Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Глебов ыза мен ашуға булығып, өле жаздап келе жатқан. Осы Рысқұловтарға бола Ежовтың өзінен сөгіс естіді. Өсемін деп жүргенде өшіп қала жаздады. Мейірім бұған не керек? Мейірімділік мұның несін алған?
– Әкет иттің баласын! - деп ақырды ол жендеттерге.
Еңгезердей екеу ішке кіріп, Ескендірді Рысқұловтың бауырынан көкпарша жұлып алды да дырылдатып сүйрете жөнелді. Ұмтыла берген Рысқұловты біреуі көкірегінен теуіп кеп жіберіп құлатты.
– Ес – кен - діррр! - деген зарлы үн дірілдеп, тас қабырғаларда көпке дейін жаңғырығып тұрып алды.
***
Рысқұловтың бұрынғы әйелі Надя, Надежда Константиновна Лубянкадан шақыру қағазын алғанда кәдімгідей үрейленіп қалды. Рысқұловтың жан-жағын түгел сыпырып жатқанда бұл: «Алдақашан ажырасып кеткен әйелде несі бар?» деп ойлайтын. Сөйтсе, қателесіпті. Глебов бұғалықты бұған да тастады.
Кеше ғана Надя өзінің Бутырка түрмесінде жатқан күндесі Әзизаға жолығып, тамақ апарып берген. Жаңа босанған анаға қалжа керек. Түрме қалжаламайды. Түрме сұлының суын ғана береді. Ал Надя Әзизаға қара қойдың қалжасы болмаса да, семіз тауықтың еті мен сорпасын апарып еді. Әзиза содан едәуір әлденіп қалды.
– Сәуле не болды? - деп сұрады Әзиза.
– Сәулеңді детдомға өткізіп жіберіпті, - деп Надя көзіне жас алды.
– Тұрардан не хабар?
– Ештеңе білмеймін, Ескендір екеуі бірге көрінеді. Бар білетінім сол.
– Бізді біраздан сон этаппен айдайтын көрінеді. Сонда емшектегі баланды ажыратамыз деп ескертіп қойды. Күн бұрын біліп,күдер үзгенде жақсы. Соты біте салысымен этаппен жөнелтетін сияқты. Сен, Надя, бізге бола тұзаққа түсіп жүрме. Кесіріміз тиіп, сені де сергелдеңге салмасын. Бұдан былай маған келмей-ақ қой. Ал мына дәм-тұзыңа мың да бір рахмет. Жақсылығың Құдайдан қайтсын, - деп Әзиза күндесіне рахмет жаудырды. Түрме адамды қатайта ма екен, бұрынғыдай жылап-сықтап, Құдайға шағым айтып зарлаған жоқ.
Сол Надя енді айыр иек, қасқабас полковник Глебовтың алдында отыр. Полковник миды қатырып қай - қайдағыны көп сұрады. Ата тегінен бастап түк қалдырған жоқ. Қайда туғаны, қайда өскені, Рысқұловқа қалай жолыққаны...
Алды-артын орап, қамап келіп, сұрақтың тірелген жері:
– Рысқұловпен неге ажырастыңыз? - болды.
– Тағдыр солай шығар.
– Сіз «тағдыр - пағдырды» қойыңыз. Нақты себебін айтыңыз.
– Нақты себебі сол, Тұрар 1924 жылы Моңғолияға кетті. Бір жылдан астам уақыт көріспедік. Араға әзәзіл араласты. Тұрар енді саған оралмайды. Жас өміріңді өксітпе деді. Алданып қалдым... Мұны біреулер Тұрарға да жеткізіпті. Ол қайтып келгеннен кейін ың -жынсыз ажырастық. Бірақ ол туған қызы Софьядан қол үзген емес.
– Ал енді, мынаны тыңда, - деді Глебов алақандарын уқалап, - Сен Ташкентте қалғанда, кейін Мәскеуге көшкенде, Рысқұлов Моңғолияда етегіне намаз оқып жүрді деп ойлайсың ба? Сол Моңғолияда оның Ойун атты монгол қызымен тұрғанын шыннан білмейсің бе? Кейін сол Ойунды Мәскеуге алдырып, оқуға түсіргенін де білмейсің бе? Сол Ойун Рысқұловтан қыз бала тапқанын да білмейсің бе?
– Білмеймін. Білгім де келмейді, - деп Надя бұл әңгімені жақтырмаған қабақ танытты.
– Сонда деймін-ау, - деп өзеуреді Глебов. - Рысқұлов күнәға белшесінен батса да оған кешірімді. Ал сен тірідей «жесір» қалып, аздап ойнап-күлсең, оның кешірімсіз. Осы да әділеттік пе?!
– Оған төреші - бір Құдайдың өзі, - деді Надя сабырмен ғана сыпайылық сақтап. -Адамдардың күнәсіне адам төреші бола алмайды. Өйткені күнәсіз пенде жоқ.
Глебов не айтарын білмей тосылып қалды. Сен де күнәкарсың деп тұр ғой. «Мына Рысқұловтың талақ тастаған қатыны қалай-қалай сөйлейді», - деп, әңгіменің өңін өзгертті.
– Рас-ау, Рысқұлов сізге жат адам. Көмегі де шамалы. Әйтпесе, туған қызы Сонечкаға бір пианино сатып алып беруге мүмкіндігі бар ғой. Ал Сонечка пианиноны жалға алады.
– Жалдың ақысын әкесі төлеп тұрды, - деді Надя. Қайран әйел заты. Мұны айтпай-ақ қоюға да болады ғой. Глебов осы сөзге жармаса кетті.