Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Иә, мен де әкемін, менде де бала бар. Бірақ біз Кеңес өкіметін құлатып, жауларға сатылғымыз келген жоқ. Бұл - бұл ма, Рысқұлов, бұл әлі гүлдің шешегі ғана, тікенегі әлі алда...
Соны айтып Глебов қызметкерлеріне:
– Иттің баласының шалбарын түсіріңдер! - деп бұйырды. – Қарап тұр, Рысқұлов, көрейін қалай қасарысатыныңды!
Баланың әбиүрі ашылды. Оған қарсылық та білдірген жоқ. Сірә, есінен танған шығар.
– Еще коммунист называется! - деп ызаланды Глебов. - Баласын мұсылмандатқан. Сүндетке отырғызған. Көрдіңдер ме? Ой оңбаған. Сөйте тұрып, панисламист, пантюркист емеспін дейді. Аяр неме! - Жендеттеріне қарап: - Бастаңдар! - деді.
Жендеттер баланың балғын үрпіне ши жүгірте бастады. Баладан ышқынған бір дыбыс естілді де, үні өшті.
Рысқұлов ауа жетпей алқынып, жүрегін ұстап қалды. Дүние астын-үстін көшіп бара жатқандай, аяғының асты теңселіп, көзі қарауытып, басы айналып жүре берді. Жендеттер оның бетіне су шашты. Дәрігер шақырып, укол салдырды.
Рысқұловтың дес бермес асау жүрегі ақырында әлсіреген екен. Анасы Қалипа марқұмның құрсағында жатқан кезден бастап-ақ соққан жүрек бір сәтке тынбай, үзбей соғып келе жатса, оның өзінде көбінесе жанталаса, алқына соқса, темір екеш темір тозады, ал мұның ет жүрегі шаршамай қайтеді? Жасы қырық үшке қараған екен. Қырық үш жыл бойы қызыл тікен кешкен арпалыс өмір, одан қала берсе, мына Лубянка тамұғы, одан қала берсе, өзіңнен туған жас баланың мынандай азабын көру, бір адамның арқасы көтере алатын жүк емес қой. Қайта Рысқұловтың жаны сірі екен: жаңағыдай сұмдықтан соң, жүрек қабы жарылып кетуі де ғажап емес еді ғой.
– Глебов, - деді Рысқұлов көзін ашып, есі кірген соң, - баланың түк жазығы жоқ, обал деген бар, обалын тартасың, күнәға батпа.
Глебов, екі беті алаулап, қан көрген қасқа төбеттей жалаңдап, көзілдірігіне дейін терлеп кетіпті.
– Сүйінші, Рысқұлов! - деді ол дарақылана күліп. - Әйелің босанды. Қасында болып, Кисловодскіден әкелген шампанды өзің ашпағаның өкінішті, әрине.
Рысқұлов бір сәтке азап атаулының бәрін ұмытқандай болды. Кәдімгідей әлденіп, жанарына жарқыл пайда болып:
– Қашан, қайда? - деді.
– Осы жана ғана хабар жетті. Бір өкініштісі, үйінде емес. Енді сенде үй жоқ екенін білетін шығарсың. Бутырка түрмесінде. Қайын енең де сонда.
– Сонда қалай, олар да жау ма?
– Өзің қалай ойлайсың?
– Олардың жазығы жоқ.
– Сонда өзің ғана жазықты болғаның ғой?
– Глебов, мен-ақ жазықты болайын. Босат баламды да, әйелімді де, қайын енемді де. Олардың қылаудай да қылмысы жоқ. Сөйте ғой, адамгершіліктен мүлде ада болмаған шығармыз.
Глебов масаттанып, қоқиланып қалды. Дес бермес асаудың өзін бұғалықтады. Енді Ежов мұның бұл еңбегін лайықтап бағаламай көрсін. Өзіне орынбасар етіп алмай көрсін. Мансаптың мастығы - алтынның буындай аяр. Мансап үшін Глебов туған әкесін, туған анасын да, тіпті баласын да аямайды. Бүгін - полковник, ертең генерал болады.
Бұл кезде қарсы камераның темір есігі жабылған, өлісі де белгісіз, тірі екені де белгісіз, Ескендір есіктің ар жағында қалды. Жүрегі суылдап, жаны шырқыраған Рысқұлов:
– Ескендір! - деп айқайлады, үні қарлығып шықты. Дыбыс болмады.
– Ескендір, ұлым менің, жалғызым менің! - деп қырылдады Рысқұлов.
– Неге жалғыз? Сенде бала көп қой. Міне, бүгін тағы бірі дүниеге келді. Әп-әдемі қыз бала.
– Ескендір ұлдан жалғыз ғой, - деп сыбырлады Рысқұлов.
– Феодал ты, однако! - деп Глебов қағытты, - Сонымен жаңағы сұмдық қайталанбасын десең, қылмысыңды мойындап, протоколға қол қой, Рысқұлов. Осы ойнағанымыз жетер.
– Қай қылмысты айтасың, Глебов?
– Өзінде білесің ғой, ақылың бар, жөнге кел. Әуелі кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаған ұлтшыл пантүрік ұйымының басшысы екеніңді мойында. Соған қол кой. Арғы жағын одан ары жалғастыра береміз.
– Ондай ұйым болған жоқ қой, Глебов. Болмаған нәрсені қалай болды деймін.