Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Мені сыртымнан шығара алмайды. Ондай Заң жоқ
– Заң жөнінде мұндағылар сізден ақыл сұрай қояр ма екен?
– Менің тағы бір өтінішім бар.
– Айтыңыз, - деді Нейман ықылассыз.
– Маған орталық газеттерді беріп тұрса болар еді.
– Оны қайтесіз?
– Оқимын.
– Не үшін?
– Кеңес өкіметі орнында ма, жоқ па - соны білу үшін.
Нейманның сарғыш көзі шақшиып кетті.
– Не сандырақтап тұрсыз?! - Дереу сөзбе-сөз қағазға түсірді.
– Сандырақ емес, күдік. Кеңес өкіметі үшін бар ғұмырын сарп еткен адамдар шетінен қамауға алынып жатса, сонда көңілге күдік кіре ме, жоқ па?
Нейман жауап берген жоқ. Рысқұловтың аузынан шыққан сөзді қағазға түсіріп болып:
– Енді мынаған қол қойыңыз, - деді.
***
Камераға қайтып келген соң Рысқұлов әлгі Нейманның айтқандарын сөзбе-сөз еске түсіруге тырысты. «Иттихад ва Таракки» дегенді әкеліп жапсырмақшы. Мунавар Кары дегенді талай естіген, бірақ сөйлескен адамы емес. Бұл не сандырақ сонда? Осыдан екі-үш жыл бұрын алыста, Москвада жатқан бұған Алматыдағы Жантоқов деген біреу республикалық газет арқылы тиіскен. Рысқұлов баяғыда «Шуро-и-исламия» партиясының мүшесі болған деп сандалыпты. Оған Рысқұлов сол газеттің өзі арқылы жақсылап тұрып жауап берген. Ал «Иттихад ва Таракки» дегенді, тіпті жалақор Жантоқовтың өзі де атамап еді. Енді алғашқы улы оқ болып сол қадалып тұр.
Рысқұлов тас қапаста осылай отыра берсін. Ойлансын. Ойлауға ешкім тыйым сала алмайды. Ал дәл сол мезгілде Сталин өзінің уәзірлерін шақырып алып, бәріне бір-ақ сұрақ қойды:
– Еге – е - ер, Жапония бізге соғы – ы - ыс аша қалса, сонда – а - а... жапондардан корейлерді қалай айырамыз?
Уәзірлері ойланып қалды. Ворошилов, Молотов, Каганович, Калинин, Берия, Ежов... Сұрақтың астары түсінікті. Қиыр Шығыста, кеңес жерінде де корейлер тұрады. Егер жапон соғысса, жапондарға түр-түсі ұқсас корейлерді абайламай атып аламыз ба деп қауіптеніп отырған жоқ Сталин. Корейлер жапондарға қосылып кетер деп отыр ғой. Жапонға да, корейге де араласы жоқ, олардың тілін де, дінін де, арман - тілегін де, қайғы -қуанышын да білмейтін уәзірлер тұқшиысып қалды. Сонда Берия шошаң етіп:
– Жапондардан корейлерді айыру оп - оңай, - дейді.
– Қалай? - дейді Көсем.
– Корейлерді көтере көшіріп жіберу керек.
– Қайда?
– Кавказға емес, әрине, Қазақстанға!
***
Тергеуге үшінші рет шақырылды. Бұл жолы Нейман жалғыз емес екен. Жанында қасқабас полковник отыр. «Төртінші бөлімнің бастығы Глебов», - деп таныстырды өзін. Үні өктем. Басынын қасқалығы болмаса, баяғы Ташкенттегі Успенскийге ұқсастығы көп екен. Бетіне біз тықсаң батпайтын, беті - бет емес, көн жапсырып қойғандай, жап-жалпақ, айыр иек. Мұрны қоңқақ. Көзілдіріктің ар жағынан жылан көз ызғар шашады. Нейман мұның қасында иманжүзді екен.
Успенский марқұм, Түркістан республикасында Ерекше бөлімнің бастығы болатын. Рысқұловқа істемеген бәлесі қалмаған Кушекин екеуі қосылып алып, көп қорлық көрсеткен. Ақыры өзі әшкереленіп, атылып кетіп еді.
Одан бері де он сегіз жыл өткен екен. Кім біледі... атылды деген Успенский әлдеқалай тірі қалып, енді Рысқұловтың алдынан шығып отырмасын. Он сегіз жылдың ішінде адам пішіні өзгеріп, шашы түсіп, қасқа бола салу қиын емес-ті. Фамилиясы... Фамилиясын өзгертіп алып жүргендер аз ба? Көсемнен бастап, көсемдерден бастап...
Жылан көз міз бақпастан, кірпік қақпастан Рысқұловқа ұзақ қарап, үнсіз отырды. Едәуір уақыт осылай үнсіз сұқ қадап болған соң:
– Ал, айыпкер, айтыңызшы, сіз неге менің көмекшім Нейманға жауап бергіңіз келмейді? -деді.