Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көкшетау әкімдері Рысқұлов келіпті дегенге шәт-шәлегей болып, әрі сескеніп, әрі құрмет тұтып, асты-үстіне түскен. Ол кезде Рысқұловтың портреті көсемдердің портреттерімен бірге кеңселердің, мектептердің қабырғаларына ілінетін. Рысқұлов атында колхоздар, мектептер бар болатын.
Сөйтсе, Рысқұлов облыс басшыларымен шаруасы жоқ, олардың бәйектігінен азарда-безер болып, қыз іздеп жүр.
Ол да бір дәурен. Кейін бұл жайды Голощекин естіп: «Тоже мне государственный деятель», - деп күлді дейді. Государственный деятель қаһар шашып, қақайып қалсын, жар сүймесін, ғашық болмасын деген бар ма? Сондай-сондай пасық ойлы, сасық пиғылды, пыш-пыш өсекті, қатып қалған партиялық тәртіпті тәрк етіп, сол қалыптасқан қоғамдық қағидалардан қарғып өтіп, сүйгеніне қол созу да зор ерлік, өмірде қайталана бермес бал дәурен.
Сол жолы, Түрксібті салып жатқанда, Мұхамеджан Тынышбаевпен істес болмаса, достаспаса, өкіметтің резиденциясын қалдырып, Мұхаңның үйіне түспесе, сол арада Мұхаң дәнекер болып, баласы Ескендірді араға салып әрекеттемесе, Рысқұлов Әзизаға жолығар ма еді?
Көп адамдар өз жарын жанамалай өтіп жүріп те таба алмайды. Құдай қосқандар ғана қиыспас жар болады. Рысқұловтың маңдайына о басында Әзизадай жарық жұлдыз жазылған екен, кеш те болса - жолықты. Аз жыл бірге дәурен кешті. Оған да шүкір. Әзиза жолықпаса, басқа әлдекім тап болар еді, кім біледі?
Сөйтіп бүл түнде, әлде таң алдында Рысқұлов ғажайып түс көрді. Көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды. Адам - пендеге бақытты болу үшін, көп те керек емес қой. Небары түстің өзіне байып калды. Адам көңілін Глебов та, тас камера да бұғалықтай алмас екен.
Содан Рысқұлов мұны жақсы ырымға жорыды. Аспанда періштелермен бірге, Әзизамен бірге ұшып жүру - жақсылық деп қойды. Қара дәуді пайғамбардың зұлфухарымен шауып тастағаны қандай онды болды. Зұлымдық жеңіледі екен, мен жеңеді екенмін деп кәдімгідей сеніп қалды.
Қараңғы қапаста бір үміт шоғы жылтырады. Сол шоқ өшіп қалмаса екен деп аруақтарға жалбарынды. Баяғыда өтіп кеткен, есіне сирек алатын Домалақ анасына сиынды. Осы кезге дейін қып-қызыл коммунист болып, аруаққа сиынбағанына өкінді.
ЕСКЕНДІР
Камераның темір есігіндегі қара құлып салдыр-гүлдір етті де, әлгінде аспандап ұшып жүрген Рысқұлов кәдімгі қара жерге топ ете қалды. Тап-тар тас қапаста отырғанын есіне салып, қара құлыптың кілті шақыр-шұқыр шиқылдап, әрең ашылғандай болды. Майлап қойса қайтеді. Темір екеш темір де май тілейді.
Қызық болғанда, кіп-кішкентай камераға Глебов пен Нейман өздері келді. Қасында жендеттері бар. Темір есік ашық қалды да, адамдардың сұлбасын танитындай селдір сәуле түсті. Жалғыз орындыққа Глебов жайғасты да басқалары босағада тұрып қалды.
– Жағдайың жаман көрінбейді, Рысқұлов, - деді Глебов сәлем сөздің орнына.
Әлгі әдемі түстен рухтанып қалған Рысқұлов шынында да ширақ еді. Бірақ жауап қатқан жоқ.
– Сені әуре етпейік деп өзіміз келдік, - деді Глебов кеңпейілденіп. - Үйіне келсе, үйдей өкпеңді ұмыт деген. Өткендегі азырақ түсініспестікті ұмытып, жөн әңгімеге көшейік. Кәне, сонымен, бұл жолы жапондар туралы сыр шертісейік. Жиырма төрт, жиырма бесінші жылдары Моңғолияда болдың. Рас қой?
– Рас.
– Не тапсырмамен?
Рысқұлов мырс етті. Осындай да сұрақ бола ма екен? Текке уақыт алу үшін бе? Моңғолияға не тапсырмамен барғанын Глебов шыннан білмей ме?
– Коминтерн атқару комитетінің тапсырмасымен Кеңестік үлгідегі жаңа Моңғол өкіметін құрысу мақсатымен.
– Оны білеміз, - деді Глебов шыдамы кете бастап. Өйткені бір кісілік тар қапаста ол отырып көрмеген. Өкпесі қысыла бастады. Бұрыштағы парашаның иісі де қолқаны алып бара жатыр. Тіпті Глебов мұңда келгеніне өкініп те калды. Бірақ мақсатқа жету жолында мұндай «құрбандыққа» шыдау да керек шығар.
– Білсеңіз сол. Тұңғыш рет бүкіл монғолдық Ұлы Құрылтай өтті. Соны ұйымдастыруға атсалыстым. Ұлы Құрылтай Моңғол Халық Республикасын жариялады, әне, соған бағдаршы болдым.