Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– А - а, есінде қалмаған. Жөн - жөн. Есінді түзеу керек. Есіңе сонда түседі. Рысқұлов, сен монтаны бола қалма. Сенің зымияндығыңа найза бойламайды. Бәленің бәрін жүз жыл бұрын ойлайсың. Сонау 1922 жылдың өзінде сен Германияға шпиондардың ұрығын сепкенсің. Соның бірі Вели Каюм. Сен сонымен байланыс жасап тұрасың.
Қасқабас полковник шіреніп орнынан тұрды. Жалпақ белдігіне қос қолының саусақтарын қыстырып алып, хром етігі жалтырап, үстелден бері шықты. Рысқұлов оның жақындағанынан жақсылық күтіп тұрған жоқ. Соққы жейтінін сезеді. Азап. Азапқа өзін -өзі іштей дайындады. Көп болса, өткен жолғыдай ұратын шығар. Анау тағалы етігімен тебетін шығар. Шыда деді, жанды жерден тиіп, кеудеден шыбын шықпаса болды, басқасы түк те емес деді. Дегенмен, қасқабас полковник бетпе-бет таяп келгенде тұла бойы дір етіп, сәл сәтке түршіккендей болды. Тергеушінің демі де білінді. Аузынан ашқылтым, жағымсыздау иіс шығады. Сірә, арақ ішіп, ащы капуста, не тұздалған қияр шайнаған болуы керек. Рысқұлов еріксіз басын кегжитіп алды. Пендеге шікәмшілдік не керек? Пенде басымен жиіркеншек. Соны сезе қойғандай, Глебов та жазасын берді-ау. Рысқұлов басын кегжиткенде иегінің астын ала дәу жұдырықпен періп кеп жіберіп еді, байғұстың басы қабырғаға сарт ете қалды. Шүйдесінен соғылды. Онсыз да буалдыр жанар қарауытып қоя берді. «Ештеңе етпейді, - деді ішінен. - Шыда, шыда».
Жақсы бар, жаман бар. Тұщы бар, ащы бар. Тағдыр саған екеуін де аямай-ақ берген. Шыда. Тозақта бұдан да зоры болатын көрінеді. Адам сол тозаққа шыдайды дейді. Несі бар, бұл әлі тозақ емес шығар. Шыда, қайран Рысқұлов. Бірақ адалдығың үшін қайыры азаптан болар болса, адалдық не керек? Дүниеде қиянаттан асқан озбырлық бар ма екен? Сен ақсың, оныңды өзің жақсы білесің. Бірақ сен қарасың дейді. Сен ақ екеніңді дәлелдей алмайсың. Дәлелдейсің, әрине. Бірақ сенің ақ екеніңді біле тұра, білгісі келмесе қалай болады? Оның атын не дейді? Міне, дүниедегі сұрапыл сұрақ!
– Айт, сатқын төбет! Вели Каюмнен қандай хабар алып тұрасын? Кім арқылы байланыс жасайсың?
– Вели Каюм? Қайдағы Вели Каюм?
– Вели Каюм! Сен 1922 жылы Берлинге апарып тастап кеткен Вели Каюм. Түркістанды Германияға қаншаға сатпақ болдың, айуан? Айт! Фон Розенбергтен қанша хат алдың, айт?
– Фон Розенберг? Ол кім ол?
– Білмегенси қалады, оңбаған! Мә! Мә! Мә!
Рысқұлов еденге құлап түскеннен кейін де Глебов оны тепкілегенін қойған жоқ. Қарсылығы жоқ, қаруы жоқ адамды былш-былш тепкілеген сайын жаны рахаттанып бара жатқандай, Глебов жаныға түсті.
Нейман шыдай алмай, терезенің алдына барып, теріс қарап тұрды.
Егер Глебов, қызыл бет, қасқабас Глебов қолына қазір пышақ алып, Рықұловтың қолын бір бөлек, аяғын бір бөлек кесіп алып қанын сорғалатып, етін жеп отырса, түк те таң қалудың керегі жоқ. Дүниеде осындай да адамжегіш адамдар болады. Олар әйел сүюден, бала сүюден еш ләззат таппайды.
Олар адам етін жеуден, яки ұрып-соғудан, адамды мейлінше қорлаудан рахат табады. Адамзат сорлының осындай да сорты болады. НКВД Глебовты қалай тапқан десеші?
Бірақ қазір Глебовтың құмары қанбай тұр. Глебов өз құрбанының жаны азапқа түскеніне сүйсінеді. Ол үшін тұтқын шыңғыруы керек, ыңырсуы керек, жылауы керек, жалынып -жалбарынуы керек, Глебовтың аяғына жығылуы керек. Қанша тепкілеп жатса да, Рысқұлов оның бірін де істемеді. Қыңқ деп дыбыс шығармайды. Жансыздан жаралған тұлып қап сияқты.