Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ескендір, бауырым, ұлым, мен өмір бойы әділдік үшін күрестім. Күштілері әлсіздерін езгілеген қиянатпен алыстым. Ұлы халық кіші халықтарды жұтып жіберетін қорқаулықпен арпалыстым. Айлакерлер аңқауларды алдайтын қулық-сұмдыққа қарсы шықтым. Әкелері балаларын пайғамбардай көріп, балалары әкелерін Құдайдай құрметтейтін қоғамды аңсадым. Менің ұраным: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме!» еді, менің құраным: «Өзіне тілемегенді өзгеге де тілеме» еді. Қайтейін, Құдай қос көрмеді ме, міне, енді осы ақ жол дегенім кері жол болып, замана түсі сұрапыл тартты. Дос дегенім қас болды, алтын дегенім тас болды. Бұл да бір өтпеді кезең шығар. Дүние түзелер. Сен әлі жассың ғой. Мына қанды шеңгелден құтылсаң, алдыңнан жарық әлем жарқырар. Сонда мына сорлы әкеңді есіңе аянышпен алғайсың. Мен туралы шындықтың бетін шаң басар, тозаң тұрар, қат-қабат топырақтың астында қалар. Сол шындықты аршып алып, менің кінәсіз күйіп кеткенімді кейінгілерге жариялағайсың. Әрифа анамызды білмеймін, Әзиза тірі қалар, Әзизаны, бауыр - қарындастарыңды қанатыңның астына ала жүр. Атамекенің, алтын бесігің - Қазақстан. Одан тамырың үзіліп қалмасын. Қаңбақ дейтін шөп болады, қауқиған шар сияқты, тамыры осал болады. Жел тұрғанда тамыры үзіліп, домалай береді. Ұшарын жел біледі, қонарын сай біледі. Қаңбақта Отан болмайды. Сондайынан сақтасын. Отаның Қазақстан, Ескендір, естідің бе?!
Баласының кірпігі қимылдап, ерні қыбырлады. Тырнағына қан қатқан қолымен әлсіз ғана әкесінің қолын сипалады. Сонда Рысқұлов жаны шырқырап, өкіріп - өкіріп жылап жіберді. Іші - бауыры елжіреп, дәл қазір ажал жетсе де Тәңіріге риза пейілмен шала-жансар ұлын құшақтап, тасбауыр тағдырына тәуба айтты. Жаралы қол, жаралы жанды сипалап, аймалағаны - Тәңірінің тартуы ғой! О, бейбақ Рысқұлов, сенің жарақат жаныңды бұлайша ешкім де аялаған жоқ. Мына қасірет қамақ, зарлы заманда жартыкеш жаныңды өбектеген адамның табылғаны - бейіштің төріне шыққаннан артық көрінді.
Қасиетсіз ұлдан сақтасын, Құдайым.
Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,
Жақсыдан жаман туса оңбас деген... -
дегендей, Ескендір жаман ұл шықса, ана Глебовтың сойылын соғып, Павлик Морозов болып, мына көрген қорлықтан гөрі, әкесін сатып құтылар еді. Ескендір адал туған ардақ екен. Рысқұловтың жүрегі соған елжіреді. О, дүние-ай, сонда Рысқұлов, өзгелерді жек көргеннен емес, осы жолы Құдайдан, тек Ескендірдің тілеуін тіледі. Рысқұлдан ұл туған бұл жалғыз еді, бұдан туған ұл Ескендір жалғыз. «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар» деуші еді. Енді осыны тірі қыла гөр деп тіледі. Бұл кетсе - Рысқұловтар әулетінің тұқымы үзілгендей шығар. Қыз баласы біраз бар, оларын да жанындай жақсы көреді. Бірақ олардан тараған ұрпақ Рысқұлов болып жалғасар - жалғаспас, кім білед? Құдай ұлдан сала ма, қыздан сала ма, әр нәрсе иманына қарай. Бірақ қазір көз алдында жатқан ұл бала амандығы үшін басым кетсе өкінбен деп бекінді Рысқұлов. Ескендірді құтқару жолында бәле-жаланың бәрін өзіне жапсырып алмаққа бел байлады.
***
Ежов еңгезердей Глебовтың иығынан ғана келгендей еді. Қалшиып қалған Глебовтың кепиетіне амалсыз басын көтеріп, төменнен жоғары қарайды. Тұздай көзі тұнжыр. Оқ жыланның көзіндей сұп-суық. Кірпік қақпайды. Кірпігі де жоқтың қасы. Бұл енді Ежов. Мәттакам Ягоданың орнына келген Ежов. Қазір Ягоданың өзі де тұтқын. Талай-талай кінәсіз жандарды зар илеткен Ягода, енді өзі де қан құсып, зар жылап отыр. Бұл заңдылық па, не сонда? Адамға істеген қысастығың, жауыздығың алдыңнан шығатыны болғаны ғой. Егер өмір заңы табиғат заңынан туындайтын болса, мұнысы әділ. Табиғатта бәрі де тәртіппен қалыптасқан. Тәртіп бұзылған жерде, табиғат кек алмай қоймайды. Бұл ретте, Ягоданың бейшара халге түскені заңды дейік. Ал Рысқұловтікі немене? Демек, адамдар өмірінде заңдылық ала-құла, тіпті ала қол.