– Сенбе, Тұрар! Бұлар әлі саған да солай қол қойдырып, сорыңды қайнатып, сорпаңды ішіп, соған мас болады. Сенбе, Тұрар!

– Сенбеймін, - деп сыбырлады Рысқұлов.

– Әкет!-— деп айқайлады Глебов.

Айдауылдар Қорықмасовты білегінен тарта бергенде, Қорықмасов құмық пен қазаққа ортақ жырды зарлана аңыратты:

Арғымақтай асау ерлерге

Әзірейіл бұғалық салғанда,

Аялы қолдарын жайып,

Айыр тізеден жүгініп,

Жаратқанға тілеу тілеп жалбарынса -

Болжалды күннен оза алмас.

Тәңір жазған жазудан

Тақта отырған патша да болса оза алмас...

Әзірейіл азу тісті, аш көзді

Бос қайтар ма жан алуға келген сон,

Дүниеде еш өкінішім қалмады,

Жыламаңыз маған енді өлген соң...

– Әкет! - деп ақырды Глебов.

Қорықмасов Рысқұловпен осылай бақұл бол айтысты. Осылай қоштасты. Атадан асыл туған азамат екен, айылын жимады. Рысқұловқа бұл сабақ болды. Арғымақтай асау ерлер. Әзірейіл бұғалықтады. Дүниеде бәрі де өлшеулі. Әсіресе өмір өлшеулі. Өлшеулі өмір біткен соң Тәңіріге қанша жалынсаң да талқаның таусылады. Тәңірі қол жайып жалбарынғанның бәрінің арызын орындай берсе, Тәңірі бола ма?! Жалпақшешей жалпаңдаған бірдеңе болады дағы.

Рысқұлов Қорықмасовтың жыр қоштасуына жырмен жауап бере алмағанына өкінді. Мына жендеттер: «Хош, қайыр!» - деуге де мұрша бермеді. Қорықмасов Рысқұловты «әшкерелеуге» жарамайтын болған соң,тез алып кетті. «Жабайылардың»тілінде жыр төгіп, азаптың өзін поэзияға айналдырып жіберген Қорықмасов қолшоқпар бола қоймасына Глебовтың көзі жетті.

Глебов Рысқұловты тырп еткізбей, дәлелдермен матап тастау үшін, куәлерді көбірек шақырмақшы еді, енді ойланып қалды. Файзолла Ходжаевпен беттестірмекші еді, Рыковпен жүздестірмекші еді. Қорықмасов бұл жоспарын бұзып кетті. Ходжаев та, Рыков та Қорықмасовша өз қолдарынан бас тартып, Рысқұловты жасытудың орнына дем беріп, рухтандырып кетсе - одан не пайда?

Куәлар көп. Куәларды қойдай тоғытуға болады. Әкмал Икрамов, Қайғысыз Атабаев, Сұлтанбек Хожанов, Ораз Жандосов, Нәзір Төреқұлов, Нығмет Нұрмақов, тағы басқалары толып жатыр. Бір сәтке Глебов солардың бәрін мұрнынан тізіп қойып, бір дауыспен, хормен:

– Рысқұлов - жау! - дегізіп жамыратқысы келді.

– Рысқұлов - шпион! - деуге еуропалықтар да жетіп жатыр: Бухарин, Рыков, Рудзутак...

Өз ойы өзіне біраз желік берсе де, Глебов мұның бәрін сыпырып тастап, тың әдіске баспақ болды. Мұның бәрі Рысқұловтың бетін тырнауға жарайтын біреу болса - ол Алматыдағы Жантоқов.

Глебов алдында жатқан қағазға «Жантоков!» деп жуан етіп жазды да, Рысқұловты Нейманға қалдырып, өзі кабинеттен шығып кетті. Шығып бара жатып:

– Не тілегі бар екен, сұра, — деді.

Нейман бастықтың айтқанын орындаушы. Глебов - бастық. Мемлекеттік Қауіпсіздік Бас Басқармасының төртінші бөлімінің бастығы. Ал Нейман - оперуполномоченный. Егер Глебовтай қатал, қатыгез болса, нағыз өсетін кезі осы түс. Мансапқорлар, шенқұмарлар осындай бір аласапыран кезінде, дауылды толқын шағында толқынмен бірге көбік боп көтерілген шөп - шаламша тез көтеріледі. Тек шөп-шалам болуға жара.

***

– Не тілегі бар екен, сұра,-— деген тапсырманың астарында не жатқанын түсіне алмай, Нейман аңырып біраз отырды. Үнсіз отыра беру тағы жарамайды. Ақыры шәкірттік парызбен:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий