Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Дұрыс, - деді мұғалім. Бірақ «дұрыс» дегеннен басқа ештеңе айтпай, Ескендірге біртүрлі мұңая қарап, тұрып қалды. Ескендірдің әкесі түрмеде отыр. Оны мұғалім біледі. Жұрттың бері біледі. Өйткені газеттер жабыла жазып жатыр. «Жау» деп жатыр. Ал мынау сол «жаудың» баласы. Өте жақсы оқып, алтын медаль алатын кандидаттар қатарында жүрген. Енді бұған алтын медаль бұйырмауы да мүмкін. Мектеп директоры таяуда педсовет өткізіп, «халық жауларының» балаларына қатал болуды ескертті.
– Тағы не айтасың, Ескіндір? - деді, Элеонора Давидовна шәкіртінің соңғы сөзін тыңдап тұрғандай қайғылы үнмен.
– Тағы айтарым: бұл үш көсем бірін-бірі жалмап қойды, - деді Ескендір Рысқұлов. -Дантон мен Робеспьер Маратты құлатты. Келесі кезекте Робеспьер Дантонды өлтірді. Ақыр соңында Робеспьердің өз басы гильотинаға түсті. Бұлар осылай бірін-бірі жайратып жатқанда, кішкентай генерал Наполеон Бонапарт шыға келді.
– Жарайды, отыр, - деді мұғалім баланың жауабын асығыс тоқтатып. Неге сескенгені белгісіз.
Элеонора Давидовна өңі өзгеріп, кәдімгідей қорқып қалды. Неге екенін, тек шамалауға болады. Тарих кейде бір-біріне ұқсап жатады. Айталық, дәл қазір КСРО деген ұлы елде де сондай бір жағдай болып жатқан жоқ па екен? Ленинді өз ажалынан өлді деп жүр. Күмәнді болса да, мейлі, солай-ақ болсын. Зиновьев пен Каменов қосылып, Троцкийді елден аластатып жіберді. Ал Бухарин Зиновьев пен Каменевты тобықтан қағып түсірді. Сөйткен Бухарин енді тас қапаста отыр. Солардың, сол арқарлардың көлеңкесінде елеусіз ғана жүретін, аласа бойлы сүр шинельді адам...
Осылай ойлаудың өзі қорқынышты. Онсыз да өзінен-өзі абдырап тұрған мұғалім кенет есік серпе ашылып, алқын-жұлқын болып директордың өзі кіріп келгенде, мүлде тілі байланып қалғандай болды.
– Элеонора Давидовна, кешіріңіз, - деді сасқалақтаған директор қоңқақ мұрнының үстіндегі көзілдірігі секеңдеп. - Рысқұловты сабақтан босатыңыз. Керек...
Содан соң директор мелшиіп қалған мұғалімнің рұқсатын күтпей-ақ, Ескендірге қарап:
– Кәне, Рысқұлов, жүре ғой. Портфеліңді де ала жүр, - деді.
Класс, үрей жайлаған класс, жым-жырт. Бұлар есі кіріп қалған балалар. Бәрін де түсініп қойды. Ескендірмен парталас қыз оның қолын ғана сипалады. Сөз айта алмады.
Тек кластан шығарда ғана, Ескендір Рысқұлов артына бұрылып қарап, он жыл бірге оқыған жолдастарына үн-түнсіз қол бұлғады. Содан соң кластың қабырғасында ілулі тұрған Сталиннің суретіне қарады. Сталин азиялық бір кішкентай қызды құшақтап, күлімсіреп тұратын. Өзгермейтін. Ұдайы күлімсіреп тұратын. Мына отырғандардың бәрі қиялдап, кішкентай Мамлакат дейтін қыздың орнында мен болар ма едім деп армандайтын. Сталин барда кеңес елінде бірде-бір баланы ешкім шекесінен шертпейді. Кеңес балаларынан бақытты ешкім жоқ.
Содан қайтып Ескендір үйге оралған жоқ. Үй дейтін үйі де жоқ қой. Сол баяғы өгей шешесі Надежда Константиновнаның пәтерін паналап қалмап па еді? Надяның тар құжырасына бәрі бірдей сыймайтын болған соң, Әзиза шешесімен, Сәулесімен Түйметайдың үйін жағалады. Бұта қорғалаған торғайдай әркім әр жаққа кетті.
Ал Ескендір болса... сол Глебовтың алдынан бір-ақ шықты. Глебов бірден дүрсе қоя бермей, әуелі жылы-жылы сөйлесті.
– Сабағың қалай? - деп қойды. - Мектеп бітірген соң қайда бармақсың? - дегенді айтты. Тіпті: - Чекист болғың келмей ме? - деп те сұрады.
– Менен чекист шыға қояр ма екен, - деді бала қабағы салбырап. Есі кіріп қалған ғой, тегін келіп отырмағанын түсінеді.
– Неге? Неге сенен чекист шықпасқа? - Глебов «Казбек» папиросын алып тұтатты. -Шегесің бе? - деп қорапты Ескендірге қарай жылжытты.
– Жоқ, темекі шекпеймін.
– Ал айтшы, неге сенен чекист шықпайды?
– Оны өзіңіз де біліп отырсыз ғой. Менің әкем ұсталды емес пе?
– Иә, оны білеміз, білгендіктен де айтып отырмын. Түсінесің бе?
– Жоқ, түсінбедім.
– Түсінбесең, айтайын, - деп Глебов түтінді будақтатып, балаға қарай үрлеп жіберді. -Павлик Морозовты естуің бар ғой.
– Иә.