Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Жарылқаған екен. Жас әйелімен курортқа барады. Ал Соняға түрмеден жазған хатында: «Шешеңнің денсаулығы мәз емес еді...» - деп өтірік жан ашыған болады.
– Ол қайдағы хат? - деп таңданды Надя, -Қайдағы хатты айтып отырсыз?
Глебов артық кеткеніне өкінді. Рысқұлов түрмеде жатып, қызы Софьяға хат жазады екен, бірақ ол хаты Софьяға жетпей, «Рысқұловтың ісі» деген қалың папканың ішіне сүңгіп кетеді екен. Бұл сырды Глебовтың өзі айтып қойды. Мұны Ежов білсе кешірмейді.
– Жә, бұл басқа әңгіме. Енді негізгі мәселеге көшейік. Рысқұловпен бірге тұрған кезіңізде оның кеңес өкіметіне қарсы қандай әрекеттерін байқадыңыз - соны жасырмай - жаппай түгел айтыңыз. Сол арқылы сіз социалистік Отанға көмектесесіз. Оны біздің өкімет елеусіз қалдырмайды. Сізге лайықты қызмет, үй - жай беріледі. Қызыңыз қалаған музыка оқуына түсе алады. Тек, дұрыс түсініңіз: бұл Отан игілігі үшін керек. Рысқұлов сізді қорлады, енді есесін алатын кез келді.
Глебовтың «лекциясынан» кейін Надя қараптан-карап отырып, солқылдап бір жылады дерсің.
Глебов жақтырмай:
– Ей, қатын, неге жылайсың? - деді. Надя солығын баса алмай, орамалмен бет-аузын сүртіп, мүсәпір үнмен:
– Жәй әшейін, Құдайдың осыншама қиянатқа салғанына қорланамын, - дегені ғой. Дұрыс қой. Көңіліндегісін жасырмай, бүркемей айтты.
– Сені қорлаған Құдай да емес, біз де емес, Рысқұлов. Айт соның зиянкестік әрекеттерін. Сонда қорлық сезімнен арыласың. Сен ғой оған 1922 жылдың күзінде қосылдың. Ал айтшы, жездең Жанша Досмұхамбетов пен Рысқұлов не туралы әңгімелесуші еді? Естімеуің, білмеуің мүмкін емес қой екеуінің жымысқы әрекеттерін.
– Естідім, білдім, - деді кенет Надя ширығып.
– Айт, онда, - деп Глебов қуанып қалды.
– Айтсам, ол екеуі өнерді өлердей жақсы көруші еді. Рысқұлов мандолина тартатын, Жанша оған қосылып ән салатын. Оған менің әпкем Ольга Константиновна қосылатын. Ой, керемет кештер еді ғой сол...
– Сонда ол қандай әндер?
– Қандай болушы еді, адамға канат бітіріп, аспанға шарықтатып алып кететін ғаламат әндер.
– Мысалы?
– Мысалы, «Кешкі қоңырау», «Тәптиләу», «Айнамкөз...»
– Жарайды. Жақсы екен, - деп үзді Глебов. - Ay, енді ол екеуі ұдайы ән сала бермейді ғой. Ара-тұра өмір туралы, заман туралы шүйіркелеспей ме екен. Екеуі де саясаттың адамдары. Сонда олар ел басқарып отырғандар туралы айтпауы мүмкін емес кой. А?
– Азамат тергеуші, - деді Надя қолын кеудесіне басып. - Мені бекерге қинайсыз. Мен саясаттан мүлде аулақ адаммын. Сондықтан Рысқұлов кіммен не туралы сөйлесті - оған мән беріп, зер салып көрген емеспін. Сондықтан болмағанды болды деп, естімегенімді естідім деп Құдайға күнәкар болар жайым жоқ. Өтінемін сізден, қинамаңыз мені. Әрі десе, Рысқұловпен іргеміз ажырасқалы да көп заман өтіп кетті ғой.
– Міне, мұның жалған, - деп Глебов шақшия қалды. - Өтірік! Рысқұловтан іргең аулақ болса, оның отбасын неге үйіңе кіргіздің? Жас әйелінің соңынан түрмеге барып, тамақ тасып жүргеніңді біз білмейді дейсің бе? Неге аярланасың арсыз қатын? Намыс қайда? Өзің ұлы орыс нәсілінен бола тұра, байшыл - феодал Рысқұловтың көп қатынының бірі болуға, тіпті күңі болуға пейілсің. Осы да ақылға сыя ма?
Надя қайтадан қапаланып, көзіне жас алды. Беторамалын уыстап отырып, тіл қатты.
– Азамат тергеуші, адамның, айтқаны болмайды, Құдайдың дегені болады. Рысқұловқа тисем, маңдайдағы жазу шығар. Бірақ мен өкінбеймін. Ал ажырассақ – о да тағдырдың ісі. Соған бола, басына күн туғанда Рысқұловтың отбасына қол ұшын бермесем - менің «ұлы орыс нәсілінен» екенім қайда? Оның несі намыс. Нәсіл ауруына шалдықсақ - жетіскен екенбіз...
– Болды! - деп Глебов жазықсыз әйелді бетінен шапалақпен салып кеп жіберді.
Жалғанда жалғыз жары болған Рысқұловтан жемеген шапалақты қайдағы бір қанішерден жегені жанға батып, Надя байы өлген қатындай дауыс қылып, боздап ала жөнелді.
***