Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ежов ежірейіп қарайды. Глебов жылан арбағандай ісініп барады. Басының айтақыр қызғылтым қасқасынаң шып-шып мөлдіреп, бөртіп тер шықты. Қолын көтеріп, терін сүртуге де шамасы жоқ. Арбау азабына түсіп, мелшиді де қалды. Тұтқындардың алдында айбарлы, алпамсадай Глебов қазір өзінен мансабы үлкеннің алдында айдаһар көрген көжектей дір-дір етеді.

Глебовтың бұл азабынан Ежовтың жаны рахат тапқандай. Кіп-кішкентай болып, үп-үлкен адамды қалшылдатып қойған қандай ләззат!

Ол Глебовты үн – түнсіз - ақ осылай үрейге салып қойып, көпке дейін тіл қатпады. Неге шақырдыңыз деп анау сұрамады. Бүлдіріп аламын ба деп қорқады. Ежовқа ұнамай қалу -құрып кетумен бара - бар. Не қызметтен төмендейсің, не түрмеден бір-ақ шығасың. Ягодадан әулие емессің. Ал Глебов болса өсуді аңсайды. Полковниктен генерал болғысы келеді, одан әріден де үміткер. Құдай қай жерімнен ұрып қалды деп тұр. Түрлі күдік, сан сұрақ. Не жазып қалдым деп іштей бір азапқа түсті. Аузымнан арақ пен сыраның иісі шығып тұр ма деп демін ішінен алады. Дем алмауға, ауа жұтпауға болмайды.

Ақырында барып-барып, Ежов:

– Рысқұлов? - деді жай ғана, - Рысқұлов.

Сөзінің аяғын да айтпайды, тек «Рысқұлов» дейді. Шын ақымақ болмаса, Глебов оны емеурінінен - ақ түсінуі керек. Түсінді де:

– Рысқұловтың шаруасы бітуге таяу, - деді аптығып.

– Қол, - деді Ежов міз бақпай, - қол.

– Әлі қол қойған жоқ, бірақ бүгін қояды, Николай Иванович.

– Қанша ай.

Ежов сұрақ лебімен де айтпайды. Тек жай ғана «қанша ай» дейді. Мұны Глебов түсініңкіремей сасқалақтап калды.

– Не қанша ай, Николай Иванович?

Ежовтың көзі ақшыл тартты.

– Рысқұловтан қылаудай жөнді жауап ала алмағаныңа неше ай болды, оңбаған?

Ә, бұ жолы Ежовтың даусы ащы шықты. Шаңқ ете қалды.

– Рысқұлов, Рысқұлов... - деп Глебов тұтығып қалды.

– Не Рысқұлов, Рысқұлов?

– Оны сіз білмейсіз ғой.

– Оңбаған. Мен бе Рысқұловты білмейтін?!

Ежов қорланып қалды. Сұп-сұр адамның беті боз топырақтанып кетті.

– Мен оның мінезін айтамын, - деп ақталды Глебов.

– Бұл мекемеде мінез деген болмайды, Глебов! Бұл мекемеде тек мойындау болады. Осыған да өнерің жетпеді ме? Біз сені не үшін жоғарылаттық? Рас, Қорықмасовты, Ходжаевты, Нұрмақовты «жуасыттың». Сол үшін жоғарылаттық. Бірақ мына істі бітірмесең бұрынғы кызметіңнің бәрі зая кетеді.

– Амалын таптым, Николай Иванович. Рысқұловты баласымен кездестірдік. Енді көнетін сияқты. Көнеді, Николай Иванович.

– Білемін, - деді Ежов кірпік қақпастан. - Баласымен екеуін бір камераға жайғастырып қойғаныңды да білемін. Ал айта ғойшы, әкесі мен баласын бір камерада ұстасын деген қай уставта, қай ережеде бар?

Глебовты қара басып қалды: ондай ереже жоқ.

– Бұл өзі әулеттік дәстүр көрінеді, Николай Иванович, - деп ыржиды сасқанынан Глебов.

– Қайдағы әулеттік дәстүр?

– Осы Рысқұлов бала кезінде әкесімен бірге түрмеде бір камерада отырыпты.

– Қай кезде?

– Сірә, патша заманында.

– Ал онда айта қойшы, Глебов, патшаға қарсы болғандар кеңес өкіметіне қарсы бола ма?

Глебов тосылып қалды.

– Айт.

– Болатын болғаны ғой, Николай Иванович. Троцкий де, Зиновьев те, Бухарин де, Рыков та патшаға қарсы болған. Бірақ Кеңес өкіметіне де қарсы. Мұндайларды аспан да, жер де қабылдамайды.

– Мұның рас, Глебов.

Глебов өзінің тапқырлығына риза болып, іштей іріленіп қалды.

– Сен Дантені оқиды екенсің ғой, Глебов?

– Тамұқтың ұңғыл-шұңғылын білу керек қой, Николай Иванович.

– Сеніңше Рысқұлов қазір тамұқта отыр деп ойлайсың ба?

– Тамұқтан да ары. Оның көзінше баласын қинадық. Рысқұловтың жаны шырылдап, шығып кете жаздады. Тіпті дәрігер шақырттық.

– Ал сол шырылдаған жаны қазір жұмақты жайлағандай рахатқа батқанын білесің бе?

– Қалайша?

– Баласы қасында болса, оны аймалап сүюдің өзі оған пейіштің төрінен артық.

– Оларды ажырату тіпті де қиын емес.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий