Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Моңғол Халық Республикасының Конституциясы қабылданды. Соны жазуға көп күш жұмсадым...
– Жә, болды. Бәрін істеген сен екенсің ғой. Әйтпесе Моңғолияның беті бері қарамайтын болғаны да.
Олай болуы да мүмкін еді. Өйткені жаңа Моңғолияға қарсылар да табылды. Моңғолияның астанасын Қызыл Батыр - Ұлан Батор деп атауға ұсыныс жасаған да мен.
Жетті. Желпіне берме, - деп Глебов орнынан тұрып, орындықты теуіп кеп жіберді. Қу ағаштың жазығы не? Парашаның қаласына барып құлады. - Сен өйтіп Монғолияны жарылқамай-ақ қой. Онан да сол Моңғолияны Қазақстанмен, Түркістанмен қоса Жапонияға қалай сатпақ болғаныңды айт.
– Қазақстан мен Түркістанның басын ауыртпа, - деді Рысқұлов жана жаланың төніп келе жатқанын бірден сезіп. - Ал Моңғолияны Жапонияға сатқысы келгендер шынында болған. Ал мына мен солармен күрескенмін. Екеуі екі басқа әнгіме.
– Міне, бұл екіжүзді суайттың сөзі, - Глебов мекірене күліп қойды. - Айталық, шынында да Коминтерн сені Моңғолияға игі істер үшін жіберді делік. Ал сен сол Моңғолиядан әрі өтіп, Қытайға не үшін бардын? 1924 жылы қазан айының оны мен он үші арасында қайда болдың? Есіңнен шыға қоймаған шығар?
– Иә, рас. ОГПУ - дің адамдары жұмысты жаман істемейді. Сол күндері Маньчжурияның шекарасында болғаным рас. Қасымда Моңғолияның премьер-министрі Церен - Дорж, әскери және сыртқы істер министрі Чойбалсан болғаны да рас. Бірақ біз Моңғолияны Жапонияға сату үшін емес, болашақ Монғол Халық Республикасының шекарасын қауіпсіздендіру үшін бардық.
– Үлкен-үлкен есімдерді атадың. Бірақ олар саған қорған бола қояр ма екен? Церен - Дорж қазір дәл өзің сияқты түрмеде отыр. Ал сені де, Церен - Доржды да әшкерелеуші Чойбалсан өкімет басында. Чойбалсан әшкерелесе, қайда барып құтылмақшысың, сорлы. Осыны ойладың ба?
Сорлы дегені өтіп кетті. Тіпті жетім бала болып, кісі есігінде жүргенде де естімеген қорлық сөз. Бұл Рысқұловтардың намысына тиіп, шыдамнан шығарамын деген арам пиғылың болса, осылай тілде. Қазір де Рысқұлов сабыр тізгінінен айырылып қалып:
– Куәгерің Чойбалсан екен, алдыр сол Чойбалсанды, мойныма қойып берсін, - деді.
Глебов жексұрындау дауыспен қарқылдап тұрып күлді. Қарсыласты жеңудің, жүйкесін жүндей түтудің бір пасық амалы - дарақы күлкі. Глебов онымен де қоймай тағы да:
– О, сорлы, - деді, - Чойбалсан кім, сен кім? Чойбалсанның бір ауыз сөзі жетіп жатыр. Ол оны айтты да. «Рысқұлов дегендерің Жапонияның шпионы, мен оны білемін», - деді. Солай деп Кремльдің өзінде айтқан. Ал оның Кремльде кіммен сөйлесетінін сен білуге тиіссің.
– Ол мүмкін емес, - деп Рысқұлов дау айтпақ болды. Бұл дауының далбаса екеніне, дау айтып, жөн сөз айтып, мынаны иліктіре алмайтынына, жала дегеннің шегі жоқ, түпсіз екеніне енді көзі жетіп, жігері құм болды. - Онда Чойбалсанның өзі де шпион. Өйткені Қытай шекарасында бірге жүріп, бірге тұрдық.
Асылы мұндайда тілді тістеп, мылқау болып қалғанның өзі артық. Қазір Рысқұлов шын айтса да, ашумен айтқан бір сөзі таяқ болып тиіп, басына сарт ете қалды.
– Әб, бәлем, - деді Глебов қуанып кетіп, - енді сен тәуелсіз бір мемлекеттің, бізге дос мемлекеттің басшысына тіл тигіздің бе? Нейман! Жазып қой! Басқаның бәрін сызып тастағанда, тек осы сөзін үшін ғана атыласың, иттің баласы!
Глебов әуелі «иттің баласы» деп Рысқұловтың ұлы Ескендірді тілдеп еді, енді өзін боқтады. Мұндай қорлыққа Ескендір шыдамаған жерде әкесі қайдан шыдасын!
– Әкеме тіл тигізбе, сволочь! - деп Рысқұлов қайда отырғаны есінен шығып, шапши түсті.
Сол - сол екен, Глебовтың көзі тұзданып, екі беті талақтай ісініп, терісіне сыймай тырсыңдап, сөз айта алмай тұтығып тұрып - тұрып:
– Б – б - баста! - деді босаға жақтағыларға ақырып қалып.