Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Адамдарды мәңгүрт жасаудың бұл тәсілін НКВД білмейді деп айту да қиын. Оның білмейтіні жердің астында. Мүмкін, ол бұл әдісті әлсіз, әлжуаз санауы. Одан да сорақы, сойқандары бар емесіне кімнің көзі жетеді? Батыстың бір газеті Гитлер өз жауларын жазалау үшін, НКВД – нің тәсілін үйреніп жүр деп бекер жазбаған шығар. Қандышеңгел қатыгез Гитлердің өзі үйренсе... онда Глбовтарға ақыл айтып керегі не?
***
– Гуниб тауына шығып алып, Қорықмасов екеуің Шамильдің әруағына арнап дұға қылғандарың рас қой? - Глебов бұл жолы күтпеген қырдан соқты.
– Шамильді еске алғанымыз рас, бірақ дұға оқыған жоқпыз. Білмесек, несін оқимыз?
– Мұсылман емессіңдер ме? Неге білмейсіңдер?
– Біз орыстанған мұсылмандармыз. Дұға білмейміз.
– Міне, тағы да жалған айттың, Рысқұлов. Сен тіпті Түркістанда
– Мұсылман партиясы», «Мұсбюро» дегенді де құрған жок па едің? Сол үшін Сталин жолдастың өзі саған жазбаша ескерту жасамап на еді?
– Дұрысы: РКП(б) - ның мұсылман бюросы. Ол коммунистер партиясы. Оның дінге қатысы жоқ.
– Ал Түрік партиясы ше? Сен құрған Түрік партиясы, Түркі Республикасы - ол не?
Рысқұловтың алдынан сан рет шыққан сұрақ. Сан рет түсінік те берген. Түсіндіре алмайды. Түсінгісі келмейді. Түркістанды түрік тілдес халықтар мекендейді. Түрік деген атаудан неге қорқасыңдар дейді. Түсінбейді. Түрік деген қазіргі Түркия емес. Қазіргі Түркия сол баяғыда өткен Ұлы Түрік мемлекетінің бір сынығы ғана. Ұлы Түрік мемлекеті - өлген бура. Өлі бураның бас сүйегінен тірі атаңдар неге үркеді? Түсінбейді.
Түсіндіре алмайды. Түрік деген сөз бәріне құбыжық көрінеді.
– Солай атау керек болды, - деді Рысқұлов біртүрлі құлазып.
– Жөн - жөн, - деп Глебов құнжындап қалды. Бұл Рысқұловтан алған тұңғыш «оң» жауабы еді. Нейман да асығыс жазып, қағазға түсіріп жатты. - Ал, алғашқы әңгімеге қайта оралайық.
Гуниб тауының басында Қорықмасов екеуің Шамильдің аруағын атап тұрып, не деп анттастыңдар?
– Анты несі? Қандай ант? Біз бозбала Герцен мен Огарев емеспіз ғой, Воробьев тауына шығып алып, патшаны құлатайық, елге бостандық алып берейік деп анттасатын.
Глебов өз сұрағына өзі өкініп қалғандай болды. Қайдағы Герцен мен Огарев туралы сайрап кеткен Рысқұловтың тапқырлығынан өзінің өресі төмен екенін амалсыз мойындап, пұшайман хал кешкендей Нейманға қарады. Ал Нейман білімді. Ол жауапқа ішінен сүйсініп, күлімсіреп қойды. Алғырлыққа алғырлық таныта алмаған жендет, әрине, ашуға басады. Ол өшін дүлейлікпен алады.
– Сен өйтіп бұлталақтатпа, кәззап! Сонда, Гуниб тауында Түркия жаққа қарап тұрып, қол жайғандарың қайда? Түркия арқылы Англия мен Германияға сыйынып, Кеңес өкіметіне қарсы жасырын әрекет жасамақ болғандарың қайда? Ол не, ант емес пе?
– Сандырақ! - деді Рысқұлов. Глебов өңкиіп түрегелді.
– Ұра бер! - деді Рысқұлов. - Ұрғаннан басқа қолыңнан не келеді?
– Қателесесің, Рысқұлов, - деді Глебов кенет мырс етіп. - Саған енді қол былғамаймын. Біліп қой. Бірақ басқа амал табылады. Әбден табылады. - Шақыр Қорықмасовты! - деп айдауылға арс етті.
Енді Рысқұлов тосылды. «Бұл ит Қорыкмасовты сындырған екен ғой, - деді. - О да баяғы Сұлтан - Ғалиев сияқты сынған екен ғой. Соның аузымен мені кінәламақ қой. Қайран Қорықмасов».
Қолы кісендеулі Қорықмасов кірді. Қорықмасов екенін күні бұрын білмесе, Рысқұлов оны танымас еді. Ал Қорықмасов Рысқұловпен беттесуге келе жатқанын білмесе керек, бір дегеннен тани алмады. Тосылып тұрып-тұрып, әлден уақыттан соң:
– О, Тұрар! Бауырым, армысың, - деді. - Сені де қорлапты ғой, көпей оғылдары.
– Молчать! - деді Глебов. - Жабайылар тілінде сөйлесуге рұқсат жоқ.
Қорықмасов Нейманға бұрылып:
– Мына сөзін жазып қойыңыз, - деді. - «Жабайылар тілінде сөйлесуге рұқсат жоқ!»
– Молчать!
Глебов үстелдің үстіндегі папкадан қағаз алды. Оқи бастады: