Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Өзі жасында жоқшылықты, жетімдікті көп көрген адам, мына қыздың жағдайын түсінеді. Қыз оған кедейшілігін айтып шағынып отырған жоқ, бір көрген адамнан көмек те тілеп отырған жоқ. Үлкен кісі жағдай сұрап отырған соң, жасырмай шынын айтқаны. Сонда Рысқұлов бұларға қалай қол ұшын берем деп ойлады. Әй-шәй жоқ, мен сендерге жәрдем беремін деп айтса, әсіреңкілік болады.
– Ағай, мен сізден қайыр тілеген жоқпын, - десе, не бетін айтады.
Рас, Рысқұлов қызмет басында отырғанда мың - мыңдаған адамға көмегі тиді. Әлі күнге дейін студенттер, кемтарлар, бұған арыз айтып, жәрдем тілеп жатады. Алды ашық адам олардың бетін қайтарған емес. Кім көп, Рысқұловтан жақсылық көрдік дегендер көп.
Ал мына жағдай бір басқа. Бұл жол жіңішке, өте нәзік жол. «Маған ти, бай боласың» дей ме. Оспадарсыздық. Ожар қылық. Асылы, итке сүйек тастағаның жақсылық емес, сол сүйекті итпен бөліскенің жақсылық. Ал қалай бөліседі? Мәселе осында.
Басқаша айтқанда, бар болып, бай болып, кемтардың, яки жоқ-жұтаңның алақанына бір уыс талқан салғаның асып кеткен қайырымдылық емес. Өзің аш отырып, қолындағы жарты жапырақ нанды өзіндей аш пендемен бөліскенің адамгершілік. Шын жақсылық сол деседі. Рысқұлов қазір жарқ-жұрқ еткен вагонда отырғанмен, ол оның өз жекеменшігі емес, мемлекеттігі. Ал өзінде асып-тасып бара жатқан байлық та жоқ. Сол қолда барының өзінен мына қызға: «Мә, шырағым, студент екенсің» деп қалай ұсынады. Рабайсыз әрекет.
Жас шағынан аралары алшақтау ер кісі мен бүлдіршіндей қыздың арасын не жалғамақ? Қандай дәнекер бар? Ол тек көңіл шығар. Ол тек сезім шығар. Сенің өкіметтігің, сенің дүниең бұл күрделі іске дәнекер бола алмайды. Қыз болса, әлі есік көрмеген, бесік көрген. Ал Рысқұлов бір емес, екі әйелмен отандасқан кісі. Оны қайтіп жасырады? Жасыруға келмейді. Екеуінен екі бала бар, бірі ұл, бірі кыз бала. Көкірек шіркін текірек тепкенмен, осындай - осындай оспақтар тосқауыл емес пе? Ал Мұхаң, Мұхамеджан Тынышбаев: «Саған тиген қазақтың қызының маңдайының ырысы бес елі» деп дес бермейді.
Пойызбен пәленбай күн жүріп, алыстан ат арытып, арындап келген көңіл дәл қазір осыны ойлағанда: «Менің мұным қай желіккенім?» - дегізгендей де болды.
Бірақ қыз мұны көріп, шошып кетіп, шоршып түскен жоқ. Өте инабатты. Өте көргенді. Әдептен озбай, дарақыланбай, бірақ бұйығы болып, сөзден де тосылмай, шешіліп әңгіме айтып, сұрағына қарай жауабын беріп, өз қадірін өзі сақтап отыр.
– Шырағым, Әзиза, міне екеуміз түн жамылып оңаша отырмыз, - деді Рысқұлов жеңіл шарап құйылған хрусталь бокалды қолына ұстап. - Менің кім екенімді де білмейсіз. Сөйте тұра, жатсынбай, жатырқамай келіп, дастарқанымнан дәм татып отырғаныңызға дән ризамын. Тәңірім, сізге ылғи да жақсылық беріп, жарылқай гөрсін. Сіз үшін! - деп бокал түйістіргенде, хрустальдар сыңғыр - сыңғыр ән салғандай болды.
– Кешіріңіз, мен сізді білемін, - деді кенет Әзиза. - Әкем марқұм, ұдайы аузынан тастамай айтып отыратын.
Қазақтан шыкқан нағыз қайраткер деп сүйсініп, бауырымыз ғой деп мақтанатын. Сізді көргеніме, дәмдес болғаныма мен де қуаныштымын.
– Ой, жаным, мың жаса, көп рахмет! - Жақсы сөзге жан семіреді. Рысқұлов лезде қанаттанып, жабырқаулау көңілі жадырап, аруақтанып шыға келді. Адам байғұстың бақытты бола салуы үшін көп те керек емес қой. Қырық құрау көңілді жамай салса - соған мәз. «Мені білген, соны балаларына айтып, құлағына салған әкеңнен, әкеңнің аруағынан айналайын!» - деді ішінен. - «Әттең, сол Түбекең тірі болса ғой», - деп те қойды. Шарапты тіпті бұл жолы түбіне дейін алып жібергенін де байқамай қалды. Ал Әзиза болса, бокалға ернін тигізіп қана, ханнан туған ханзададай болып, сыланып отыр.
– Алмадыңыз ғой.
– Ішпеуші едім, аға, ренжімеңіз.
Рысқұлов әлдекімдер сияқты өңмеңдеп: «ал - алға» басқан жоқ. Зорлыққа жаны қас еді. Осы отырғанның өзіне жаны жадырап, көңілі шала мас еді. Сонда да ырымын жасап, шампаннан қыздың бокалына жаңалап бір - ер тамызып қойып еді, енді бокалды Әзиза көтеріп: