Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Солай, Глебов. Азаптың ең үлкені - зарықтыру. Бірін-бірі сүйетін адамдарды зарықтырып, аңсатып қою. Бар! Жоғал!

– Әке, - деді Ескендір әрең сыбырлап. Папа демеді, әке деді.

– Не құлыным? - Рысқұлов жыбырлаған ерінге құлақ тосты. Баласының маңдайы тершіді. Рысқұлов оны алақанымен сипап сүртті.

– Не, Ескендір, не айтқың, келді?

– Көнбе.

– Неге?

– Адал бол - саң, көн - бе.

– Сені, сендерді азаптап өлтіреді ғой, құлыным.

– Өл–тір–мей-ді. Аз–ап-тай бер-сін.

Рысқұлов өз ұлының мұнша беріктігіне таң қалды. Өзі де өжет еді, ал мына Ескендір өзінен өткен шарболат болды. Жайшылықта білінбейді екен. Ұлы ер-азамат болып, есі кіріп, озбырлыққа, қорлыққа шыдамай, оған жан-тәнімен қарсы қасиеттің иесі болған екен.

– Сенсіз, сендерсіз өмір маған не керек? Сендерді айуандардың аузында қалдырып, тірі жүргенде мен қай ұшпаққа шығамын? Бәрібір бұлар енді мені сындырмай тынбайды.

Қарауылдар темір есіктің оймақтай тесігінен сығалап, қарап-қарап қояды. Қарауыл қатулы, қарауыл сақ.

Рысқұлов баласының басын абайлап тақтаға сүйеп қойып, есікке барып, қарауылды шақырды.

– Не? - деп жекірді оймақтай тесіктен көзі жылтылдаған сақшы.

– Бала талықсып жатыр, су беріңдер.

Қарауыл есікті ашып, бүйірі қабысқан қалайы кружкені ұсынды. Мұнысына да рахмет. Рысқұлов Ескендірдің басын көтеріп, кружкені ерніне тақады. Домбыққан дөңбек ерін көндіге қоймады. Дымқыл тиген соң, қан қатқан ерін бірте-бірте жіпсігендей болды да, сызықтап бірер тамшы су таңдайына әрең жетті. Рысқұлов қоярда-қоймастан тағы да тамшылатты. Ескендірдің көзі ашылайын деді. Судан шамалы жұтып, уһ деді. Қанша өлімші етсе де жас емес пе, беті бері қарап, тіріле бастады.

Суды сыздықтатып түгелге жуық ішкізгенде Ескендір басын көтерді.

– Әке, бұлар менен Павлик Морозов жасағысы келді, көріп тұрсың ғой, мен көнбедім. Сен де шыда.

Бар сөзі осы болды. Көп сөйлеуге әл-дәрмен жоқ. Рысқұлов баласының басын кеудесіне қысып, шашының әрбір талынан сүйіп, мұндай адал перзент бергеніңе тәуба деп тағдырына тауфих етті.

– Мен өз әкемді көргендей болып отырмын, Ескендір, - деді, - Рысқұл атаңды айтамын. Сол 1906 жылы ол екеуміз осындай тас камерада бірге отырғанда, ол мені құдды сен сияқты қайраушы еді. Осы уақытқа дейін менің мұқалмай келгенім сол қайрақтың қаттылығынан шығар. Қайрақ қатты болса, пышақ өткір болады. Енді міне, сен де мені қайрап отырсың. Әкемдейсің. Рысқұл өзі жоқ болса да көзі бар. Мың рахмет, ұлым. Ақылыма азық, бойыма қуат, жүрегіме жігер бергеніңе рахмет. Әйтпесе, мен әлгі Глебов иттің айтқанына көнейін деп едім. Мені ол төбет мұқалта алмас, бірақ сындырар. Сен аман қалсаң екен, Құдайым-ай. Сен тірі қалсаң Рысқұлдың рухы да, Тұрардың рухы да сөнбес еді. Ал сен жоқ болсаң, есіл Рысқұл да, мен де жоқпын. Тауыс - тәмәм.

Рысқұлов баласын бауырына қыса түсті. Осы қауышу арқылы өз жүрегін, өз жанын ауыстырып бергісі келгендей, құшағын жазбады.

– Мен осыдан мерт болсам, сен аман қалсаң, мен сенің көзің арқылы арайлап атқан танды, басын арай шалған асқар тауды, жасыл орманды, заңғар көкті, құдіретті күнді көрермін. Сен аман қалсаң, Ескендір, әйтеуір бір кезде Қазақстанға қайт. Алатауға қара. Түлкібас -Жуалы деген ел бар. Ол сенің ата - бабаңның бесігі. Ақсу-Жабағылы деген жер бар. Аршасын иіске. Әулие - Ата, Мерке деген шаһарларға тағзым ет. Ол менің балалық, жастық ғұмыр кешкен мекенім. Талғар деген апайтөс таудың бауырына барып түне. Ол менің кіндік қаным тамған жұрт. Сонда менің рухым да сенімен бірге болып, дүниедегі ең асыл, қымбат мекендерді көріп, мейірім қанар.

– Ескендір, естимісің, осыдан тірі қалсаң, Талас деген жерді тап. Таласты білмейтін қазақ жоқ - Бірақ екі Талас бар.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий