Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бірі жоғарғы Талас, ол қырғыздың Таласы. Бірі төменгі Талас, ол қазақтікі. Әне, сол төменгі Таласта атаң Рысқұлдың сүйегі жатыр. 1918 жылы өзім барып, моласын көрдім. Қасымда Қабылбек Сарымолдаев деген жігіт бар еді. Сол жолы әкемнің басына белгі орнатамын деп уәде беріп кетіп едім. Мен мәңгілік өлмейтіндей, мен еш заман жаманшылық көрмейтіндей, әне-міне деп жүргенде өлшеулі өмір шіркін майшамның білтесіндей таусылып қалған екен. Байқамаппын.
– Ескендір, естимісің, ұлым? Мен өзімді Кеңес өкіметінің тірегіндей көріп, мен болмасам, кеңес өкіметі құлап қалатындай көріп, жұмыстан бас бұра алмаппын. Әйтпесе, сол Әулие -Ата, Таластың тұсынан бастап, Түрксіб темір жолын да салдырдым. Сонда бірер күн уақыт тауып, Рысқұлдың басына белгі орнаттыруға құдіретім жетер еді ғой. Жоқ, Рысқұлдың моласына тас қоюдан гөрі, социализмнің мұнарасын аспанға дейін көтеру мұрат болды. Баяғы Вавилонның мұнарасын салғандай едік. Бұл мақсатта біз бәрін де: аруақты да, баланы да, жарды да ұмыттық. Сөйткен социализмнің маған көрсеткені, міне, мынау...
– Ескендір, естіп жатсаң, саған айтар арызым бар. Сол Рысқұлдың жатқан жерін тауып ал. Оның көзін көрген, моласын білген кәрі-құртаң әлі бар. Қабылбек Сарымолдаев дегенді жолықтырсаң, жол көрсетер еді. Бірақ мына нәубеттен Қабылбек аман қалар деймісің. Сұрай-сұрай, табарсың. Атаңның басына белгі қоя сал. Тасына:
«Басына Құдайдан басқаның ноқтасы сыймаған Рысқұл Жылқыайдар» - деп жаздырып қой. Аруағы риза болып, сені қолдап жүреді. Ұрпағым, ұрығым деп тебіренеді. Одан жаман болмайсың.
– Ескендір, естіп жатырсың ба?
Ескендір ыңыранып, бас изегендей болды да, қолын тақымына таяп, аяғы дір-дір етіп, тітіркенді. Сірә, үрпі ауырған. Жаналғыштар оның үрпін шабақтап тастады. Адам тәнінің ең нәзік жері - үрпі ғой. Үрпіні шабақтағаннан гөрі, бас сүйегіңнің қақпағын алып, миыңды шабақтаған әлдеқайда жеңіл. Үрпіңді қорлағаны - зәузатыңды, үрім - бұтағыңды қорлағаны. Бірақ жендеттің саған бүгін істегені, ертең өзінің алдынан шығады деседі. Бірақ оны жендеттер білмейді, білгісі келмейді.
– Ескендір, тыңда, балам. Мен сенің айтқан ақылыңды алып, бойыма тұмар қылып тағамын да, Глебовтың протоколына қол қоймаймын. Сеземін: қол қойсам да өлтіреді, қоймасам да өлтіреді. Бұлардың сыңайы солай. «Жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі». Әлдеқалай тірі қалсам, оны көрермін, өле кетсем -тағдырдың бір уыс талқаны таусылғаны. Сонда сен, Ескендір, менің белгісіз қалған мүрдемді іздеп табарсың. Егер денемді өртеп жібермесе, сүйегім қалады ғой. Сүйек көпке дейін шірімейді. Соны таба алсаң, саудыратып қапқа салып, аузын тігіп, Таласқа, Рысқұлдың жанына апарып қой. Рысқұл Ақсу-Жабағылыда жатқанды армандаушы еді, тағдыр екен, Талас даласындағы шеңгелдің арасында жатыр. Мен одан несіне бөлінейін. Шеңгел болса - шеңгел болсын. Шенгел де ғұмыры зәрлі, әм зарлы өсімдік. Күздің күні жел тұрғанда қоңырауларының мұңлы ән салғанын естісең. Өмірдің өз реквиемі сол. Мені жерлерде музыка тартылмас.
Музыканың керегі жок. Шеңгел қоңыраулары бәрін де айтып жеткізеді. Күзгі шеңгел қоңыраулары. Совнарком болып сорайып барып солғанша, сенің ішінде кой бағып жүрсемші.
Ен дала, есіл дала, сенен алыстап кеткендегі тапқаным осы ма? Қай мұратқа жетіп жығылдым. Есіл дала, арман тау, қалды - ау бәрі...
Рысқұлов осалдық жасап, баласына көз жасын көрсетіп алды. Ескендірдің басын тізесіне алып отырып, өзінен-өзі көз жасы ырбиып кеткенін байқамай қалды. Бір тамшы жас Ескендірдің бетіне тамып кеткенде, баласы таңғалып, көзін ашып, әкесіне қарады да:
– Әке, жылама! - деді.
Рысқұлов ыңғайсызданып, ұялып қалатын жағдай емес. Өмір мен өлім арпалысып тұрғанда ұялып - қызарудың жөні қайсы?