Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Аға, сый-сияпатыңызға, үлкен басыңызды кішірейтіп, мен сияқты елеусіз ғана, қатардағы бір қарындасыңызды мұнша күтіп, құрметтегеніңізге көп рахмет. Мына ғұмырда әлі де көрер сәулелі күндеріңіз мол болсын. Әрдайым жолыңыз оң болсын. Сіз үшін, аға, - деді.
Рысқұлов орнынан түрегеліп кетті.
– Ризамын, жаным, - деді.
Темір есіктің құлыбы салдыр-гүлдір етті. Рысқұлов көгілдір Көкшетаудан, жарқ-жұрқ еткен вагонның мамық креслосынан тас еденге бір-ақ құлап түсті. Көзін сипалап еді, алақаны жып - жылы жасқа шыланып шыға келді...
***
Бұл жолы олар Рысқұловты ұрған жоқ, соққан жоқ. Тек бір тас қараңғы қуықтай құдыққа түсірді де, темір қақпағын жауып қойды. Рысқұлов құдыққа кептеліп қалды. Тіпті мойнын бұрып, басын қозғалтуға да шамасы келмеді. Сәлден соң, дәл төбесі мұздай бір тамшыдан тыз ете қалды. Мірдің оғындай, сұп-суық тамшы тағы да тырс етті. Үшінші, төртінші, бесінші тамшы... Бір мақау сағат тырс-тырс етіп, дәл төбесінен, төбесіндегі орайдан ұрды да тұрды. Әуелі тұлабойы түршігіп кетсе де, бұдан өлмеспін деп ойлаған. Кейін - кейін бір сарынды жалғыз ғана тамшыдан зұлмат күшті сұрапыл соқты. Жалғыз тамшы. Көлемі көз жасындай ғана. Салмағы грамға да жетпес. Бірте-бірте сол тамшы гүрзіден де күшті сойқан соққыға айналды. Аяғы ала жіппен буылып, бауыздалайын деп жатқан лақ та тыпырлайды. Ал мұның тыпырлауға мұршасы жоқ. Әлдеқандай түйсікпен, қолын көтеріп, алақанымен басын бүркемек болып еді, кептеуден қолын шығара алмады.
Сөйтсе, кептеу құдықты да біреу әдейі ойлап тапқан екен. Адамды құдыққа тікесінен тік тастап жібергеннен кейін, ұраның қабырғалары қусырылып, пендені қол-аяғын, мойнын, басын тырп еткізбей қысып, құндақтап қояды екен.
Әр елде, әр заманда адамды азапқа салудың неше алуан түрін ойлап тапқан. Адамның Алла - Құдірет берген ақыл - ойы адамды жарылқауға емес, жазалап, азаптауға ауып кеткен сияқты. Кінәлі деп тапқан кісісін бағанға байлап қойып, астынан от жағып өртейтіндер бар. Ұрлық-қарлық қылғанды әуелі бір саусағын, қылмысты қайталаса, екінші саусағын, тағы қайталаса, бүкіл қолын шауып тастайтындар бар. Адамды терең зынданға тастап, аюға, арыстанға, жолбарысқа талататындар бар. Жерге қазық қағып, қазықты үшкірлеп, соған адамды артымен отырғызып, зомбылайтындар бар. Адамның екі қолын екі аттың, екі аяғын екі аттың құйрығына байлап, төрт атты төрт жаққа айдап паршалайтындар бар... Тағысын тағылар. Толып жатыр.
Ал адамды жарылқаудың түрлері қайсы? Есіңе бірден түсе де қоймайды.
Лубянканың жендеттері мына тамшы тәсілін өздері ойлап тапты ма, жок, әлде бұрыннан бар амал ма - оны Рысқұлов қайдан білсін. Бірақ шамада он-он бес минут өткеннен кейін шыдай алмай, шыңғырып жіберді. Небары он бес минут, небары құйтақандай, құмырсқадай тамшы. Соған да адам төзбей ме екен? Соған бола дардай кісі шыңғырып жібере ме екен? Бостандықта жүрген бейқам сорлы солай ойлайды. Кім де болсаң басына оны бермей-ақ қойсын. Өзіңе тілемегенді өзгеге де тілеме деген Ұлы Кітапта. Ал Лубянканың женденттері Ұлы Кітапты жек көреді. Жамандық қылғанға жақсылық қыл дейді Ұлы Кітап. Ал атам қазақ тас пен ұрғанды аспен ұр дейді. Шындық қай жақта?
Әуелгі тамшы Рысқұловтың төбесіне мұп-мұздай болып, инедей қадалған. Мұздай тамшылардан ә дегенде басы да мұзға айнала бастаған. Қорғасындай ауырлаған. Егер құдық - қалып тіреп тұрмаса, ол бас ендігі кеудесіне сылқ құлап түсер еді. Құдық - қалып тіреп тұр. Рысқұловтың әлі сөне қоймаған санасы сезеді: миы да мұздап, қата бастағанда миының қылдай нәзік тамырлары шытыр-шытыр сынып жатқандай көрінді. Көзі шатынап, шарасынан шығып бара жатқандай қан қақсап ауырып, көз тамырын біреу қышқашпен тартып, суырып жатқандай болды. Солқылдата суырды. Екі шекесі, маңдайы тырсылдап, бас сүйекті кернеп кеткен ми, енді сүйекті сындырып, атылып шығатын сияқтанды. Аязды түнде, шелектегі су, мұзға айналып, темір шелекті кернеп кеткені сыман.