Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Енді Глебовқа Рысқұлов тесіле қарады. Үн қатпастан, көздер мен көздер арбасып көп отырды. Глебовтың көзі - атылатын мылтықтың аузындай сұп-суық, Рысқұловтың көзі -түпсіз терең азап пен қасірет тұңғиығы. Кінәлі көз болса - қипақтап кетер еді, шыдай алмай тайқақсып, жыпылықтар еді. Тұңғиыққа тас тастап жібермесең осылай мызғымай, ұлы қасіреттің уытын шашып, қара тас болса да жүрегіңді шымырлатар түрі бар. Глебов шыдай алмай:
– Айтыңыз! - деп арс етті.
Қабаған итке тас лақтырсаң өршелене түседі. Мұны Рысқұлов бала күнінде талай көрген. Көрші ауылдағы Нұрсалы деген кісінің иті абалап тұра ұмтылғанда, басқа балалар бытырай зытып берді, бұл тапжылмай тұрып қалды. Итте де иман жоқ екен, тайсалмай тура бетіне шапшығанда бұл қос қолымен ақсиған азудан алып, қасарысты да қалды. Сөйтіп, сол алақанының қалың еті жалбырап шыға келді. Ахат атасы киіз күйдіріп басып, жол – жапырақ таңып, жалбыз тағып, әрең жазып алып еді. Содан алақанында ұзыннан-ұзақ тыртық қалды. Алақанның сызығы – адамның тағдыры, өмір жолы десіп жатады. Ол сызық туасы бітеді. Сол туасы біткен сызыққа қабаған иттің өткір тісінің тыртығы қосылды. Бұ да болса нышан шығар. Бұл ғұмырда Рысқұловқа қабаған төбеттер көп кездесті. Көп қапты. Енді мына Глебов...
– Айтыңыз! - деп арс етті.
– Мен араңдатқан сұраққа жауап бермеймін, - деді Рысқұлов сабырмен.
– Сіз, мүмкін, бізді менсінбейтін шығарсыз, мүмкін, біз сіздің тақияңызға тар келетін шығармыз? Мүмкін, сіз Мемлекеттік айыптаушы Вышинский жолдастың өзі жауап алғанын қалайтын шығарсыз? Асықпаңыз. Вышинский жолдас сізді ұмытқан жоқ. Уақыт келеді. Ал біздікі - алдын ала тергеу. Түсіндіңіз бе? Алдын ала тергеу. Предварительное следствие!
Глебов жауап күтіп, безірейді де қалды.
– Мен әуелі не үшін тұтқындалғанымды білгім келеді. Маған қандай айып, қандай кінә тағылмақшы? - Рысқұлов та жауап күтті.
Глебов басын шайқап, бір езулей мырс етті де:
Сендердің бәрің бір қалыптан шыққан сияқтысыңдар. Сіздің пікірлес, рухани туысыңыз Рыков та дәл осылай деп еді. «Не үшін? Қандай кінәм үшін?» Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Рыков та осында отыр. Білетін шығарсыз. Не үшін отыр?
Мен білетін Рыков адал адам. Лениннің серігі. Одан жау іздеу - қараңғы үйден қара мысық іздеу, тіпті сол мысық мүлде жоқ болса да...
– Оһо! - деді Глебов қасын керіп. - Сіз философиямен де айналысады екенсіз ғой. Жөн -жөн. Ал осында Бухарин де отыр. Нышинский жолдастың сөзімен айтқанда, «түлкі мен шошқаның дүбәрасы». Міне, сол «түлкі мен шошқаның дүбәрасы» да жауап алған сайын Гегельден соғады да отырады. Біз Гегельдің кім екенін білмейтіндей. Білеміз Гегельді. Буржуазияның асыранды төбеті. Ал сіз болсаңыз, азиат екеніңізді танытып, Конфуцийдің әруағын қозғап отырсыз. Білімдеріңді көрсеткілерің келеді. Сол білімді адал іске, Сталин жолдас бастап орнатқан социализм ісіне жұмсасаңдар ғой. Ал сендер сол орасан күшпен орнатылған социализмді құлатуға тырысып, жанталасып жүрсіңдер.
– Түсінікті болды, - деді Рысқұлов.
– Не түсінікті?
– Менің не үшін отырғанымды айтып қойдыңыз. Ал енді бұл, кешіріңіз, азамат тергеуші, нағыз барып тұрған сандырақ. Рысқұлов, мына Рысқұлов, бүкіл саналы өмірін социализм үшін сарп еткен Рысқұлов, енді сол социализмді құлатпақ па?!
– Ол аз болса, КСРО-ны құлатып, Орта Азия мен Қазақстанда «Ұлы Түркістанды» орнатпақ. Ол аз болса, баяғы - баяғы ұлы Тұран мемлекетін қайта құрмақ. Дәл түстім бе?
Глебов өзінің тапқырлығына өзі мәз болып, кеңк-кеңк күлді. Жанында қағаз жазып отырған жылмақай жирен шаш Нейман, төрең соқыр болса, бір көзіңді қысып отыр дегендей, о да күлді де:
– Рас-ау, - деп қойды.